Basty bet

Тәуелсіздік – тәтті ұғым таңдайдағы

Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік мерекесіннің орны ерекше болмақ. Біз бүгінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы.
1991 жылы Кеңес үкіметі ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер бөлініп, жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. Бірақ, қолына көк туын ұстатып, жерін меңзеп, «өз күніңді өзің көр» деп, шығарып сала салған жоқ. Өкінішті… Қаншама қандас бауырларымыз жан ұшырып, қан төгісіп, талай біртуар азаматтарымыз қыршыннан қиылған еді. Тәуелсіздік тегін келген жоқ. Бұл тұста, тәуелсіздік құрбандарын айтпай кетуге болмайды. Қайсар жастар Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және т.б. елі мен жері үшін қасық қаны қалғанша күрескен батыр азаматтарымыз бен азаматшаларымыз мәңгі есте сақталады. Міне, осындай ержүрек батыр аға-апаларымыздың арқасында қазіргі жарқын болашақта, демократиялық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз.
Өткен тәуелсіз 30 жыл еншісінде көптеген жетістіктер мен бағынған биік белестер жатыр. Тәуелсіздікте жазылған тарихымыз еліміздің, мемлекетіміздің әр саласының өркендеуі мен жаңаруының куәгері. Соның ішінде білім беру үрдісіне аса көңіл бөлініп, жылдан-жылға жаңаруға жол бастады.
Өзім мамандығымды ұстаздыққа арнап, бүгінде қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде оқушыларға білім берудемін. Алғашқы онжылдықта, мен мектеп табалдырығында оқушы едім. Бұл уақытта, көбінесе орыс тілі жиі пайдаланылып келді. Екінші онжылдықта менің студенттік шағым өтті. Бұл кезеңде қазақ тілі мемлекеттік тіл болып қабылданып, терең тамырлана бастады. Үшінші онжылдықта мен мұғалімдік салада жұмыс атқарып келемін. Бұл кезең «Алтын дәуір». Көптеген алға ілгерілеу, жасампаздық пен бәсекеге қабілеттілік, түрлі жаңашылдықтың дәуірі. Қазіргі уақытта, оқушыларымыз түрлі деңгейдегі олимпиадаларға, турнирлерге, байқауларға қатысады. Тегін білім алып, өте жақсы оқығандары үшін үкімет тарапынан қолдау тауып, тегін гранттар, шет елде оқуға жолдамалар алып та жатыр. Осындай шексіз мүмкіндіктер мен керемет жағдайды біздің оқушыларымыз пайдалануға құқылы. Бастапқы кезеңдегі еңбектің жемісін осы және келешектегі ұрпақтарымыз көріп жатыр және алдағы уақытта одан әрі дамыта түседі деген сенімдемін.
Тәуелсіздіктің бұл тұста атқарар рөлі орасан зор. Біздер үшін және болашағымыз үшін Тәуелсіздік тұғырын биік ұстау – ата-бабаларымыздың бізге берген аманаты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында аталып өткен, әр саланың даму жолында атқарылған жобалары мен іс-әрекеттерін ары қарай жалғастыру – жас ұрпақтартың қолында.

Жұлдыз Ізбасарова,
№13 А. Байтұрсынов атындағы орта мектептің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close