«Жас келсе, іске!» демекші, қоғам мен мемлекет қашанда жас буынға зор үміт артады. Жастар жаны – жанартау. Жастардың қолға алған жұмыстары қашанда жігерлі. Олардың ерекше махаббатпен қолға алған жобалары қашанда өміршең. Мұны дәлелдеп жатудың өзі артық сияқты. Себебі, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылы қолға алынған Жастар жылы аясында қаншама қыруар жұмыстар қолға алынды. Биыл да елімізде жарияланған Еріктілер жылында жас буынның қаншама игі істердің бастауында тұрғанын айтуға тиіспіз.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттың жаңғыру, жастардың жарқын болашаққа қосар үлестері туралы кеңінен айтқан болатын. Мысалы, рухани жаңғыру бағдарламасының түйінделер тұсында: «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді»,- дейді Нұрсұлтан Әбішұлы. Жаңғыру үшін, жарқын болашақ үшін алға аршынды қадам жасау үшін бұдан артық қандай кеңес керек бізге? Жастарға бұдан артық қандай бағыт-бағдар керек?…
Ауданда өзінің тындырымды ісімен көпке үлгі болып жүрген жас мамандар аз емес. Әсіресе, мұндай білікті мамандардың шалғай ауылдарда жұмыс істеуі олар көбіне көп қоғам назарынан тыс қалып жатады. Солардың қатарында ауданның ең шалғайында орын тепкен Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы, мемлекеттік қызметші Руслан Назарбеков те бар.
Руслан Жүрсінбекұлы Қошқарата ауылының түлегі. 1992 жылы осындағы шаруа отбасында дүниеге келген ол аталған ауылдағы №9 Абай атындағы орта мектепті қатар-құрбыларымен бірге жақсы үлгеріммен аяқтаған. Мектептен соң Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік мемлекеттік университетін «Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен аяқтаған. Сонымен қатар, ағымдағы жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығын қоса алды.
Алғашқы еңбек жолын туған ауылынан бастауды жөн санаған жас маман Руслан Назарбеков 2017 жылы Қошқарата ауылдық округі әкімінің аппаратында «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен жұмысқа қабылданып, бір жылдан кейін-ақ аталған мекемеде «келісім-шарт» негізінде жұмыс жасауға ауыстырылды. Үнемі жаңалықтар мен жаңа идеялардың ортасында жүретін жалынды жас осы екі жылдың көлемінде маман болып қалыптасуға, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын үйренуге талпыныс жасады. Содан елгезектігімен және тындырымдылығымен көзге түскен ол 2019 жылы Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратына бас маман – қаржы агенті болып жұмысқа қабылданды. Осы жылдары «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар Қанатына мүшелікке қабылданған.
-Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел жастарын өзінің ауқымды жобаларынан тыс қалдырған емес. Осы орайда айтарым, мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп, жұмыс жасап, кәсіп ашуға жағдайлар жасалуда. Еліміздің ертеңі де, жарқын болашағы да жастардың қолында екені анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл заңды да. Ел экономикасынның дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайының, әл-ауқатының артуына жастардың қосар үлесі де қомақты. Жастар – қоғамның қозғаушы күші, қашанда жасампаз істердің жаршысы. Жас буын тәуелсіз еліміздің алдағы уақытта да өсіп-өркендеуінен тыс қала алмайды.
Шүкір деп айтуымыз керек. Біздің тәуелсіз елімізде ынтымақ пен бірлік салтанат құрып отыр. Елдің алдында тұрған басты ұстаным ретінде саяси тұрақтылық пен жастар мәселесі қатар тұр. Осы бағытта ел өңірлерінде, сонымен қатар, ауданымызда қаншама игі істер атқарылып жатыр. Елбасы әрдайым жастарды еңбектен қашпауға, маңдай термен жинаған ырысты шашпауға шақырып отырады. Тәтті нанның ащы термен келетінін ұмытпаған дұрыс.
Біздің Отанымыз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Еліміздің алдында ауқымды жаңғырту міндеттері тұр. Жастар елдің жаңа бет-бейнесін жасап, жаңа идеяларды ұсынуға және Қазақстанды жаңа заманға сай жаңартудың негізгі қозғаушы күші болуға тиіс деп білемін,- дейді Руслан Жүрсінбекұлы өз сөзінде.
Қошқарата ауылдық округі әкімі аппаратының мамандары округ әкімі Жәнібек Мырзалиевтың басшылығымен ағымдағы жылдың 10 айында жемісті жұмыс жасады. Соның нәтижесінде, бірқатар көрсеткіштер өз уақтысында әрі сапалы орындалу үстінде.
Бір айта кетерлігі, Қошқарата аймағының табиғаты қыс мезгілінде қалың қарлы әрі боранды болып келеді. Осы орайда қыстың көзі қырауда ауыл мен аудан орталығын жалғайтын күре жолда қар құрсауында қалған ауыл тұрғындары мен басқа да жолаушыларды азаматтарды құтқару, оларды тиісті бағытқа шығарып салу үлкен маңызға ие екені белгілі. Бұл өңірдегі осындай қатал ауа райы жағдайында қар құрсауында қалғандарды құтқаруға, жолаушыларға моральдық-материалдық көмек көрсетуде ауылдық әкімшіліктің бас маманы Руслан Назарбековтың де қосқан үлесі зор.
Одан бөлек, көктемгі және күзгі мезгілдерде ауылішілік тазалық ақтау-сырлау жұмыстарын ұйымдастыру да маңызға ие екені белгілі. Сонымен қатар, Жуалы ауданының түкпіріндегі Қошқарата ауылдық округінде пандемия кезінде тұрғындарға сақтану туралы хабарламалар таратылып, қайырымдылық шаралары да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осындай игілікті жұмыстарды қолға алудың арқасында округтегі аз қамтылған, жалғызбасты күнкөрісі төмен отбасыларға көмектер көрсетілді.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны да қалыпты деңгейде ұйымдастырылды. Округ аумағынан төрт азамат әскерге азаматтық борышын өтеуге жіберілді. Ал күзгі әскерге шақыру кезінде де төрт азамат Отан күзетіне аттанды. Сондай-ақ, ауылдық округте жер, мүлік, көлік салықтарын жинау жұмыстары 100 пайызға орындалып отыр.
«Жас келсе, іске!» деген сөз туған ауылына жанашыр азамат, жас маман Руслан Назарбековке қаратып айтылғандай. Себебі, ауылдық округтің әкімшілігінде, округ көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барлығында жас маман Русланның қолтаңбасы бар.
-Қошқарата ауылдық округі негізінен мал шаруашылығына бейімделгендіктен, мұндағы жастарға мал басын көбейтуге, одан ет, сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік бар. Алайда округте ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеу ісі кенжелеп келеді. Болашақта ауылға инвестиция салатын кәсіпкер азаматтар болса, ауыл жастарына жұмыс көзі табылар еді. Мысалы, ауылда бір ғана сүт өңдейтін кәсіпорын ашылса, округте өндірілетін сүт басқа жаққа тасымалданбай-ақ, дайын өнім өзімізде шығарылар еді. Мені қынжылтатыны да сол, ауыл жастарына жұмыстың жоқтығы,- дейді ол.
Оның сөзінің жаны бар. Сананы тұрмыс билеген мына заманда осы себептен де жастардың ауылда тұрғысы келмейтіні рас. Дегенмен, ауылына жанашыр азаматтар өзі тұратын елдімекеннің гүлденіп, дамуына тілектес болатыны сөзсіз. Биыл аталған ауылдық округте ауызсу құбыры және газ құбыры тартылды. Келер жылы ауызсу мен көгілдір отын тұрғындар игілігіне пайдалануға берілсе, жастар да туған ауылына қайта оралар ма еді, деген тілек бар бізде.
Ауыл өміріне белсене араласып жүрген жалынды жас Руслан Назарбеков қоғамдық іс-шараларға белсене араласқаны үшін былтыр Жастар жылы аясында аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталған. Басқа да марапаттары бар. Жас маман сұхбат соңында алдағы уақытта да Қошқарата ауылдық округін түлетуге атсалысып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жаңа Жолдауын қолдай отырып, жемісті жұмыс жасай беретінін жеткізді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»