Basty bet
Тұрмыстық табысты жақсарту маңызды
2019 жылы Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен өңірде алғаш рет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» пилоттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Аталған жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын, тұрмыстық табысын жақсарту болып табылады. Жоба бес бағыттан тұрады. Осыған орай, біздің ауданда Ақтөбе ауылдық округі пилоттық округ ретінде таңдалып алынып, жыл бойына бірқатар ауқымды түсіндіру жұмыстары атқарылды. Жобаның бірінші бағыты мал шаруашылығын дамытуға сәйкес, округтегі 186 аула үй іргесіндегі жер үлестерімен «Атамекен-Бастау» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативіне мүшелікке енген. Ал екінші бағыт бойынша барлығы 201 адамнан құжат қабылданып, қазіргі таңда 58 азамат несиелерін алып та үлгерді. Жобаның қалған үш бағыты бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Біз бұл жөнінде Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Арабхан Заппаровтың Жаңаталап, Күркіреусу, Ақтоған ауылдарының тұрғындары алдында 2019 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылауға арналған есептік кездесуінде хабардар болдық. Жиын жұмысына аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің басшысы Қалдыбек Сұлтанов қатысты.
Сонымен ауылдық округтің әкімі А.Заппаров есептік баяндамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қойылған талаптарды округ көлемінде кеңінен насихаттау жұмыстарынан бастап, округтің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, міндеттері мен дамудың негізгі бағыттарын атап көрсетіп, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
-Өткен жылғы есептік кездесуімде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынып, жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Күркіреусу бағытындағы аудандық мәндегі жолды ағымдағы жөндеуге қомақты қаржы қарастырылып, жұмыс жүргізілді. Одан бөлек, «Бәйтерек-Б.Момышұлы» бағытындағы аудандық мәндегі, «Бәйтерек-Теріс» бағытындағы облыстық мәндегі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Бәйтерек ауылының арықтарын қалпына келтіру жұмыстары демеушілердің қаражатынан жасалды. Сондай-ақ, Жаңаталап ауылы тұрғындарының сұранысына орай аталған ауылға ауыз су жүйесін жүргізу бағытында да жұмыстар жасалуда.
Округте орналасқан «Қаратақы», «Төментамға» су каналдарының, сонымен бірге, «Жарбұлақ» су тоғанының құжаттары рәсімделіп, тиісті мекемелерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге сұраныс берілді. Округ тұрғындарының игілігі үшін басқа да жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр,- деді Арабхан Расылханұлы.
Есептік кездесу барысында салық жинау, жалпыға бірдей әскери міндет, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал, егін шаруашылығы, ветеринария, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, білім беру, құқық қорғау салаларының даму барысы егжей-тегжейлі сөз етілді. Округте 97 шаруа қожалық тіркелгенін ескерсек, шаруашылықтар әр бағыт бойынша өнімді жұмыс атқаруда. Өткен жылы алдыңғы қатарлы бірқатар шаруашылықтар ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартты.
Әкімнің айтуынша, биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың қатарында Жаңаталап ауылына «Street workout» алаңшасын салу, Бәйтерек ауылындағы Ынтымақ көшесіне ағымды жөндеу жүргізу мәселелері бар.
Жиында ауыл тұрғындарынан түскен өтініштер назарға алынды. Есептік кездесуді ауылдық округ әкімі Арабхан Заппаров қорыта келе, тұрғындарды «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсене қатысуға шақырды.
Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»