Basty bet
Боралдай шахтасы қайта ашыла ма?
Ұшқан қыранның қанаты, қара жердің құйқасын шығара самғаған тұлпардың тұяғы талатын кең-байтақ еліміздің қай өңірінде де қасиетті жерлер көп. Олардың әрқайсының бір-бірін әсте қайталамайтын тарихы бар. Олардың бірі де, бірегейі Жуалы ауданының түкпірінде орналасқан қасиетті Боралдай шахтасы.
Бір кездері Жуалы жерінен қуаты Қарағанды, Екібастұз көмірлерінен кем түспейтін Боралдай тас көмірі өндірілгенін көзі көрген аға ұрпақ, олардың өзі саусақпен санарлықтай-ақ қалды, болмаса бүгінгі жас ұрпақ біле бермейтіні анық.
Боралдай шахтасының тарихы өткен ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Тарихшылардың айтуы бойынша алғаш Қаратау жоталарын, Күйік асуын орыс ғалымы Н.А.Северцевтің басшылығымен алғаш 1866 жылы тексере бастаған. Ол жинаған барлау жұмыстарының материалдарын ғалым Э.Л.Регель 1870-1886-жылдары жүйелеп, ғылыми тұжырымдар жасаған. 1902-1906 жылдары орыс ғалымдары Б.А.Федченко, В.И.Лынский Талас Алатауы мен Боралдай тауларының қойнауындағы тас көмірді анықтап оны тіркеуге алады.
Шахтадағы көмірді игеру 1927 жылы басталып, алғаш тас көмірді тұтынушыларға бере бастаған. Боралдайдың тас көмір кенін жабық түрде жер астынан жүргізді. Көмір қайла, күрек сияқты қарапайым еңбек құралдарымен қазылып өгіз, ат арбалармен тасымалданған.
Көмір шахтасына Қошқарата, Көлтоған, Шұбарағаш, Талдыбұлақ аймағынан жұмысшылар тартылған.
Боралдай шахтасының кені оңтүстікке қарай созылған Бақай, Бөкей, Құлан тауларының астында да жалғасып жатыр. Оған дәлел Құлан асуының аузындағы Шақпақ шахтасы, Сулысай маңындағы Суықбастаудың тас көмірі, Амансай ауылының шығыс жағында алып жатқан Шақпақ өзенінің аңғарларында тас көмір кендерін айтуға болады.
Тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Әулиеата өңірінің қойнауы қазынаға бай. Бір ғана Қаратаудың баурайындағы Жаңатас, Ақсай, Шолақтау іспетті бірқатар кен орындарының арқасында облысымыз республика бойынша фосфор шикізатының бірегей базасына айналып отыр. Бұдан бөлек Ақбақайда алтын, Амангелдіде газ, Мақпалда кварцит, Шатыркөлде мыс, Қордайда қызыл гранит, Үлкен Бурылтауда гипс өндірілетіні әмбеге аян. Осы тектес өзге де көптеген кен орындарының аты жалпақ жұртқа мәшһүр болуы өңіріміздің ұшы-қиыры жоқ сайын даласының кез келген тұсынан өндіріс лебі есетінін аңғартады.
Облысымыздың әлеуеті жоғарылап, экономикалық қуатының артуы да алтын, күміс, мыс, мырыш, қорғасын секілді түсті және қара металл, мәрмәр, гранит, керамзит, цемент секілді құрылысқа қажетті материалдар мен басқа да бағалы тастар, мұнай, газ, көмір және өзге де химиялық шикізаттар өндіру ісі жүйелі жолға қойылған ауыр өнеркәсіп саласымен тікелей байланысты. Осының ішінде біздің облыс басқа байлықты игеріп, көмір өндіруге келгенде кенжелеп тұрғаны белгілі. Бұл бағытта жұмыс істеп тұрған кен орындары жоқ десек те болады. Әйтсе де аймақта әжептәуір көмір қоры бар. Тіпті өңірімізде кезінде ғылыми тұрғыда зерттеліп барып ашылған, біршама жылдардан кейін қайта жабылып қалған көмір кен орындары да баршылық. Соның бірі – Жуалы ауданында орналасқан Боралдай көмір шахтасы.
Боралдайда мол көмір қоры бар екені осыдан 150 жыл бұрын анықталған екен. Көмірі жердің бетіне шығып жатқан кенді игеруді жуалылықтар өткен ғасырдың қырқыншы жылдары қолға алыпты. Сол кезде ғалымдар мұнда 1 миллион тоннадан астам көмір қоры бар екенін дәлелдепті, әрі көмірі Қарағанды шахтасымен салыстырғанда жер бетіне әлдеқайда жақын орналасқан және сапасы одан кем түспейтінін анықтаған. Жылына 60 мың тонна көмір өндіру мақсат етіліп, нәтижесінде Боралдай шахтасы ашылған. Жұмыстың тең жарымы қол күшімен атқарылғандықтан және қажетті техниканың тапшылығы салдарынан көмір өндіру ісі мардымсыз жүргізілген. Соның өзінде аталған көмір кен орны Жуалы ауданын қатты отынмен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес Қырғыз Республикасына жөнелтіп отырған. 1955 жылдары мұнда 130 адам жұмыс істеген деген мәлімет бар. Алайда 19 жылдан кейін шахта жабылған.
Осы орайда бізді «Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жылына 20-30 мың тоннаға дейін көмір өндіріп келген Боралдай көмір кенішін қайта ашуға болмай ма?» деген сұрақ мазалайды. Осы сауал жетегімен облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының кен таралған пайдалы қазбаларды пайдалану бөлімінің басшысы Гүлсім Тәупішеваға хабарластық. Ол бұл мәселе тек Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі жауап бере алатынын айтты.
– Біздің басқармаға қарасты кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 192 кен орны бар, оның барлығы да жұмыс істеп тұр. Ал көмір шахтасы бойынша бізде нақты мәлімет жоқ. Облыста Шақпатас көмір шахтасы секілді ұсақ-түйек кен орындары бар екенін, олардың кен өндіру әлеуеті де айтарлықтай ауқымды еместігін білеміз. Бірақ олар жайлы бізде нақты ақпарат жоқ. Себебі көмір кендері шартты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен тікелей жасайды. Боралдай көмір шахтасының да бір кездері кен өндіргенін білгенімізбен, нақты неден жабылғанын айта алмаймыз. Оның қоры мен жылдық өндірістік қуатының қанша тоннаға құрауы мүмкін екенін, кенді қайта ашқанда ол өз-өзін ақтайтыны, әлде ақтамайтыны жайлы аталған министрлікке хат жолдау арқылы білуге болады,- деді Гүлсім Жұмабекқызы.
Жуалы ауданының тұрғындары еңбекқор, заман ағымына қарай тірлігін тіктеп отырған ел болғандықтан, көз алдындағы, аяғының астындағы қазба байлықты игеруге ұмтылмауы мүмкін емес. Боралдай шахтасының жабылып қалу себептері Жуалының Боралдай өңірінің қатал табиғатымен байланыстырса, енді бірі теміржол тұйығынан шалғайда жатқан кеннің көмір өндірудегі шығыны шаш етектен болғанын алға тартады. Тағы бірі бұған сол кездері КСРО-ны басқарған Хрущевтің өзін-өзі ақтамайтын шағын өнеркәсіптерді жабу туралы шыққан Жарлығы себеп болғанын айтады. Әйтеуір жуалылықтар аталған көмір кенішінің жабылу тарихын там-тұмдап болса да айта отырып, «көмір кені қайта іске қосылса, одан пайда таппасақ, зиян шекпес едік» деген ойларын білдірді. Қаншама жастарға жұмыс табылар еді. Боралдай көмір шахтасы Көлтоған ауылынан 15 шақырым қашықтықта бұрынғы Шахта ауылында орналасыпты. Байболов Мақсатбектің айтуы бойынша, Боралдай көмір кенішінде ілгеріде осы екі ауылдың тұрғындары жұмыс істепті. Оның бірінде орыстар, екіншісінде немістер көп болған көрінеді. Шахта жабылғаннан кейін, олар жан-жаққа көшіп кеткен. Қазір Шахта ауылы қаңырап бос тұр.
– Бұл кезінде үлкен ауыл болған. Ол ауылда мектеп, клуб, дүкендер болған. Аталған ауылға дейін жай жолмен де, тас жолмен де баруға болады. Одан ары ол жол Түркістан облысының Шаян ауылына баратын асфальт жолға қосылады. Шахтаға қарай кезінде бетон құю арқылы жол салмақшы болып, онысы аяқталмай қалғаны, шахтаның басындағы бітпей қалған теміржол құрылысы бәрі-бәрі қазір де сол қалпы жатыр. Кезінде мұнда еңбек еткен адамдардың бүгінде бірі де қалмады. Бәрі де бақиға бет түзеген. Соның ішінде шахтада «Еңбек Қызыл ту» орденінің иегері Егемберді Бөрібеков, кеудесіне «Ленин» орденін тағынған Әмір Жұмағұлов секілді елге белгілі азаматтар жұмыс істеген. Бұл кеннің қоры 300 мың текше метрді құрайды. Боралдайда өндірілген көмірдің қызуы бүгінгі күні шеттен жеткізіліп жатқан көмірден жақсы болған көрінеді. Өндірілген көмірді тұрғындар сол кезде қағаз жағып-ақ тұтата берген. Құжат бойынша 1940 жылы ашылып, 1959 жылы жабылған.
Өңірімізде табиғи газ тартылмаған елді мекендерді айтпағанда, металлургия, химия, өндірістік өнеркәсіптер мен кейбір мекемелердің жылыту қазандықтары әлі де қатты отынға тәуелді. Оларға көмір Қарағанды, Екібастұз, Шұбаркөл секілді кен орындарынан ортадағы делдалдар арқылы қымбат бағаға жеткізіледі. Көмірдің бір тоннасы шалғай елді мекенде 30 мың теңгеден саудаланатынын ел айтып жүр. Сондықтан облысымыз тұтынатын қатты отынның көлемін есептей отырып, кенді іске қосып арзан бағада көмір шығаруды қолға алса несі бар?! Мұндайда халық көмірді жақын жерден тасуға өзі-ақ ұмтылар еді. Көмір кенін өндіруде кадр тапшылығы қиындық тудырмаса, кен игеру аса қорқақтайтын шаруа емес сияқты. Бастысы көз алдымызда бұрынғы сүрлеу жатыр.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бастапқы кезінде Жуалы өңірін шұқшия зерттеген орыс ғалымдары Боралдай тауларынан тас көмір кенін барлап, оны арнайы тіркеуге алған болатын. Оны игеру 20-жылдардың екінші жартысында ғана шындап қолға алынды. 1927 жылы Боралдай шахтасы ашылып, алғашқы отынды тұтынушыларына жөнелте бастады. Ол кезде бүгінгідей кен қазатын техника қайда, көмір қайламен қазылып, ат және өгіз жегілген арбалармен тасымалданды. Шахтада жүздеген адам жұмыс істеді. Қошқарата, Көлтоған, Шұбарағаш аймағының кедейлері шахтаға түсіп көмір қазумен айналысты.
Отызыншы жылдары Донбасс шахтері Алексей Стахановтың бір ауысымда 102 тонна көмір қазғаны туралы хабар бүкіл Кеңес елін дүр сілкіндіргені тарих беттерінен белгілі. Бұл сілкініс боралдай шахтерларын да желпіп өткені анық. Сол кезден бастап мұнда да стахановшылар жарысы өріс алды. Жергілікті Әмір Жұмағұлов есімді шахтер бір сменада қайламен тапсырмадағы 3 тонна орнына 12 тонна тас көмір қазып, өз әріптестері арасында жарыс көшін бастады. Әрине, бұл осал жеңіс емес еді.
Ерен еңбегі үшін шахтер Әмір Жұмағұлов Ленин орденімен, 6 рет Жоғарғы Кеңестің грамотасымен наградталды. «Құрметті шахтер» атағын алды. Құрметті шахтерлердің бірі әрі бірегейі ол Бөрібеков Егемберді, негізінен Егетай атамыздың еңбегі ескерілмей қалды. Әйтпесе ылғи бірінші орынды ешкімге бермеген кісі.
Атамыз Ұлы Отан соғысында тұтқында концлагерьде болған. Соғыста немістердің плендерімен айырбас болып, бергі бетке өтіп, Кеңес әскерлеріне қосылған. Соның кесірінен ешқандай награда марапаттаулар ала алмай өтті өмірден. Егемберді атамыздың бейбіт өмірдегі еңбектері әлі де ел есінде. Көлден ауылға дейін канал тартып, одан ауылдың бір басынан екінші шетіне дейін қазған арықтарын қазіргі таңда тұрғындар игілігіне пайдаланып жатыр. Бау-бақшаларын суарғанда Егетай аталарын еске алатын шығар, бәлкім.
Жұрттар шөптерін трактормен орып, машинамен жинаса, Егетай атамыз бір іскірт шөпті бел орақпен орып, жаздай ат арбамен таситын. Әрине, қасында міндетті түрде әкесіне қолғабыс болып менің досым Қуан бір шетінде жүретін. Бел орақпен орған шөбі қандай тып-тықыр тап таза етіп оратын. Біз көрші болдық. Шешем жарықтық, айтып отырушы еді, қайынағаның мал жайғарғанда бір шөбі жерге шашылмайды деп. Ол кісінің ұқыптылығы, тазалығы, еңбекқорлығы ұл-қыздарына дарыған.
Сәрсекүл апамыз бен Егетай атамыз ұл-қыздарын таза еңбекке баулыды, жастайынан еңбекпен тәрбиеленді. Бау-бақшадағы алма- өріктерін Бейсекүл Ұлдан әпкелер шабадандарын арқалап жүріп, Бурныйға апарып базарға сататын. Сабақтарына да білімдеріне көңіл қойды. Барлығына жоғары, арнаулы орта білім алып берді. Нәзікүл әпке медучилищені бітірді.
Жұмабек ағай ЖГМҚИ-ді бітірді. Зиякүл, Базаркүл, Ұлдан әпкелердің мамандықтары медбике. Бейсекүл әпке мен Бақыткүл статтехникумды бітірген. Қуан мен Кенжекүл Луговойдағы техникумды бітірген. Мейрамкүл және Гүлнәр ЖХМТ-ны бітірген. Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң, барлығы дерлік кәсіпкерлікке кетті. Үйлерінде мал ұстады, бау-бақша екті. Тауықтары көп болатын. Жұмыртқа сатып 5 тиынға Қуан екеуміз клубқа кино көруге баратынбыз. Бір жолы «Фантамас» деген кино көріп түнімен қорқып шошып оянып, ұйықтай алмағаным есімде қатты сақталыпты.
Сонымен қатар, шахтёрлар Мырзабек Данайбеков, Жауылбай Көбеев, Ахметов, Анатолий Овакумов, моторшылар Сапархан Заппаров, Сапар Сыдықов.
Халыққа 31 жыл қызмет көрсеткен Боралдай шахтасы 1958 жылы КСРО мемлекетінің басшысы Н.С.Хрушевтың «ірілендіру» деген солақай саясатына байланысты тиімсіз ошағы ретінде жабылып қалғаны белгілі. Осы саясаттың салқыны тиген Боралдай шахтасы да өз тынысын тоқтатуға мәжбүр болды да оның құрал-саймандары, жақсы-жақсы білікті мамандары Оңтүстік Қазақстан облысындағы Леңгір шахтасына жіберілді.
Зиябек Толымбаев Боралдай шахтасында кассир болып жұмыс істеген. Сонан соң есепші, нормалаушы, жоспарлаушы да болып қызмет істеген. Содан шахтада үш коммунист болған. Зиябек атам партия ұйымының хатшысы болған.
Бірде шахтаға Черепенников деген директор келген. Оның білімі орта, горняк екен. Бірақ, партия мүшесі емес болатын. Алайда іштей партияның қаулы- қарарларына қарсы адам екен. Сонымен қоса ол шешендермен тату тұрған. Ол бір шешендермен сөз байласып, Зиябек атамның орнын бір шешенге тартып әпереді. Содан бас инженер етті де кейін «сенің ондай білімің жоқ» деп қоймашы етіп қойды. Атаны тәлкек ете бастады. Бұған атам шыдай алмады. Содан аудандық партия комитетіне барған. Онда бірінші хатшы Зинин Алексей Маркелович еді. Ол болса да атаны жақтайтын болар. Партияда жоқ бастық өзім білермен болып жұмыс істеді. Әйелі Елена Федоровна өлең айтатын. Жолдасын мақтап өлең де шығарды. Шахтада концерт болса өлеңі оқылады, өзі ән шырқайды.
Әйтеуір, бір күні ол орнынан алынды да орнына бір горняк, жоғары білімді, Мырзахметов деген келді. Бұл кісі білімді, партия мүшесі болған. Сол кезде Хрущевтің «кіші өндіріс орындарының берер пайдасы аз, база жабылсын» деген шешімі шықты. Біздің Боралдай шахтасы жабылатын болды.
Ол кезде Толымбаев Зиябек Бурныйдағы базаны басқарып тұрған. Онда Қырғызға, оңтүстіктегі мектептерге көмір жіберген. Боралдай көмірінің сапасы жоғары болатын. Ол көп жерді көмірмен қамтамасыз етіп тұрды, солай болды да. Алғашқы кезде Мырзахметовтың кезінде шахта 10-12 мың тонна көмір беретін.
Шахта рентабельді болатын. Алайда шахтада бір қиындық болды. Ол жол мәселесі еді. Қыста көмір тасу қиын болды. Жаз айларында көмірді автобазаның Қырғызстанның, Түлкібас ауданының машиналары тасыды. Теміржол болмады. Содан көмір өндіру азайды. Кейінгі кезде ол 50 мың тоннаға жетті. Амал қанша, шахта жабылды. Сонымен Боралдай шахтасы қаңтар айының алтысында жабылды. Бұл 1960 жыл еді.
Кейбір деректерге қарағанда Боралдай шахтасы жылына 40 мың тоннадан астам тас көмір береді екен. Көмір жабық тәсілмен жер астындағы шахталарда өндіріліп, сыртқа вагонеткалармен шығарылған деседі. Оның өнімін аудан халқы ғана емес, іргедегі қырғыз ағайындар да алып тұрған.
Сонан бері 62 жыл өтті. Заман да, қоғам да өзгерді. Ұрпақтар жаңарды. Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанды. Енді республикамыздың өз байлығы өз қажетіне жұмсалуы қажет. Әрбір тиын қатаң есепке алынып отырған бүгінгі нарық заманында сонау шалғайдағы Ресейден немесе Қарағанды мен Екібастұздан көмір алдырып жағу оңайға соқпай отыр. Қазіргі кезде сырттан тасылған көмірдің құны өте жоғары болып отырғанын ескерген аудан жұрты жабылып қалған Боралдай шахтасын қайта ашуға тілек білдіруде.
Аудан әкімдігі бұл талапты орындауға аса құлықты. Сондықтан Боралдай көмір кенін қайта барлатып, шахтаны қайта ашудың қамын жасау керек. Амандық болса, таяудағы жылдары Жуалы жұрты Боралдай көмірімен қайта қауышатын болады.
Нұрғали ЕРАЛИЕВ.
Бауыржан Момышұлы ауылы