Basty bet
Жыр алыбының ақындық мұрасы – мәңгілік!
Жамбыл атамыздың ақындық мұрасы қазақ даласына мәңгілік мұра болып қалды. Қазақ халқының қайталанбас мұрасы, шанағынан күмбірлеген сазды әуен, сарынды үн ойнаған домбырамен бірге қазақтың ұлттық болмысын дәріптеген, ақын, жыршы, жырау, ұлан-байтақ қазақ даласын әуезді әнмен, халқының да даңқын дүйім жұртқа паш еткен, қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы да – Жамбыл.
Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Ол бозбала шағының өзінде-ақ өскен ортасын ән мен жырға кенелтіп, тіптен көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылып үлгерген.
Осы кезде өрттей жалындап, жұрт аузына іліккен жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның арқалы өнеріне құныға ден қойып, батасын алады.
Жамбыл қазақ халқының ғана емес адамзаттың жыршысы деп айтсақ, артық емес. Бүгінгі егемен еліміздің көгінде де Жамбылдың мәңгі өлмес жырлары тәуелсіз еліміздің жастарына рух береді. Оларды жақсы білім алуға, халқына адал қызмет етуге тәрбиелейді.
Жамбыл Жабаевтың ақындық жолы Жетісуда басталып Әулиеата, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда аймағында шыңдалады. Халқына қадірі артып, даңқы өрлеген Жамбыл, шабыт тұғырына қонған Алатаудың ақиық қыранындай, жыр нөсерін селдетеді.
Оның 1936-1945 жылдар аралығында шығарған жырлары 13 мың тармақтан асады екен. Ол ел өміріндегі табыс пен жаңғыруларды, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлайды. Жамбыл – әрі эпик, әрі айтыс ақыны, абыз жырау әрі жауынгер жыршы.
Ол шын мағынасындағы биік парасатты өнерпаз, азаматтық саяси поэзияны қалыптастырушы. Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенеді.
Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы атанды. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз»,- деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.
Жамбыл Жабаев 1916 жылы ұлтазаттық көтерілістің ұраншысы болып, қиын-қыстау кезеңде халқының қасынан табылды. Кеңес дәуірінің солақай саясатының қудалануынан да шет қалмады. Ақын халық үшін туылғандықтан жаратушының тағдырға жазуымен ел құрметіне де бөленді.
Бала кезінде әкесі Жабай біраз уақыт Сырдың бойындағы Қожатоғайда тұрғанда, осы жерде жас ақын Жамбыл Майлықожа, Мәделіқожа, Құлыншақ, Майкөт ақындармен кездесіп олардан бата алған. Жамбыл Жабаев – ұлы ақын, жырау, жыршы.
Қазіргі Жамбыл облысы Жамбыл тауының етегінде 1846 жылы 28 ақпанда Жапа деген елге қадірлі адамның отбасында дүниеге келген. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені.
Қазақ халқының рухани шежіресі, жыраулық дәстүрдің теңдессіз ұлы дала тұлғасы, абызы жыр алыбы Жамбыл атамыздың туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Жамбыл Жабаев шығармашылығы бүгінгі күн тұрғысынан жаңа қырынан талданып, Жамбылтану ғылымында өзінің айшықты ізін қалдырды.
«Ұлы даланың абыз ақыны Жамбылдың сан қырлы шығармашылық қатпарларын одан әрі тереңдей тани түсуге әр қазақ халқы үлес қосу керек. Тәуелсіз елімізге ақын шығармашылығы Ұлы Дала Елі ұрпақтарын ХХІ ғасыр көгінде қайта самғатып рухтандырары хақ. Ақиқатында дана жыраудың тәмсілдері уақыт сынына мызғымай төтеп берген сирек мұралар.
Болашақ ұрпаққа рухани азық болатын Ұлы Дала жыршысы Жамбыл жырлары, ақындық мұрасы – мәңгілік жас ұрпақтың санасында өшпестей жатталары анық.
Осы аталған істердің бәрі түптеп келгенде жас тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын одан сайын қатайта түседі. Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне таралды. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, қазақ халқының да даңқын дүйім жұртқа паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.
Мен де жыр алыбы Жамбылдың жырларын сүйсіне оқып, жаттап, әр қазақтың жаттап өсуіне ізгі тілектер айтамын. Ұлы даланың абыз жыршысының қалдырған жырлары мәңгілік жасайды. Жамбыл атамыздың ақындық мұрасы – мәңгілік екенін бар әлем біледі. Баба рухына бас иемін. Жыр дүлдүлі айтыс өнерінің дарабозы Жамбыл атамыздың жырлары халқымыздың мәңгілік мұрасы.
Гүлчехра ДҮЙСЕНОВА,
№25 Ақтөбе тірек мектебінің (РО) қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі