Basty bet
Момыш бұлағы – Батырдың кіндік қаны тамған жер
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру көзделген болатын. Ол бағытта еліміздің киелі жерлерінің картасына облысымыздан бірнеше қасиетті нысандар енді. Жоба аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарының тізіміне ауданымыздағы Момыш бұлағы да алынды.
Көлбастау мен Талапты ауылдарының орта тұсында бұрынғы Орақ-балға ауылының ескі жұрты жатыр. Бұл жерде ұлтымыздың ұлы перзенті, батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған. Орақ-балғаның ескі жұртының батысында Момыш бұлағы бар. Момыш бұлағы жазық алқаптың шағын сайынан шығып жатыр. Осы бұлақтың басында ерлік даңқы әлемге жайылған Батыр Бауыржан Момышұлы балалық шағын өткізген киелі мекен саналады. Бұлақтың шығыс жағындағы дөңесте Құли баба ұрпақтарының ескі жұртының, Момыш пен Момынқұлдың үйлерінің орны жатыр.
Қарымды журналист, жазушы Амангелді Ормантай «Бауыржан батырдың балалық шағы» атты кітабында: «Алатаудың етегінде жазықта бұлақ көп. Бұл бұлақтарды қосып, «Мыңбұлақ» алқабы атайды. Тастан-тасқа секіріп, жамырай аққан мөлдір бұлақтар шынында да көп. Әр бұлақ басында бір бастау бар. Әлгі бұлақтар сол бастаудан нәр алып, күндіз-түні сылқ-сылқ күліп, төмендегі Теріс өзеніне қарай ойнақтай ағып жатады. Бастаулардың аты да көп. «Тасбастау», «Момышбұлақ», «Көлбастау», «Қайнарбастау», «Тәттібұлақ», «Жылыбұлақ» деп кете береді» деп жазады. Яғни, қасиетті Мыңбұлақ өңірінің суы бал, шөбі шүйгін екендігін, өңірімізде киелі орындар көп екендігін, сол уақыттары Жуалы жерінің сай-саласынан сылдырап аққан мөлдір бұлақтары мен бастаулары көп болғанын аңғаруға болады.
Осы кітаптағы «Әже өсиеті» атты әңгімеде бала Бауыржанға әжесі бір топ баламен бірге Момышбұлақтан су ішкізіп, бата бергендігі туралы жазылады. Содан кейін бала Бауыржан әжесінің «Туған жердің суы бал татиды, мұндай дәм өмір бойы сендердің таңдайларыңнан кете қоймас. Оны ұмытпаңдар, ұлдарым. Өйткені әр адам үшін туған жердің қурайы да алтын» деген өсиетін жадында сақтаған деседі. Иә, мұның барлығы қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының туған жері жайлы жазылған естеліктері мен әңгімелері. Бұл – тарих.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген ата-бабамыздан қалған сөзге сүйенер болсақ, бұлақтың көзін ашу Меккеге сапар шегумен бірдей сауап болатынын көнекөз қариялар жиі айтатын. Момыш бұлағын сақтауда ауданымыздың батагөй қариясы Аманжол қажы Дүрәліұлы талай жылдар бойы тер төгіп жүр. Ақсақалдың ұзақ жылдар бойы жүгірген еңбегі еш кетпей, бүгінгі күні Момыш бұлағы киелі мекеннің біріне айналды. Осыдан он жыл бұрын батыр Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орай бұлаққа апарар жолға арнайы белгі қойылған болатын. Жердің мемлекеттік актісі алынып, заңдастырылды. Батыр туып-өскен қасиетті мекенді қадірлеп, оны кейінгі ұрпаққа ұлықтау мақсатында Момыш бұлағының басы қоршалып, стелла орнатылды.
Осы орайда, жақында облыстық ардагерлер пленумында «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» атанған Аманжол қажы Дүрәліұлы киелі жердегі биыл атқарылған жұмыстармен бөлісті.
«Жақсыны – көрмекке» деген. Киелі жер саналатын Момыш бұлағының басына Аманжол атамен бірге барып, атқарылған жұмыстарды көріп қайттық. Қасиетті бұлақ суының бал дәмін біз де татып, тәу еттік.
Көлбастау ауылынан Талапты ауылына қарай апарар жолдың оң жақ бетіндегі бұлаққа апарар жолды көрсететін белгі жаңартылыпты. Жолға шағалтас төселіп, тегістелген. Ең көп жұмыс бұлақтың басында атқарылыпты. Стеллаға «Бұл жерде 1910 жылы қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы туған» деген жазу жазылыпты. Айналасы да көз тартарлық етіп қоршалып, бір демалыс орнына айналған. Шын мәнінде ұзақ жылдар бойы еткен еңбектің нәтижесі енді көрініс тапқан. Бәрі де сәні мен салтанаты келісіп жасалған. Екі бұлақтың басына барар жолға баспалдақ салынып, бұлақтың басы таспен өрнектеліп жасалған.
– Момыш бұлағын заңдастыру, оның батырдың туған жері екендігін дәлелдеу оңай болмады. Талай жиындар өткізіліп, комиссия құрылды. Ең алғаш комиссия мүшелігінде Айдарбек Айтубаев, Байғазы Орманалиев, Амангелді Ормантаев және Кеңес Шымкентбаев болды. Ақсақалдар батырдың кіндік қаны тамған жерді нақтылау мақсатында ойларын ортаға салып, талқылады. Содан бері 15 жыл өтіпті.
Қазіргі таңда бұлақтың басы тазаланып, ретке келтірілді. Бауыржан Момышұлы туып-өскен Момыш бұлағының аумағы екі гектарды құрайды.
Момыш бұлағының басы таспен өріліп жасалды. Киелі орынға келушілерді тарту мақсатында алты қанатты киіз үйдің макеті дайындалды. Алла қаласа, келер жылдың көктемінде ою-өрнегі қойылып, жұртшылық сейіл құрып демалатын орынға айналатын болады. Табиғаттың таза саф ауасымен демалып, бұлақтың сыңғырлаған дауысын есту үшін келушілерге 20 адамға арналған орындық орнатылды. Бұрынғы егілген сәндік ағаштарды қоршауы жоқ болғандықтан оны малдар жеп кетті. Енді алдағы уақытта айналасын абаттандырып, гүлдер егіледі. Әлі аяқталмаған жұмыстар баршылық.
Осынау сауапты іске ауданның жанашыр азаматтары, жеке кәсіпкерлер Айдар Жетпісбаев, Керімхан Төреқұлов, Орынбасар Мешелов, Радик Орманалиев сынды азаматтар үлестерін қосып, игілікті іске көмек қолдарын созды. Бір атап кетерлігі, сауапты іске жанашырлық танытып, істің сапалы жүруіне қол ұшын берген демеуші Айдар Шәріпбайұлының есімін ерекше атап өткім келеді. Енді, міне, талай жылғы еңбек нәтижесін беріп, батырдың кіндік қаны тамған жер алыс-жақыннан туристер ағылып келетін қасиетті орынға айналатынына сенім мол, – дейді ақсақал Аманжол қажы Дүрәліұлы.
Ол өз сөзінде: «Елдің болашағы, Отанның тыныштығы жолында бүкіл өмірін сарп етіп, ұрпаққа ұшан-теңіз ұлағат қалдырған Алаштың айбозы, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ерлік істерін ұрпаққа жеткізу біздің қасиетті парызымыз» дейді. Аманат арқалаған азамат Аманжол қажы Дүрәліұлы Момыш бұлағының басында құран оқып, Батыр Баукеңнің рухына бағыштады.
Сонымен қатар, ақсақал батыр Бауыржан Момышұлының бойындағы батырлығы мен даналығы туралы да өз білгенімен бөлісті.
– Батырдың батырлығы оның білегіндегі күші мен кеудесіндегі рухында. Баукең де сондай рухы биік тұлға. Алаштың арысы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы елдің мақтанышы. Осындай нар тұлғалы Баукеңнің бойында екі қасиет бар. Оның бірі – батырлық, екіншісі даналық. Оған батырлық қасиеті Бауыржанның жетінші атасы Ақментей батырдан дарыған. Ақментей батыр 1750-ші жылдар шамасында жоңғар шапқыншылығы кезіндегі жекпе-жекте қалмақтың үш батырын найзамен түйреп түсірген. Бір аптаға созылған ұрыс Алматы мен Қордай ауданының төңірегінде болған. Бір аптадан кейін ұрыс тоқтап, қалмақтар жеңіліп, шығысқа қарай үдере қашады.
Осыдан кейін оны қазақтың төбе биі Төле би шақырып алып «сен қай жерліксің, руың кім? Осы уақытқа дейін қайда жүрсің» дейді. Сонда әлгі батыр «Ата Шымқаланың шығыс жағындағы Манкент ауылынанмын, руым – құли, бірде ат барда, қару жоқ, бірде қару барда ат жоқ. Атым – Ақментей» деп жауап беріпті. «Онда балам, сен қазақтың хас батырысың, атқа жайдақ мініп, қалмақтың үш батырын жаншыдың. Екінші атақ құли руының ұраны бол» деп ақ батасын берген екен.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы Ұлы Отан соғысында ұрыс майдан даласында 207 мәрте жаудың қоршауын бұзып-жарып, аман шыққан. Әрбір қоршауда қалғанда, осы Ақментей бабасы ақбозатпен жетіп келіп, «ал, балам кеттік» дейді екен. Сонда Баукеңнің батальонынан бір адам шығын болмай, қоршаудан дін аман шығады екен. Осыны естіген Генерал Жуков «Чудо» деген деседі.
Ал, даналығы нағашысы Бақатей ауылдық советінде Қуаныш ауылында дүниеге келген Жантас биден дарыған. Ол туралы өзінің «Ұшқан ұя» кітабында «Елдің бәрі Жантас биді «маңқа би» дейді. Менің нағашым Жантас би маңқа би емес. Ол биліктің шешімін айтар кезде мұрнымен маңқылдайды. Мұрнынан сөйлегеннен кейін «оның айтқанын естиік» деп ел тына қалады. Это – методика способа руководства» деп жазғаны нағашысы дана болғандығын дәлелдейді, – деп батырдың бойындағы қасиеттердің сырларымен бөлісті.
Қазақта «адамгершілікке арналған үш сауап бар: шөлге құдық қазған бір сауап, өзенге көпір салған бір сауап, жолға ағаш еккен бір сауап» деген жақсы сөз. Яғни, батырдың туып-өскен жерін бүгінгі күнге дейін жетуі үлкен сауапты іс.
«Он адам жүрген жерде із қалады» демекші, қадірменді қария Аманжол қажы Дүрәліұлы бастаған істе көптеген азаматтардың үлесі қалды. Жақсы дүниені, киелі мекенді алдағы уақытта ауданымызға келушілер қызықтап, Батырдың рухына тағзым ете алады. Бұл да келер ұрпаққа аманаттаған аға буын өкілдерінің аманаты. Батыр алдындағы жерлестерінің парызының орындалғаны.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»