Basty bet

Көпбалалы отбасы – қоғам тірегі

Халқымыз ежелден «Отан – отбасынан басталады» деп шаңырақтағы шаттыққа, жарымен жарасым табуға, жасыл құрақтай жайқалған ұл-қызына тәлім-тәрбие беруге, ағайын-туғанның арасында ауызбіршілік пен сыйластықтың мықты болуына айрықша мән беріп, отбасы құндылықтарын сақтап келген.

Әр отбасы ата-баба дәстүрін жаңғырта отырып, қазіргі заманауи қоғамның қабырғалы институтына айналды. Соның ішінде жастардың әлеуметтік сұраныстарына толық жауап бере алатын мемлекеттік қолдау бағыттары айқындалды. Әсіресе, ана мен бала денсаулығы, жәрдемақылар жүйесі, оқу-тәрбие кешені жолға қойылды.

Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көп балалы отбасында дүниеге келген.

Біздің ауданда жас отбасылардың арасында көпбалалы отбасылар баршылық.  Осындай отбасының бірі, яғни жұмыста істеп, бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөліп  отырған отбасының отанасы Мыңбұлақ ауылдық округіне қарасты Көлбастау ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Шынар Қойлыбаева.

Шынар Ырзабайқызы Қарақалпақстан Республикасында дүниеге келген. 1995 жылы атажұртқа қоныс аударған. 2007- ші жылы Мыңбұлақ орта мектебін 9 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай Меркі ауданындағы «Болашақ»  колледжіне оқуға түседі.

2010 жылы Наурызбаевтар отбасына келін болып түседі. Қазіргі таңда төрт баланың анасы.

– Отбасым шағын ғана. Алла қаласа, үлкен отбасына айналамыз деген үміттемін. Отбасымызда атамыз бар, енем өткен жылы дүниеден өтті. Жұбайым Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжін аяқтаған.

Тұңғышымыз 10 жаста, есімі Әмина, екіншім 7-де есімі Інжу,  үшіншіміз Қайсар бір жарым жаста, ең кенжеміз енді ғана дүние есігін ашты.

Балаларыма марқұм әжесі қарады. Ол кісілердің балаларыма берген тәрбиесінің рөлі өте зор, енем марқұм әкеңе-анаңа сөз қайтарма, атаң мен әкеңнің жағасы мен бас киімі жерде жатпасын жоғары көтеріп қой, үлкеннің алдын кесіп өтпе, айқайлап күлме, тым қатты қысқа киме өсіп қалдың деген сияқты ақылдарын айтып отыратын. Сол кісінің беріп кеткен тәрбиесін әрі қарай жалғастыру үстіндеміз. Ата-әженің тәрбиесін бірде-бір балабақшада бере алмайды деп ойлаймын.

Бала тәрбиесі өте күрделі, мағынасы мен жауапкершілігі мол жұмыс. Бала тәрбиесі жайлы көп нәрсе айта алмаймын, себебі қасымда мұндаға дейін енем болғандықтан бала тәрбиесімен сол кісі айналысты. Әжесінің тәрбиесін көрген перзент жаман болмайды деп ойлаймын.

«Баланы тәрбиелеуге тырыспа, бала саған қарап бой түзейді»- деген жақсы сөзді бір жерден оқыған болатынмын. Сондықтан өзімізді өзіміз тәрбиелеп бізден үлгі алатындай, менің ата-анам осы кісілерге ұқсаймын деп мақтана алатындай ата-ана болуға тырысып жатырмыз,-дейді Шынар Қойлыбаева.

Шынардың күйеуі Шалабай Ахметұлы 1992 жылы Карақалпақстанда дүниеге келген. Аудандық кәсіпкерлер палатасынан грант ұтып алып, қазіргі таңда құс бағыты бойынша өз кәсібін бастап, жұмыс істеуде. Шынардың өзі де жеке кәсіпкер. Ол да «Бастау Бизнес» жобасы арқылы грант жеңіп алып, өзінің кішігірім кәсібін ашқан. Осы кәсіптерін  үлкейту жоспарларында  бар.

– Қазіргі жастар өте дарынды, ақылды, еңбекқор, кәсіпке жақын және жас болса да кәсіппен айналысып жатқандары көп. Жас болса да кәсібін дөңгелетіп жатқандардың  ең жасы 17-18 жастан бастап жатыр. Бұл әрине, қуантарлық жағдай, жастарымыздың арасында екі қолға бір күрек таппай жүрген, азаматтардың бары өкінішті әрине. Жастардың кәсіппен айналысуына «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының үлесі зор деп айта аламын.

Жас отбасы ретінде, көпбалалы ана ретінде қазіргі жағдайды айтатын болсам, көпбалалы аналарға әлі де көмек берілсе, үй берілсе деймін. Барлық мәселеңді Үкіметке ысырып қойып қарап отыруға да болмайды, еңбек ету керек. Өзің маңдай теріңді төгіп еңбек етіп тапқан несібеңде береке болады. Алланың берген нәсібесіне қанағат етіп, еңбек етейік.

Балаларымыздың, өзіміздің болашағымыз – өз қолымызда. Өзіміз еңбектенбесек, үкімет миллион берсе де, маңдай термен келмеген ақшаның  берекеті болмайды. Керісінше ай сайын тегін ақшаны күтіп, сол ақшаға сеніп еріншек болып жұмыс істеуден қаламыз,- дейді көпбалалы ана.

Отбасы – мемлекеттің бір бөлшегі. Біздің қоғамда отбасы құндылығын арттыруға үлкен көңіл бөлінеді. Әлбетте, отбасының ең үлкен байлығы да, тірегі де – ұрпақ. Сондықтан еліміздегі отбасы институтын нығайта түсу үшін демографиялық өсім өте маңызды бағыт болып қала бермек.

 

Баян Тұрсынқұлқызы,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close