Basty bet

Халыққа қызмет сапалы көрсетілуі тиіс

Сыбайлас жемқорлықты жою – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен елімізде жемқорлықпен күрес үздіксіз жүргізіліп келеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында республикада, аймақтарда арнайы агенттіктер құрылып, жұмыс істеуде.
Өткен сенбіде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық “Парасат жолы” орталығының басшысы, жазушы Сәдібек Түгел және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев ауданға арнайы іссапармен келіп, бірқатар мекемелерді аралады. Жұмысшы топты аудан әкімі Олжас Қаржауов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков бастап алып жүрді.

Жұмыс тобы алдымен Нұрлыкент ауылдық округ әкімдігінде ашылған «Ашық әкімдік» жұмысымен танысты. Мұндағы жұмыс барысымен ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Бақытжан Назар таныстырды.
Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратында 2019 жылы 19 қарашада сервистік әкімдік ашылған. Сервистік әкімдіктегі барлық компьютерлік жабдықтар интернет желісіне қосылған. Сервистік әкімдікте әкім аппаратының 3 мемлекеттік қызметкері, жастар нұсқаушысы, спорт нұсқаушысы, халықты жұмыспен қамту орталығының ассистенті жұмыс атқарады. 94 мемлекеттік қызметтер және Egov.kz порталы арқылы 425 азаматқа түрлі анықтамалар берілген және электронды кілт алынған.
«Ашық әкімдік» сервисіне тұрғындар жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, елді мекендер шегінде объектілер салу үшін жер учаскелерін беру, сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу, тағы да басқа көптеген сұрақтармен қайырылады.
Ашық әкімдіктің жұмысымен танысқан жұмысшы топ әкімдік ғимаратының ауласында ауыл қарияларымен кездесті. Ардагерлер ауылдың тазалығы жайлы айта келіп, жайылым мәселесін көтерді. Ардагерлердің сұрағына аудан әкімі Олжас Қаржауов бұл мәселені шешу жолындағы жаңа технологияларға негізделген жоспарларын түсіндіре отырып, жауап берді.
Келесі кезекте жұмыс тобы аудан орталығынан ашылған “Сервистік әкімдіктің” жұмысымен танысты.
Аталған “Сервистік әкімдік” Д.Қонаев көшесінде орналасқан «Халық банкі» АҚ Жуалы аудандық бөлімшесі ғимаратынан 2020 жылдың 23 желтоқсанынан бастап ашылып, ауыл тұрғындарына 29 түрлі қызмет көрсетуде. Жалпы мұнда аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдері орналасқан. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін ортадағы ашық фойеден бес терезе жабдықталған. Онда әр бөлімнің бір-бір маманы мен «Жуалы адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің консультанты қызмет көрсетеді. Сондай-ақ анықтама орны, мәжіліс залы орналасқан.
Жұмысшы топ “Сервистік әкімдіктің” мәжіліс залында аудандағы «Адалдық елшілерімен» кездесу өткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева өз кезегінде адалдық елшілеріне “Адал болмай, азаматпын деме” деген сөзді жүректерімен сезініп жұмыс істеуге шақырды.
Сөз кезегін алған Сәдібек Түгел: “Өткен жылдың тамыз айында Антикор Ұлттық академиялық кітапхананың базасында шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерімен тікелей эфирде кездесу өткізіп, онда адалдық, әділдік және парасаттылық қағидаттарының маңыздылығы талқыланды. Парасаттылық идеологиясын насихаттау мен ілгерілетудің маңыздылығын ескере отырып, кітапханалар базасында “Парасат жолы” филиалдарын жаппай ашып, елордалық тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату туралы шешім қабылданды.
Жобаны кітапханалар арқылы жүзеге асырудағы себеп, кітапхана – руханияттың ордасы. Яғни, мұндағы мақсат – кітапханалар арқылы зиялы қауымды, яғни жазушылар, ғалымдар, ақындар, теологтар, дін өкілдерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте біріктіру.
Елімізді дамыту жолындағы басты стратегия – сыбайлас жемқорлықты жою. Оны жоймай, біз ілгерілемейміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” яғни, “Әділетті мемлекет құру” тұжырымдамасының мақсаты – халыққа барынша қолайлы жағдай жасау.
Жемқорлық деген – халықты тонау, сатқындық. Сондықтан біз әсіресе, жастарды сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікке тәрбиелеуіміз қажет. “Парасат жолы” жобасы сол үшін пайда болған.
Соңғы үш жылдың өзінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа жол берген қаншама адам сотталды. Сотталғандардың ішінде министр де, генерал да, әкім де, т.б. бар. Ендігі жерде заң талаптары қатаңдатылып отыр. Яғни, сыбайлас жемқорлықпен ұсталған адам ешқашан мерзімінен бұрын босатылмайды.
Халықтың арасында «сыбайлас жемқорлықты жою мүмкін емес» деген кері түсінік қалыптасқан. Бұл – дұрыс түсінік емес. Халық біріксе, барлығын да жеңуге болады” деді.
Жұмысшы топ белсенді адалдық елшілерін тыңдады.
Қарасаз ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бақытгүл Жексекеева ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтса, Ақтөбе ауылынан Нұрмахан Елнұр есімді азамат ауылдағы азық-түлік дүкендерінде ішімдік сатуды тоқтату мәселесін көтерді.
Бұл мәселеге ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Равиль Төлебаев мәселені ауыл тұрғындарымен ақылдасып, ауызбіршілікпен шешуге болатынын және департаменттің тарапынан бұған қолдау білдіретінін айтты.
Көкбастау ауылынан Дәулет Қыдырбаев есімді азамат “мектептерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты тақырыпта пікірсайыс клубтарын құрып, тұрақты түрде пікірсайыстар өткізуге бола ма?” деген сауалын қойды. Бұл сауалға да Равиль Қуанышбайұлы ҚР Білім және ғылым министрі бүгінгі таңда барлық мектепте пікірсайысшыларды дайындау қосымша сабақ ретінде енгізуді қолға алып жатқандығы туралы айтты.
Жұмыс жоспарына сәйкес жұмысшы топ аудандық орталық кітапхананың “Білім” залында өткен “Күш атасы – Қажымұқан!” атты қазақ елінің мақтанышы, асыл тұлға, алапат күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған тарихи саяхат кешіне қатысты.
Жалпы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Парасат жолы» жобасы аясында ағымдағы жылдың 3 ақпанынан бастап республика аумағында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылуда.
«Парасат жолы» жобасы басталғаннан бастап Жуалы ауданында жалпы саны 10-нан астам іс-шара ұйымдастырылып, іс-шараларға зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
«Парасат жолы» – адалдық, парасаттылық, ізгілік, даналық, әділдік, қамқорлық, қайырымдылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сондай-ақ, мәдениет, әдебиет және руханиятты негізге ала отырып, келелі әңгімелер арқылы қоғамда парасаттылық идеологиясын қалыптастыруға бағытталған жоба.
Сондықтан алғашқы сөз республикалық “Парасат жолы” орталығының басшысы, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгелге берілді. Сәдібек Түгел өміршең жобаның қоғамға тигізер пайдасы туралы айта келіп, сыбайлас жемқорлықтан арылу үшін бірінші сананы өзгерту қажеттігін және халық болып бірлесіп күресудің маңыздылығына тоқталды.
Кеш барысында аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Жамбыл облысының және ауданның Құрметті азаматы, Жамбыл облысының Құрметті ардагері Жарас Мұратай сөйлеп, аудандағы тақырыпқа қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды.
№14 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо күресінен аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Тайжан Қозыбеков ауданнан шыққан спортшылар туралы және өзінің шәкірттері, чемпион жастар туралы әңгімеледі. Сонымен бірге ауыл спортына әлі де қолдау қажеттігін тілге тиек етті.
Күш атасы Қажымұқан туралы бейнеролик көрсетіліп, “Қызғалдақ” ән-би ансамблінің әншісі, термеші Мәлік Мықтыбеков “Бақ пен қыдыр қонса да” атты термесін домбырамен орындады. Кеш соңынан Жамбыл облысының Құрметті ардагері, ауданымыздың Құрметті азаматы, батагөй қария Аманжол Дүрәліұлы бата берді.
Келесі кезекте Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының туған жеріне табан тіреген жұмысшы топ Баукеңнің мемориалдық музейіне барып, музейдегі құнды жәдігерлермен танысты.
Жұмыс тобы аудандағы іссапары аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынмен қорытындыланды.
Жиынға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Жиынды аудан әкімі Олжас Қаржауов жүргізді.
Алашқы сөз кезегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиеваға берілді.
Жазира Жылқышиева өз кезегінде еліміздің аймақтарындағы іссапарының мақсаты – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру екенін айтып, заңдағы өзгерістерге жеке-жеке тоқталып, түсіндіріп өтті. Агенттіктің саясаты мен атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Сонымен қатар 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалу барысы, оның ішінде 2018-2020 жылдарға арналған жоспардың тармақтарының өңірдегі орындалуы жайында сөз қозғады.
-Ішкі талдау жүргізгенде оған қоғам өкілдерін міндетті түрде қатыстыру керек. Қазір заңның қатаңдатылғанын жақсы білесіздер. Енді сыбайластыққа жол берген азаматтар бұрынғыдай жазадан құтылып кете алмайды. Оларға абақтыдан мерзімінен бұрын босатылу мүмкіндігі алынып тасталды. Сонымен бірге енді қызметкер парамен ұсталса, бірініші басшы жұмыстан босатылатын болады.
Ішкі талдау – бұл өз кемшіліктеріңізді тауып, оны түзетуге берілген үлкен мүмкіндік. Сондықтан оны формалды түрде емес, іс жүзінде мұқияттылықпен орындаңыздар,- деді Жазира Жақсылыққызы.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Серік Қойбақов сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында ауданда атқарылған жұмыстарды баяндады.
Жазира Жылқышиева Серік Дүйсенбайұлынан ауданда қанша бөлімде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жасалғанын, онда қанша тәуекел анықталғанын, заң тармақтарының қанша пунктте орындалғанын сұрады. Аппарат басшысының 11 бөлімде жүргізілген талдау нәтижесінде екі тәуекел ғана анықталды деген жауабына қанағаттанбаған Жазира Жылқышиева талдаудың формалды жүргізілгенін айтып, аудан басшысына өткен жыл мен биылғы жылдың І жартыжылдығына қайта талдау жасау керектігін, оған қоғам өкілдерін қатыстыру қажеттігін тапсырды. Және барлығы ашық, жариялы түрде жүргізілуін ескертті.
Аудан әкімі Олжас Есалханұлы бүгінгі таңда бұл бағыттағы жұмыстың кемшіліктері анықталып, оларды түзету мақсатында, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар ұйымдастырылып жатқанын айтып өтті.
Сөз кезегін алған жазушы, республикалық “Парасат жолы” орталығының басшысы Сәдібек Түгел парасаттылық – кісіліктің шыңы екенін айта келіп, халықты тәуелсіздігіміздің алғашқы 30 жылдығында еліміз етек-жеңін жинап, еңсесін тіктегенін, ендігі жерде кемшіліктерімізді түзетуге мықтап кірісу қажеттігін айтты.
“Ақментей” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы өз ойын “Адамның құлқы өзгермей, өмірдің құлқы өзгермейді” деген нақыл сөз аясында жеткізді.
Жиында сонымен бірге “Отандастар” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шора Искаков, облыстық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалив сөйледі.
Жиынды қорытындылаған Жазира Жылқышиева мемлекеттік қызметкерлерге әрбір құжатпен жұмыс істегенде, оның артында бір адамның тағдыры тұрғанын естен шығармау керектігін, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және ашықтыққа шықырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ, «Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген
Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close