Basty bet
Аудан әкімдерінің есебін тыңдады
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Талас, Тұрар Рысқұлов пен Меркі аудандары әкімдерін қабылдап, осы жылда атқарылған жұмыстар бойынша есептерін тыңдады.
Жүзбе-жүз кездесу барысында аудандардың басшылары биылға қойылған жоспарлардың орындалу барысын баяндап, белгіленген межелерге қол жеткізу үшін қандай шаралар атқарылғанын жеткізді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасарлары өз салалары бойынша да сауалдар жолдап, жауап алды.
Ең алдымен сөз алған Байзақ ауданының басшысы Нұржан Нұржігітов меже етілген индикаторларды толық орындауға мүмкіндік барын жеткізді. Бөлінген қаржыны игеру 99 проценттен асатынын алға тартты. Бердібек Сапарбаев аудандағы электронды сауданың даму қарқынына көңілі толмайтынын білдірді. Сондай-ақ, пилоттық жобаның жүзеге асуы да нашар бағаға ие болды.
– Пилоттық жоба бойынша мәселе бар. Ең нашар жүріп жатқан Байзақ ауданында. Екі ауылдық округ енген. Екеуінің де нәтижесі нашар,- деп ескертті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару ісін үдетуді тапсырды. Аудан көкөніс өсіруге жайлы жерде орналасқандықтан, пайда көзін осы тұстан іздеу керектігін меңзеді. Оны дұрысы жолға қоя білсе, облыс орталығын толығымен қамтуға мүмкіндік бар екенін баса айтты.
Артынша есеп беру кезегі Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаевқа өтті. Сөзіне сенсек, негізгі экономикалық көрсеткіштер жоспарға сай, кейбірі асыра орындалатыны жеткізілді. Сауал қойған Ұлан Еркінұлы жеке тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдерін беру жұмыстарының баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті. 300-ден аса учаскеге су, газ тартылғанымен, электр энергиясы желілері әлі жетпепті.
Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков те ауданның көрсеткіштері көңіл көншітерлік деңгейде екенін айтты. Өңірлік өнім көлемі 53 млрд теңгені немесе 119 проценттік межені көрсеткен.
Дей тұрғанымен, аудандағы азық-түлік бағасы аймақ басшысының көңілінен шықпады. Мұнда сүт 220 теңге, қант келісі 300 теңгенің үстінде саудаланып жүр екен.
– Қазірден мұндай баға болса, көктемде қалай боламыз? – деп шамданды Бердібек Сапарбаев. Жалпы ауыл шаруашылығы саласына қатысты көп сұрақ қойылды. Ең алдымен, әрине, суармалы жерлердің көлемін арттыру мәселесі көтерілді. Қазір аумақта 8 мыңнан аса гектар жер суармалы болып саналады. Оны әлі де көбейтуге болатыны айтылды. Егістік жерлерде жаңбырлатып суару технологиясын кеңінен қолдану керектігі де ескертілді.
Аудан әкімінің сөзінше, қазірде 11 шаруа қожалығы тиісті техникаға тапсырыс берген.
Суармалы жерлер мәселесі Талас ауданына да қатысты көтерілді. Аудан әкімі Бақыт Қазанбасов қазіргі уақытта аудандағы арықтар қарқынды тазартылып, ағын судың жолына қан жүгіре бастағанын алға тартты. Бердібек Сапарбаев Таластағы әлеуметтік нысандарды газбен қамтуға күш салу керектігін ескертті. Жуалыдағыдай, мұнда да азық-түлік бағасы сөз болды. Жұмыртқа, қарақұмық, қант секілді тауарлар құны шекті бағадан қымбат болып шыққан. Соңғы сапарларының бірінде аймақ басшысы Дінмұхамед Қонаев атындағы мектептің жағдайына алаңдаушылық білдірген еді. Осы жолы да мәселені шешу керектігін еске салды.
Әлеуметтік нысандарды газбен қамту, суармалы жерлерді көбейту, маңызды азық-түлік тауарларының бағасын бақылау проблемасы Тұрар Рысқұлов ауданында да бар. Оған қатысты тиісті шаралар қолдану керектігі аудан әкімі Ерболат Садырқұловқа ескертілді.
Меркі ауданы да жылды жағымды көрсеткіштермен аяқтауға мүмкіндігі бар. Ол туралы әкімі Мейірхан Өмірбек баяндады. Алайда түйткілді мәселелер де жоқ емес. Ауданда ветеринарлық пункттер жетіспейді. Орталықтағы базар мен мал базары проблемасы тағы бар. Онысын келер жылы көшіру жоспары тұрғаны жеткізілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аумақта алма өсіру ісін үдету керектігіне баса мән берді.
Бірлескен жұмыс арқасында биыл 102,5% көлеміндегі экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Аймақ басшысы алдағы жылы бұл көрсеткішті 103 процентке жеткізу мақсатын қойды. Бұл жолда әр аудан мен қаланың қарқынды жұмыс істеуі керектігі баса айтылды.
Жамбыл өңірі аграрлы-индустриялды аймақ болған соң, алдағы жылға ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту салаларына баса көңіл бөлінетіні сөз болды. Халықты әлеуметтік қолдау мәселелері де күн тәртібінен түспеу керектігі тапсырылды.
– Экономикалық көрсеткіштердің төмендеуіне жол берілмеуі керек. Пандемияға қарамастан, биыл оған мемлекеттің қолдауы арқасында тосқауыл қоя білдік. Келер жылы да осы қарқыннан таймауымыз керек. Халықтың көтерген мәселелері жерде қалмауы шарт. Әкімдерге айтарым, әр проблема бақылауда болуы тиіс. Өз аяқтарыңмен жүріп, өз көздеріңмен көріп, шешу жолдарын қарауларыңыз керек,- деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі