Basty bet
Қолөнер – халқымыздың ұлттық мұрасы
Қазақ халқының қолөнері – сонау ықылым заман тарихымен бірге өсіп, біте қайнап жатқан өте бай қазына. Қазақ халқының қолөнері деп халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тоқу, тігу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық жиынтығын айтамыз. Қолөнер – ұрпақтан ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан халық мұрасы. Қазақ халқында «Шебердің қолы ортақ» деп қолөнершілердің өнерін, шеберлігін жоғары бағалаған.
Белгілі бір өнер түрімен айналысу үшін адамда ең алдымен дарын мен қабілет немесе туа біткен қасиет болуы керек. Сонымен қатар, он саусағынан өнер тамған шебер болу үшін асқан төзімділік, шыдамдылық және еңбек қажет.
Осындай қолөнер шеберінің бірі – №1 Балалар өнер мектебінің сәнді қолданбалы өнер сыныбының мұғалімі Гүлнар Нүкісбекова.
Гүлнар Мәжитқызы 1981 жылы Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген. Бала күнінен тігіншілікке, тоқымаға қызығып өскен Гүлнар Тараз қаласында тігіншілік курсына оқуға түсіп, алғашқы жұмысын «Анель» тігін цехында тігінші болып бастайды. Жұмыс істеп жүріп Тараздағы «Әулиета» университетін сырттай кәсіптік білім беру мамандығы бойынша бітіреді.
– Мен бұл өнерге бала кезден-ақ бейім болдым. Анам, негізі Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда 40 жылдай мұғалім болған кісі. Қолы бос кезде тоқымашылықпен, тігіншілікпен айналысатын. Бойымдағы өнерді анамнан дарыған деп есептеймін. Бала кезден анама қарап бой түзедім. Өте зерек болдым. Бір дүниені жасау үшін оны бір көрсем болғаны.
Біздің болмысымыз ұлттық құндылықтарға жақын. Сол себепті, қазақтың ұлттық киімдерін, бас киімдерін, бисер моншақтарымен көптеген көркем дүниелер мен безендіріп дайындаймын. Қолөнер бұйымдарын жасауда көбінде шимен және ілгек бізбен жұмыс жасаймын. Көбінесе, қазақи ою нақыштар қолданылады.
Мен жүргізетін үйірмеге жасына, сыныбына қарай 30-ға жуық оқушы келеді. Оларға жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі тапсырмалар беріледі. Балалардың көбісі заманауи дүниелерді жасауға бейім тұрады. Жапсырмалы, сәнді қолданбалы, тұрмысқа қажетті заттарды, әшекей бұйымдар әзірлейміз. Әр керексіз заттан әдемі бір керекті дүние шығаруға болады. Мұнымен балаларды үнемділікке баулимыз. Қазіргі таңда қолдан жасалған бұйымдарға адамдардың қызығушылығы артып отыр. Оқушылармен жұмсақ ойыншық тігеміз, шимен киіз басып, сурет саламыз. Оқушыларды тігіншілікке, ұлттық нақыштағы заттарды, ұлттық киімдерді тіктіріп, тоқуға үйретемін. Шәкірттерімен дайындаған дүниелерден көрмелер ұйымдастырамыз,- дейді ол.
«Қолөнер – зор өнер» демекші, Өнер мектебінің қолөнерші мұғалімі көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Оның шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр. Ол өзінің облыстық, аудандық мұғалімдермен тәжірибе алмасып тұратынын да әңгіме арасында айтып қалды. Болашақта кәсібімді кеңейтіп, өз алдыма тігін ательесін ашып, жеке кәсіпкер болсам дейді.
– Қазір пандемия жағдайына байланысты өзім сабақты онлайн түрінде өтемін. Арасында бос уақытымда тұрғындардан тапсырыс қабылдап, киім тігіп, қосымша табыс табамын. Онлайн сабақ беру дәстүрлі сабақ бергеннен әлдеқайда өзгеше. Өйткені шәкірттерге қолмен ұстатып, көзбен көрсетіп үйреткен әрине басқаша. Онлайн болса да оқушылар сабақтан қалмай қатысып отырады. Өйткені қазіргі жастардың қолөнерге деген қызығушылығы артуда. Шәкірттерім қолөнер өнерін жақсы меңгеріп, осы жолда еңбек етсе, мақсатымның орындалып, еңбегімнің зая кетпегені деп білемін, – дейді Гүлнар Мәжитқызы.
Олай болса, қазақтың қолөнері, зергерлік өнері өзінің төлтума бітім қасиетімен, көркемдік мән-мағынасымен шын мәніндегі халқымыздың ғасырлар тағылымынан өткен асыл қазына. Осы асыл қазынаны жоғалтпай, әрі қарай дамыту біздің болашақ жастарымыздың міндеті. «Бүгінгі кәсібің – ертеңгі нәсібің»,- деген сөз бекер айтылмаған. Ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп жаңғырту да біздің парызымыз.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»