Basty bet
Емнің сапасы – уақтылы жүргізілуінде
«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты» деп Шопенгауэр айтқандай, адамның ең қымбат байлығы – денсаулығы. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер.
Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Солардың қатарында – 66 жылдық тарихы бар шалғайда орналасқан Билікөл дәрігерлік амбулаториясындағы ақ халаттылар да бар.
Дәрігерлік амбулаторияда бүгінде аға медбике Райхан Анарбекова, одан бөлек Боран Ерлан, Мұнархан Иманқұлова, Жайдарман Есмұратова, Айдын Мағзұмова, Итолы Алмағамбетова, Күлімхан Сүлейменова сынды мамандар жұмыс істейді.
– Жалпы, медицина – жауапкершілігі аса мол, жүгі ауыр саланың бірі. Сол себепті, кез келген адам біліктілік пен аса шыдамдылықты талап ететін жауапты мамандықты меңгеруі оңай емес екенін мойындаса, бұл саланың маңыздылығы сол болар еді. Біздің жұмыс барысында қателесуімізге болмайды. Сол себепті біз үнемі тәжірибеміз бен білімімізді жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреміз.
Біз күнделікті жұмыс барысында біріміздің білмегенімізді бірімізге айтып отырамыз. Өз саламызда ем жүргізудің барлық тәсілін жетік меңгеруге міндеттіміз. Халық денсаулығының мықты болуы – медицина саласында еңбек етіп жүрген ақ халаттылардың қолында екені бәрімізге белгілі, – дейді Билікөл ДА-ның аға медбикесі Райхан Әуесханкызы.
Осы ретте денсаулық саласында жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленген дәрігерлерді айта өтсек. Анна Гладких пен Жансұлу Көлбаева осында қызмет еткен дәрігерлер. Әріптестері Анна Михайловна мен Жансұлу Ағаділқызын «өте білімді, өз істеріне жауапкершілікпен қарай алатын дәрігерлер еді» дейді. Анна Михайловна ДА-да алты жыл қызмет еткен, кейін Жансұлу Ағаділқызы келді. Ол қазіргі таңда бала күтімімен демалыста.
Қазір ДА-ның жұмысын уақытша аудандық орталық аурухананың УДЗ маманы Ринат Сейтімбетов үйлестіріп отыр.
Мекемеде акушерка, лаборант, аға медбике, аймақтық медбике, балалар медбикесі бар. 1500 тұрғыны бар амбулаторияда қант диабетімен 10, «Д» есепте 253, невропотологта-11, қан қысымымен 145, жүректің ишемиялық ауруымен 35, онкологияда 7, психиатрда жеті, қан аздығымен 28 адам есепте тұрады. Бір қуанарлығы, туберкулезбен еш адам есепте жоқ.
Билікөл дәрігерлік абулаториясының қарамағына Дарбаза, Жылыбұлақ және Әбдіқадір медициналық пункттері кіреді. 2019 жылы емдеу мекемесіне жаңа жедел жәрдем көлігі берілді.
Коронавируспен әлем күресіп жатқанда біздің ұжым да қарап қалған жоқ. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, карантин талаптарын сақтауға шақырып отырмыз. Амбулатория талаптарға сай қызыл және жасыл аймақтарға бөлінді.
Қызыл аймақта бір дәрігер, бір медбике бар. Дене қызуы көтеріліп, ауырып келген науқастар осы қызыл аймақтан кіреді. Жасыл аймақта күнделікті қабылдауға келген емделушілер болады.
Мұнда түрлі себеппен күніне он сегіз-жиырма адамға дейін дәрігердің қабылдауына келеді.
Амбулатория коронавирус кезінде толық дәрі-дәрмекпен қамтылды. Індет дендеген жаз мезгілінде Билікөл аймағында екі адам коронавируспен ауырды. Науқастардан дер кезінде ПТР сынамасы алынып, үш күнге қорытынды дайын болғанша оқшауланды. ПТР сынамасы оң нәтиже көрсеткен соң, бірден ауруханаға жатқызылып, емдеу шаралары ұйымдастырылды. Соның арқасында науқастар толық жазылып шықты.
Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияда үш орындық күндізгі бөлім халыққа қызмет етіп отыр.
Гүлбақыт ЖАНДАР,
аудандық орталық аурухананың БАҚ және қоғаммен
байланыс маманы