Basty bet

Бірігейік, індетке берілмейік

Әлем елдерін жаппай шарпыған короновирус инфекциясы Қазақстанды да айналып өтпей, өзінің уытты, қанды шеңгелін күн өткен сайын қатты батырып келеді. Соның кесірінен қауіпті індетті жұқтырғандар саны 50 мыңнан асып, халық ардақтаған асыл азаматтарынан айырылып, талай отбасы қара жамылып жатыр.
Осыны ескерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қайғысына ортақтасып, аза тұту күнін белгіледі. Президенттің отандастарына кезекті телевизиялық үндеуі әдеттегіден шынайы, ресми емес, талайдың жүрегін толқытатындай әсерлі айтылды.
«Әр қазақ – менің жалғызым» деген қанатты сөзді тілге тиек еткен Президент қайғы жұтқан отбасыларға көңіл айтып, сабырға шақырып, пандемияға қарсы нағыз әрекеттер жасайтын кез келгенін айтты. Ол сонымен бірге дәрі-дәрмектің қымбаттауы мен дәріхана сөрелерінен жоғалуына қатысты пікірін білдірді. Денсаулық сақтау саласы стационарлар мен дәрі-дәрмек жағын қазіргідей қиын күнге дайындамағанын да жасырмады. Тіптен оған жауапты атқамінерлердің әрекеттері тексеріліп, қатаң жазаға тартылатынын да еске салды.
Президент дәрі-дәрмектің тапшылығын пайдаланып, қымбат бағаға өткеріп, пайданы молынан қарпып қалғысы келетін пысықайлар да жазадан тыс қалмайтынын ескертті.
Қазір бір-бірімізді кешіретін, бір-бірімізге жанашыр болатын, бірлігіміз сыналатын кез. Бірігуіміз керек, індетке берілмеуіміз керек. Елімізде вирустық дерттің одан әрі өршуіне сонда ғана берік тосқауыл қоя аламыз.

Сағындық ТОҚБЕРГЕНОВ,
аудандық билер
кеңесінің төрағасы.
Қарасаз ауылы

Таңдаулы материалдар

Close