Basty bet
Тарихи орындармен танысып қайтты
Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырмасымен биыл жазда облыс көлемінде «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экспедиция өткізіліп жатыр. Аталған экспедиция Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Жастар жылына орай ұйымдастырылуда.
Жуалы ауданының жастарынан құралған экспедициялық топ жақында Шу ауданындағы тарихи орындарды аралап қайтты. Топты «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің қызметкері, «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының бөлімше басшысы Нұрдәулет Ерланұлы бастап барды. Экспедиция құрамында аудандық «Жайдарман» ойындарының президенті Қайсар Жанғалиұлы, аудандық пікірсайыс ойындарының үйлестірушісі Асылан Мұзафарұлы, жас ақын Бекболат Саматұлы, белсенді жас Ұлдана Өтемісқызы, жас маман Лаура Лесбекқызы, жас спортшы Самат Хамитұлы, «Zhas Project» жобасының жеңімпазы жас кәсіпкер Дидар Бағызбай болды.
Жастарымыз Шу өлкесіндегі «Ақтөбе Баласағұн» орта ғасырлық қалашығымен, «Жайсаң» ғұрыптық кешенімен және Төле би бабамыздың туған жерімен танысып, зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Тоғыз жолдың торабы болған Шу өлкесі ежелден-ақ отырықшы шаруашылық пен мәдениеттің жері болған. Соның алтын белгісі – орта ғасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы. Іргетасы сонау VI ғасырда қаланған көне қала әлі де зерттеліп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл қалада ғұлама ғалым Жүсіп Баласағұни дүниеге келген екен. Қаланы алғаш 1974 жылы Уахит Шәлекенов ашып, зерттеу жұмыстарын жүргізген.
Ақтөбе қалашығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ХІХ ғасырдың аяғынан басталып, күні бүгінге дейін үздіксіз жүргізілуде. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қалашықтың VІ-ХІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деген дерегі анықталып, қамалдар, мұнаралар, салтанатты сарайлар кешені, қақпа, монша, шеберхана және т.б. құрылыс қалдықтары ашылған.
Жуалылық экспедиция тобы Шу ауданының «Өлкетану» мұражайында да болды. Мұнда Баласағұн қалашығынан табылған көзе құмыралар, диірмен тастар, құман, тұрмысқа керекті ыдыс-аяқтар сақталған. Мұражайда тұрған құмыра ыдыстар құдды бір керемет шебердің қолынан шыққандай.
Іздене келе мынадай ақпаратқа тап болды: қиын-қыстау кезеңінде 1940-1960 жылдары Шу өңірінде өмір сүрген Нұржаубек Көшекұлы соғысқа бармай, халықтың қамын ойлап, зергерлік бұйымдар, сырға, сақина, алқа, ат әбзелдері, үзеңгі жасап, тіпті аң аулап сол ауылды аман алып қалған екен. Бұл өлкетану мұражайында сол кездегі бабамыз Нұржаубек Көшекбаевтың қолөнер бұйымдары сақталған екен.
«Жайсаң» түрік ғибадатханасы – Шу ауданындағы ерте орта ғасырлық түркілердің мәдени-ғұрыптық кешені. Бұл аймақтағы кешенді ескерткіштер тобын жерлеу орындары – қорғандар, қорғандардың маңында кездесетін ғұрыптық қоршаулар, балбал тастар, жартастардағы суреттер мен рулық таңбалар және қойтастарда кездесетін ойма жазулар құрайды. Ғұрыптық қоршаулардың әрқайсысының орта тұсында жарым-жартылай сындырылған, беттері шығысқа қаратылған балбалдармен стелалар орнатылған. Тас мүсіннің мойнында ірі тастардан алқа бейнеленген, сонымен қатар сырт киімінің жағасы мен кең келген жеңі, шығыс үлгісінде малдас құрып отырған бейнесі салынған. Оң қолында кубок үлгісіндегі ыдыс көрсетілген. Қоршаулардың ішіндегі ең көлемдісі құрылыстың шығыс жағында орналасқан
Жаңа заман жаңа дүниелерді талап етеді. Жастар өздері барған тарихи орындардың бәрінде мемлекеттің жасап отырған қамқорлығын анық байқалып тұрды. «Жайсаң» түрік ғибадатханасында мәдени-ғұрыптық кешенге сай QR коды бар тақтатас жасалған екен.
«Play Market» және «App Store» «Taraz tour» қолданбасын жүктеп, қалашық туралы керемет мәліметтер алуға болады. Бұл қосымша қалта телефоныңызда болса қасыңызда алып жүретін арнайы гидті де қажет етпейсіз.
Төменде көрсетілген ақпараттарды https://www.instagram.com/zhualyzhastary/?hl=ru әлеуметтік желісінде арнайы әзірленген бейнероликтерін тамашалай аласыздар.
Жуалы ауданының «Жастар ресурстық орталығы» КММ