Basty bet
Медицина қызметкерлерінің жауапкершілік жүгі ауыр
Коронавиурстық инфекцияның таралуына байланысты пандемиямен күресте аудандағы денсаулық сақтау мекемелерінің арасында шалғайда орналасқан Қошқарата дәрігерлік амбулаториясының қызметкерлері де болды. Амбулаторияға екі жылдан бері жас маман дәрігер Сұлтанмұрат Шерметов басшылық жасап келеді. Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің жалпы медицина факультетін бітірген жас маман «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 2018 жылдың қыркүйек айында Қошқарата дәрігерлік амбулаториясына аға дәрігер болып орналасқан.
Жалпы дәрігерлік амбулаторияға 1400 тұрғын тіркелген. Соңғы жылдары көшу үдерісінен Қошқарата ауылдық округінде тұрғындар санының азайып кетуіне байланысты 2021 жылы Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылының тұрғындары да Қошқарата ауылдық дәрігерлік амбулаториясының есебіне алынғалы отыр екен. Бұл жөнінде бізге аға дәрігер С.Шерметов айтып берді.
-Көпшілікке белгілі болғандай, Қошқарата ауылдық округінен аудан орталығына, басқа да өңірлерге көшіп жатқандардың саны едәуір артып отыр. Осыған байланысты ауылдық округте де тұрғындар саны кеми түсуде. Біздің есебімізше, шамамен соңғы екі жылда 50-60 тұрғын көшіп кетті. Сондықтан Рысбек батыр ауылындағы 300 тұрғынды біздің амбулаторияға қосымша беріп отыр. Округке қарасты Қызтоған және Ақтасты ауылдарында медициналық пункттер жұмыс істейді.
Пандемия кезінде біздің округте коронавирустық инфекция жұқтырған бір науқас, одан бөлек, сегіз адам пневмониямен ауырып, ем қабылдады. Науқастардың дені 40 пен 60 жастың аралығындағы тұрғындар. Коронавирус жұқтырған 1992 жылы туған азамат аты жаман ауруды Тараз қаласынан жұқтырып келген болатын. Оған дер кезінде ем тағайындалып, амбулаторлық ем қабылдағанның нәтижесінде науқас аурудан айығып кетті. Ал пневмониямен ауырған сегіз науқастың бесеуі амбулаторлық, үшеуі стационарлық ем қабылдап, жазылып шықты.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, қазіргі таңда ауылдық округте аты жаман індеттің алдын алу бағытында жұмыстар жасап жатырмыз. Амбулаторияда таңертеңнен түске дейін адамдар қабылдап, түстен кейін өзім бастап учаскелік медбикелер көше аралауға шығамыз. Тұрғындарды тексереміз. Сонымен қатар, тұрғындар арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың шарттарын түсіндіреміз. Атап айтар болсақ, дәрігерлік амбулаторияға тіркелген 1409 адамның ішінде 206 адам әлі медициналық тұрғыда сақтандырылмай отыр. Түсіндірме жұмыстарынан соң 32 адам қорға жарналарын төлеп, сақтандырылды. Біле білгенге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыстары адам денсаулығы үшін өте маңызға ие. Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Осындай қиын сәтте тұрғындар медициналық сақтандырудың шарттарын толықтай орындағандары абзал,- дейді аға дәрігер.
Қошқарата ауылдық дәрігерлік амбулаториясында аға дәрігерден бөлек бес орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Аға медбике Клара Сағымбекова осындағы білікті кадрлардың бірі саналады. Бірнеше жыл ауылдағы №9 Абай атындағы орта мектепте медбике болып жұмыс істесе, қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияда тер төгіп келеді. Одан бөлек, Нағитан Асылбекова мен Наргиза Әуелбек учаскелік медбике қызметін тыңғылықты атқарып отырса, осы салада жиырма жылдан астам уақыт тәжірибесі бар Ғазиза Оңалбекова акушеркалық міндетін жауапкершілікпен атқарып келеді. Ал Қызтоған және Ақтасты ауылдық медициналық пункттеріндегі мамандар Т.Науанова мен Б.Әзтаеваның да салада ұзақ жылдық тәжірибелері бар.
«Д» есепте артериалды гипертензиямен тұрған науқастардың саны 77 адамды құраса, қант диабетімен -3, онкологиялық аурулармен -2, тыныс алу жүйелері ауруларымен және бронхиалды астмамен -18, сондай-ақ, созылмалы жүрек жетіспеушілігімен 1 адам есепте тұрады. Науқастар тиісінше, әр үш айда бір мәрте тексерістен өткізіледі.
«Сақтансаң, сақтайды» дейді. Сақтанып әрі қандай бір қауіп-қатерге қамданғанның қапы қалмайтыны анық. Осы ретте, коронавирустық инфекцияның алдын алу және оны таратпау үшін сақтандыру және алдын алуға бағытталған түсіндірме жұмыстарының маңызы зор. Дәрігерлік амбулаторияда індеттің алдын алуға арналған дәрі-дәрмектің қажетті қоры қалыптастырылған. Дене қызуын түсіретін парацетамол, асперин, сонымен қатар, антисептикпен бірге антибиотиктік дәрі-дәрмектің қажетті қоры бар көрінеді.
Аудан орталығынан шалғайда орын тепкен ауылдық амбулаторияда «Бәрі жақсы, проблема жоқ деп айтуға болмас». Аға дәрігер С.Шерметовпен сұхбаттасып болғаннан кейін аға медбике Клара Сағымбекова бізге бірқатар проблемаларды атап өтті.
-Дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратының қолданысқа берілгеніне де көп уақыт бола қойған жоқ. Кейбір бөлмелерінің сылақтары түсіп жатыр. Оны өзіміз қайтадан әрлейміз. Қыста бөлмелердің іші суық. Одан кейін айтатын тағы бір басты мәселе, ғимарат ішіне су кіргізілмеген. Бұл проблема бұрыннан бар. Интернет желісінің де жылдамдығы өте төмен. Бұрынғы интернет жүйесі «Қазақтелеком» мекемесіне қарасты болатын. Оның жылдамдығы да жоғары әрі жүйеде ақау пайда болса, мекеменің қызметкерлері келіп жөндеп беретін. Қазір байланыс жүйесі «Сыр-Қазына» деп аталатын мекемеге ауыстырылды. Жылдамдығы өте төмен. Бұзылған жағдайда жөндеп бермейді. Біз «DAMUMED», тағы басқа жүйелермен жұмыс істегенде осындай олқылықтар жиі-жиі орын алып отырады. Бұл әрине, қызметкерлердің жұмыс істеуіне өз кедергісін келтіреді,- дейді.
Сын түзелмей, мін түзелмек емес. Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның жаңа ғимаратының қолданысқа берілгеніне екі жылдан енді ғана асты. Құрылыс барысынан хабардар ауыл тұрғындарының айтуынша, денсаулық сақтау мекемесінің төбесіне салынуға тиісті қалың материалды жылы қабат төселмеген. Осы себептен күн суық күндері ғимараттың бөлмелері жақсы жылымайды. Су құбырының жүйелері де дұрыс жүргізілмеген. Міне, біз Қошқарата ауылындағы денсаулық сақтау мекемесінен осындай олқылықтарды байқадық. «Денсаулық – зор байлық» дейтін болсақ, денсаулық күзетінде тұрған қызметкерлерге жағдай жасау – халықтың денсаулығын ойлағанымыз болса керек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»