Basty bet
Еңбекпен өрілген қырық екі жыл
Үлкен өмірдің ұлы көшінде еңбекпен есейіп, нардың жүгін арқалаған жандар туралы басылым беттерінде талай көлемді мақалалар жазылды. Әлі де жазыла береді. Себебі, ондағы мақсат – мақала кейіпкерін дәріптеу емес, кейіпкер туралы жаза отырып, сол кезеңді, яғни өткенге шегініс жасау арқылы оқырманға рухани дүние сыйлау. Бұл жолғы мақсатымыз да осы.
Мақаламыздың бүгінгі кейіпкері – ауданымызда 42 жыл еңбек етіп, жақында ғана зейнет демалысына шығып, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік қызмет саласының құрметті ардагері қатарына қосылған азамат Арабхан Заппаров.
Әр отбасының өмірдің керуен көшінде өз тарихы мен шежіресі бар. Өткен күнде белгі бар. Олай болса, әңгімеміздің арқауын Арекеңнің асқар тау әкесі мен аяулы анасынан, ұшқан ұясынан бастағанымыз ләзім болар.
Әкесі Расылхан әскери совхозда парторг, кәсіподақ ұйымының басшысы болған жан. Ол кісі тік мінезді болған екен. Сонау қиын заманда басшылық етіп тұрған тұста батыл шешім қабылдап, қырмандағы дәнді халыққа таратып беріп, ауыл тұрғындарын аштықтан аман алып қалған. Алайда осы бір сауапты ісі үшін партия қатарынан шығарылып, тәртіптік шараға тартылған екен.
Анасы Саябүбі он перзентке әлемнің жарығын сыйлаған көпбалалы ардақты ана.
-Әкеміз тік мінезді, қатал кісі болса, анамыз керісінше өте жұмсақ жан еді. Отбасымыздың ішкі-сыртқы саясатын реттеп, барлық істің жай-жапсарын жатқызып отыратын.
Аллаға шүкір, әке-шешеміздің елден алған алғысы, сауабы болар, бүгінде ұрпақтары өсіп-өнеген үлкен әулет болдық. Бауырларымның барлығы зейнет демалысына шықты. Тек министрлікте қызмет ететін Арыстан-Ғаниымыз ғана зейнет жасына жақындады,- дейді Арабхан Расылханұлы.
Арабхан Заппаров 1957 жылы 7 қарашада Ақтоған ауылында өмірге келген. Ақтоған бастауыш мектебінде оқып, әрі қарай Жаңаталап негізгі мектебінде оқиды. 8 сыныпты тамамдап, Луговойдағы зооветтехникумда зоотехник мамандығы бойынша білім алады.
1976-1978 жылдары Украинада әскери борышын өтейді.
1978 жылы совхозда сиыр фермасында сүт есептеуші болып еңбек жолын бастайды. Кейін қой фермасында бригадир, сауынды сиыр фермасында зоотехник, аға зоотехник, бас зоотехник болып жұмыс істейді. №10 әскери совхоз директоры болады. 1998 жылы совхоз тарап, 1999 жылдың шілде айынан бастап мемлекеттік қызметке ауысады. Ақтөбе, Қызыларық ауылдық округтерінде бас маман, ауылдық округ әкімі болып қызмет етеді. Еңбек жолының соңғы жылдары Ақтөбе ауылдық округінің әкімі болып қызмет етіп, зейнет демалысына шықты.
-Бала кезде шынымды айтсам, қандай мамандық иесі боламын деп аса көп ойланбаппын. Бірақ 8 сыныпты бітіргенде “ауылға қажетті мамандық иесі болайын” деген оймен зоотехник мамандығын таңдадым. Бір рет полиция, бір рет қорғаныс саласы бойынша оқуға барып тұрып ата-анамның көңілін қимай, қайта ауыл шаруашылығы саласына келдім.
Азды-көпті ел қатарлы халыққа қызмет еттім. Халықпен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Жолдасым марқұм Афуза екеуміз үш ұл, бір қыз тәрбиеледік. Афуза отбасының жетістігі үшін аянбады. Балалардың тәрбиесі, отбасының үйлесімділігі, ағайын арасындағы ынтымақ-бірлікке ерекше мән беретін. Алланың жазуымен өмірден ерте озды,- дейді Арабхан аға.
Әрі қарай әңгімеміз өмір, қоғамдағы жағдайлар туралы өрбіді.
-1978 жылы әскерден келген соң, Ауған жеріне баруға өтініш жасадық. Бірақ бізді қабылдамады.
Бұл біздің буынның соншалықты патриот болғанын, елдегі идеологиялық жұмыстың мықтылығын көрсетеді. Қазір біз осы жағынан ақсап жатырмыз. Идеологиялық жұмысты мықтап қолға алумыз керек. Мектептерде бұл жұмысты біреуге қосымша жүктеп емес, арнайы маманға тапсыру қажет. Бұрын пионер- вожатый көп жұмыс атқаратын.
Қазір де тәлімгерлердің жұмысына қатты мән беру керек. Нәтижеге жұмыс істеу қажет.
Біз Афуза екеуміз бала тәрбиесінде “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу” деген қағиданы ұстандық. Мүмкіндігінше балаларға болыстық. Балаға қанша айтқанымен өзі жасап, дәмін татпайынша нәтиже болмайды. Бала еңбектенуі керек. Еңбекпен тапқан нанның тәтті екенін сезінуі тиіс.
-Арабхан Расылханұлы, басшы болу үшін адамға қандай қасиет керек?
-Біліктілік, талапшылдық, жауапкершілікпен қатар халыққа мейлінше қолжетімді болу әрі ашықтық керек. Жағдайды дер кезінде дұрыс түсіндіре білу қажет.
-Өткен өмір жолыңызда немесе еңбек жолыңызда есте қалған ерекше сәтіңізбен бөліссеңіз.
-Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы елең-алаң жылдары ауыл-ауылдағы барлық балабақшалар жабылып қалды. Тек орталықтағы балабақшалар ғана жұмыс істеп тұрды.
Ел еңсесін енді тіктей бастаған жылдары ауылдардан бірінші болып біздің ауыл Бәйтеректе балабақша аштық. Ашылу салтанатына облыс әкімі Бөрібай Жексембиннің өзі келіп қатысты. Ауылдағы ағайын балабақшаға шама-шарқынша барлығы өз үлестерін қосты. Оның ішінде Талғат Тойшыбеков деген азамат теледидар сыйға тартты. Балалардың да, үлкендердің де қуанышында шек жоқ. Жиырма шақты кісі жұмыспен қамтылды. Осы сәт менің қатты есімде сақталып қалыпты. Өзім қуанып тұрмын, менен екі есе қуанып тұрған ауыл тұрғындарын көргендегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын.
Осыдан кейін елде жақсы жаңалықтар көбейе бастады. Жаңаталап ауылының азаматы Жарылқасын Тәжіхан өзінің шаруа қожалығының иелігіндегі ғимаратты ауылға балабақша етуге тегін берді.
Қызыларық ауылдық округінде әкім болған жылдары марқұм Сапар Қамбарбеков ауылға мешіт салып берді. Жаңаталап ауылында жаңа мектеп соғылды.
Ауыл азаматтары Алға Сыдығалиев, Тәжіхан Жарылқасын, Сапар Қамбаров, Талғат Тойшыбеков алғаш ауыл маңынан шекара заставасы ашылғанда өз қаражаттарына сыртын түгел бетон плитамен қоршап берді.
Жаңаталап ауылының азаматы жеке шаруа қожалық төрағасы Бағдат Амантаев сынды азамат өзінің жұмысшысына Ақтоған ауылынан жаңа үй салып берді. Осындай атымтай жомарт, кең жүректі, патриот азаматтардың ісіне қалай қуанбайсың?! Жүрегің елжірейді, көңілің толқиды. Еркісіз рухани қуанышқа кенелесің.
Ауылда біреу еңбек етіп, үйін немесе есік алдын жөндеп жатса да қуанамын. Соңғы жылдары ауылда техникалық парк жаңаланды. “Қарапайым заттар экономикасы” жобасы аясында 2,5 пайызбен қаншама тұрғын несие алып, малды, жұмысты болды. Мұның барлығы елім деген азаматтардың халыққа деген ыстық ықыласынан туындаған игі істер.
-Қоғамда қандай жағдайларға көңіліңіз толмайды немесе сізді қандай мәселе толғандырады?
-Қазіргі қоғамда кінәні біреуден іздеу, яғни “мен елім үшін не істедім деп емес, маған елім не істеді?” деген түсінік қалыптасып барады. Бұл – елдің болашағы үшін қауіпті түсінік. Қазір үкіметті, Президентті жамандайтындар көп. “Москва да бір күнде салынған жоқ” деген сөз бар ғой. Москва әлі салынуда. “Көш жүре түзеледі” деген. Біздің еліміз 30 жылдың ішінде қандай жағдайға жетті. Біздің халқымыздан саны қанша есе көп қаншама халық қандай қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Біз бір-бірімізді жерден алып, жерге салғанда біздің ел үшін ешкім сырттан келіп жақсылық жасамайды. Біз барымызды бағалай білуіміз керек. Осы жеткен жетістігіміз – халықтың ауызбіршілігінің, тынымсыз еңбегінің, Елбасының сарабдал саясатының, көрегендігінің арқасы. Оны ешкім жоққа шығара алмайды.
Қазір қай жерден қателестік, соны бірігіп түзеуіміз керек. Мәдениетімізді, рухани деңгейімізді көтеріп, дамудың жолында бірігуіміз керек. Әйтпесе, қолдағы барымыздан айырылып қалу бір-ақ сәтте.
Жас ұрпақ тәрбиесінде ұлттық тәрбиені, патриотизмді мықтап қолға алу керек. Оны кім жасайды? Ешкім емес, өзіміз жасауымыз керек.
Барынша сабырлы болайық. “Үй менікі деме, үй сыртында кісі бар” деген атам қазақ. Ақыл, сабыр, биік рух керек. Абай атамыз айтқандай, “Әр қазақ менің жалғызым” деп қарайтын кез әбден жетті.
Жастар бесаспап болуы тиіс. Ол үшін кітап, газет-журнал оқысын. Оны оқуға уақыт жоқ дейді. Бұлай ойлайтын адам қатты қателеседі. Оқимын деген адам уақыт табады. Әлеуметтік желінің уақыт талабына сай тиімділігі жоғары шығар. Бірақ, оның зиянды жақтары шаш етектен. Сондықтан уақыт жоқ емес, уақыт көп.Тек қана дағдылану керек.
Жастық шақ адамға бір-ақ рет беріледі. Сондықтан өнер-білім үйрену керек. Бар мүмкіндікті, уақытты пайдаланып ұйымдастыра білу керек. Осыны әрбір ата-ана күнделікті қадағалап, баланың санасына құйып, сіңіруі керек.
– Жақында газет бетіне бейтаныс жасөспірімдердің орталық алаңда көліктерін айналдырғаны туралы мақала шықты. Көп кешікпей екі-үш күннен кейін полиция бөлімінің басшысы мені бөлімге шақырды. Барсам көлігін айналдырған балалар мен ата-аналарын шақырып, жиналыс жасағалы жатыр екен. Жанағы балалардың аналары маған: “Сен өзіңнің балаң жоқ па? Неге газетке жаздың? Бұл жағдай баламыздың психологиясына қалай әсер еткенін білесің ба? Газетке жазбай тұрып неге ескертпейсің? Неге алдын ала түсіндіру жұмыстарын жүргізбейсіңдер?” деп байбалам салды. Қайта балалардың бір жағдайға душар болмай алдын алғанына, бұл жағдайдың балаларға сабақ боларына емес, баланың көзінше баланы, өзін емес, мені, қоғамды кінәлап тұрғаны мені таңғалдырды.
Арабхан аға, балаға дұрыс тәрбие беру үшін ата-ананың өзі тәрбиелі, дұрыс көзқараста болуы керек емес пе?
– Иә, қазір бала нашар оқыса, болмаса сабақтан тыс уақытта жүріп бір жағдайға тап болса, мұғалім кінәлі болады. Мұғалімнің жауапкершілігін ешкім жоққа шығара алмайды. Бірақ, баланың тәрбиесі мен білімі үшін бірінші кезекте ата-ана жауапты. Барлығы отбасында қалыптасқан тәрбиеге байланысты,- дейді Арабхан Расылханұлы.
Қай істе болсын өзіне тән қиындығы мен жауапкершілігі болады. Тал бойында төзім мен іскерлік қасиеттер ұялаған Арекең қай қызметте болсын абыройсыз болған жоқ. Жемісті еңбектері жеңісті табыстарға жеткізді. Еңбекпен өрілген 42 жылда Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы, “Ерен еңбегі үшін” медалімен наградталды. Сонымен бірге “Жамбыл облысына – 80 жыл” мерейтойлық медалімен марапатталды.
Арабхан аға бүгінде Ғазиз, Абылай, Сандуғаш, Рысхан есімді ұл-қызынан он немере сүйіп отырған қазыналы қария, үлкен отбасының мәуелі бәйтерегі.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»