Basty bet
Мектеп қабырғасында оқығанға ештеңе жетпейді …
Аудандық «Jańa ómir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті жаңа жылда оқырмандарын тың бастамаларымен, жағымды жаңалықтармен қуантуда. Бұл түсінікті де. Күнделікті сан түрлі сын-тегеуріндермен бетпе-бет ұшырасып отырған адамзаттың санасы үшін болып жатқан күрестен ақпарат майданының жауынгерлері де жырақ қала алмасы анық. Сондықтан жаңалықтың жаршысы – аудандық газетте жаңа жылда ашылған жаңа айдарлардың қатарында «Онлайн оқу оңай ма?» айдары да бар. Аталған айдар аясында аудандағы онлайн оқитын оқушылар мен студенттердің тыныс-тіршілігі жайлы жазылып, көпшілікке ұсынылатын болады.
Айдарымыздың шымылдығын Мыңбұлақ орта мектебінің оқушылары ашқалы отыр. Аталған мектепте қайраттық Шымкентбаевтар отбасының үш перзенті білім алады. Олармен арнайы үйлеріне атбасын бұрып, онлайн білім алу жайында сұхбаттасқан болатынбыз. Бұл жанұяда 10, 9 және 5 сыныпта оқитын оқушылар бар екен. Оның екеуі онлайн оқыса, біреуі мектепке барып білім алады.
Отбасында Сабина Кеңесова қазіргі таңда қашықтан оқудан дәстүрлі оқу форматына көшкен. 9 сыныпта оқитын Сабина мектепке оралғанына қуанышты.
– Өткен жылы әлемді шарпыған індетке байланысты бізді қашықтан оқуға көшірді. Басында оның не екенін, қалай болатынын білмей, біраз әбігерге түстік. Алғашында үйдегі ноутбукпен сабақ оқыдық. Кейіннен ата-анамыз ұялы телефон сатып алып берді. Сабақтарды көбінесе, Whatsapp желісі арқылы оқыдық. Үйреніп алғанша біршама қиындықтар болды. Ал, қазір мұғалімдермен емін-еркін кері байланыс орнатып, сабаққа қатыса аламыз. Еш қиындығы жоқ.
Мен ІІІ тоқсанды мектепте оқумен бастадым. Өте қуаныштымыз. Балалармен, достармен, ұстаздарымен көрісіп, сағынышымызды басудамыз. Бәрі бұрынғыдай емес, әрине, тәртіп пен талап өзгерген. Медициналық бетперде тағу мен қолды антисептикпен жуу міндеттелген. Сыныптарда оқушылармен жақын емес, арақашықты сақтап отырғызу ұйымдастырылған. Сабағымыз 40 минуттан. Мектеп формасына еркіндік берілген. Дегенмен, біз бұған да қуаныштымыз. Осы күнді ұзақ күткен болатынбыз,- дейді Сабина.
Ал, 10 сыныптағы Айкен болса, онлайн оқу кезінде мектептегідей сабақты түсіну мүмкіндігі аз екенін айтады. Қашықтан оқу оның өміріне де көп өзгерістер әкелгенін, достары мен ұстаздарын көре алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар, ол сабақ үлгерімі жақсы екенін, ағылшын, тарих пәндерін сүйіп оқитынын айтты. Сабаққа уақытында қатысып, үй тапсырмасында дер кезінде жіберетінін, сабақты меңгертуге ұстаздары көп күш салатындығын айтып өтті.
Сұхбат барысында Айкен мен Сабина қашықтан оқуда жаратылыстану бағытындағы алгебра, геометрия, химия, физика пәндерін меңгеру қиындық туғызатынын айтып өтті. Бұл пәндердегі есептерді шығару жолдарын ұстаздары мектептегі тақтаға жазып, егжей-тегжейлі түсіндірді. Ал, онлайн білім алуда қанша бейне сабақтар көргенімен көзбе-көз көріп, түсінгендей болмайды дейді. Яғни, олар үшін қашықтан оқуда бұл пәндерді түсінудің қиындығы кездескен.
Отанасы Назым Шымкентбаева денсаулық сақтау саласының маманы. Ол бала денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін онлайн оқу тиімді болды дейді. Қашықтан оқытудың тиімді тұсы балалары көз алдында, індеттен сақтануға септігін тигізеді деген ойда. Үйдегі 65 жастан асқан қарияларды ескеріп, отбасының амандығы үшін өз-өздерін оқушаулауды насихаттайды.
– Қашықтан оқудың маңыздылығын мен жақсы білемін. Қыздарымыздың сабақ үлгерімі жақсы болғандықтан, біз аса бір қиындыққа, келеңсіздікке тап болмадық. Балалардың уақтылы білім алуы үшін олардың сабаққа керекті ұялы телефондарын алып беріп, үйге интернет орнаттық.
Онлайн оқудың тиімді тұсы отбасыңның денсаулығын күтумен ұштасса, екінші жағынан ұзақ уақыт бір орында ұялы телефонға байлануы да денсаулығына нұқсан келтіреді.
Жолдасым екеуміз таңертеңнен кешке дейін жұмыстамыз. Қыздардың сабаққа қатысуын ата-апалары тікелей қадағалайды. Сабақтарын уақтылы орындауын жіті бақылайды. Апамыз саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Сондықтан қыздарымыздың сапалы білім алуына мән береді. Әсіресе, кенжеміз Шұғыланы бөлмесінен шығара алмаймыз. Сабаққа мұқияттылық танытып, тапсырмаларды жылдам орындауға тырысады. Қыздардың сабақ оқитын бөлмесі жарық, ыңғайлы. Ешкім кедергі келтірмейді. Олардың сынып жетекшілері Сандуғаш Назарбаева, Меруерт Рақымбаев, Салтанат Төреханова ата-аналармен үнемі байланыс жасап, қандай жаңалық болсын, балалардың сабаққа қатысуы болсын дер кезінде бөлісіп отырады.
Әрине, мектеп қабырғасында білім алғанға ештеңе жетпейді. Дегенмен де заман көшінен қалмай, жаңашылдықтан қалмауымыз керек. Ұстаздар қауымына да оңай соқпады. Сабақты оқу немесе оқымау ол тікелей баланың қабілетіне, құлшынысына тікелей байланысты. Оқимын деген адамға ештеңе кедергі болмайды.
Баршамыздың тілегіміз бір, ол – мына дендеген індетті жеңу. Ертерек мамыражай өмір сүру қалпымызға, әсіресе, балалардың мектепке баруын тілейміз. Бұл бір тәжірибе ретінде өмірімізде қалып, ертеңгі күнімізге пайдасын тигізер деген үміттеміз, – дейді Назым Шымкентбаева.
Шымкентбаевтар жанұясы үйдегі балалардың уақтылы әрі сапалы білім алуына аса көңіл бөледі. Қыздары да онлайн сабақ оқуға жауапкершілікпен қарайды. Олар алдағы күні мектепке оралар сәті алыс емес екеніне де сенеді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»