Basty bet

Алаш қайраткері – Ахмет Байтұрсынұлы

Биыл еліміз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Әрине, бұл ел өміріндегі және тәуелсіздік тарихындағы айтулы әрі мерейлі белестердің бірі. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына байланысты, айтулы датаны атап өту жөнінде халыққа арнаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында кеңінен айтылғаны мәлім. Президент өз мақаласын «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» атты тарауларға бөліп, онда тәуелсіздік тарихынан бастап, еліміздің жүріп өткен жолы, алдағы міндеттер туралы кеңінен құнды мәліметтер берілген.
Қасым-Жомарт Кемелұлының аталған мақаланың «Таным мен тағылым» тарауында: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.
Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы және бағалануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс» деп ой толғағаны ел азаматтарына, әсіресе, тарихшыларға терең ой салуы тиіс деп білемін.
Азаттық, егемендік, тәуелсіздік туралы сөз қозғап, ой толғағанда ел азаттығының алтын бастауында тұрған Алаш қайраткерлері туралы айтпай кетпеу үлкен қателік болар еді. Қазір Қазақстанның тәуелсіз ел атануы тікелей Алаш қайраткерлерінің жанкешті еңбектері мен қуғын-сүргінге толы өмірімен тікелей байланысты. Алаш қайраткерлерінің өмірлері, өнегелері туралы көп айтуға болады әрине. Алаш қайраткері кім дегенде әрине ең алғаш есімізге Ахмет Байтұрсынұлының есімі түсетіні анық. Себебі ең алғаш Алаш қозғалысын Әлихан Бөкейхановпен бірге бастап, одан кейін қазақ тілі үшін талай еңбектер жазған осы Ахмет атамыз болатын. Нақтылайтын болсақ, 1917 жылы сәуірде Торғай облыстық қазақ съезінде жалпықазақ съезін тұңғыш рет шақыру туралы заңнаманы көтеріп Алаш партиясының негіздерін қалады. XX ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі – Алаш партиясының құрылуы болды.
Ахметтің өзі жастайынан оқу-білімге құштар болды. Әкесінің інісі оны алғаш Торғайдағы екі жылдық орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Жас Ахмет мұнымен тоқтап қалмай, 1891 жылы оқуды бітіріп Орынбордағы төрт жылдық мектепке оқуға кетеді. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Ол өте кемеңгер, білімді тұлғаның бірі болған. Ахметтің есімін атағанда оның кейінгі ұрпаққа жазып қалдырған шығармаларын да қатар атаған жөн сияқты. Себебі, Ахмет алғаш шығармаларымен ел көңілінен шыға білді. Оның алғаш жазылған «Қырық мысал» атты аударма өлеңдері қалың бұқара арасында кеңінен таралып жатты. Қайраткер бұл еңбегі арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсады. Ақынның қай өлеңін алып қарасақ та елі үшін жері үшін алаңдаушылық мақсатта халықты бірлікке ынтамақтастыққа шақырады.
Ақынның екінші кітабының аты – «Маса». Бұл жинақ 1911 жылы жарық көрді. Кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді аямай сынады. Ахмет атамыздың өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен сабақтас болды.
Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің болашағы үшін де аянбай еңбек еткен айтулы ғалым. Оған дәлел, 1910 жылы зерттеуді бастап, 1914 жылы Орынборда жарыққа шығарған Қазақ әліпбиі. Ол «Байтұрсынов жазуы» деп аталатын қазақ ұлттық графикасын жасап шығарды. Ол бүгінгі күнге дейін қолданыста келе жатыр.
Қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ халқы және ұлт болашағы үшін қандай тәуекелдерге барып, артында өшпестей із қалдырып кеткенін білеміз. Жалпы Алаш қайраткерлерінің өмірі, жүріп өткен жолы өте қауіп-қатерге толы болды. Сол тұстағы тоталитарлық жүйенің озбырлығынан және жеке басқа табынушылықтың салдарынан ұлтымыздың қаймақтары аяусыз қуғындалып, бірқатары ату жазасына кесілген болатын. Ел боламын десек, ұлттың болашағын ойласақ, Алаш қайраткерлері сынды ұлт қайраткерлерін әрдайым ұлықтап, олардың есімдерін әрдайым мақтан етіп жүргеніміз жөн.

Ақжібек СРАЖОВА,
№9 Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.
Қошқарата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close