Basty bet
Тәуелсіздік – баға жетпес байлығым
Тәуелсіздік – Тәңір сыйы бір ғажап,
Тайғақ жолдар қалды артта шын азап.
Тарихымның төрінде тұр азаттық
«Азатпын» деп мақтанады әр қазақ.
Тәуелсіздік – баға жетпес теңдігім,
Паш етеді бабалардың ерлігін.
Кемелденер келешекке бет алған,
Мәңгілікке қол созады елдігім.
Ұмытылмас желтоқсанның ызғары,
Әлі күнге жаңғырады мұң-зары.
Қандастарын қызғыштайын қорыған,
Қайраттардан мәңгі өшпес із қалды.
Бодандықтың талқандап тас қамалын,
Тәуелсіздік – арайлап атқан таңым.
Желтоқсанда атылып жанартаудай,
Азаттыққа жол ашты арыстарым!
Ел тағдырын, қиындықтың күрмеуін,
Шешу үшін атқа қонған Күлтегін.
Ер бабамның ерлік ісін Білге қаған,
Ұрпағына тасқа қашап қалдырған.
Ақтаңдақтар жаралаған жаныңды,
Тәркілеген қолыңдағы барыңды.
«Кіші октябрь» аштыққа әкеп қазақты,
Арыстарға жалған жала жабылды.
Қайран ғана арыстар, елім деген,
Жау алдында бүгіліп, берілмеген.
Алашыңның қамын жеп, жау атандың,
Мәңгі өлмес рухың бар жеңілмеген.
Дегелеңді айналдырып мекеніне тозақтың,
Аналарды аңыратып, боталарын боздаттың.
Аждаһаның біржолата үнін, демін өшірген,
Тәуелсіздік – тәу ететін ғажап күн!
Тәуелсіздік – баға жетпес шын бағым,
Алыптардың ісін қайта шыңдадың.
Болашақтың нұсқар биік шыңдарын,
Нар ұлдардың есті сөзін тыңдадым.
Жол бастаған шын данышпан, нар тұлға,
Елбасының еңбегі ерен расында.
Сан ұлттардың басын қосып осында,
Ұстай білген бір шаңырақ астында
Тәуелсіздік – айбыны асқақ шын бақыт,
Әрбір таңы арай шашқан нұрланып.
Елдігімнің жасампаздық әр ісі,
Болашаққа тұрғандай-ақ тіл қатып.
Тәуелсіздік – ар-намысым теңдігім,
Айбынымды асқақтатар келді күн.
Көк Туымыз көгімізде желбіреп
Мәңгі жаса, егеменді елдігім!
Әлия Жақсыбекова,
зейнеткер ұстаз.
Көлтоған ауылы