Qoǵam

Ұлттық кодымыз – тілде

«Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес». Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында осылай дейді. Рас, рухани жаңғырудың басы бүгін басталған жоқ. Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асты. Бұл бағдарлама аясында еліміздің және шет елдердегі тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғырды. Халықтың үлкен әдеби мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарихымыз үшін де ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаларымызды толықтыру мақсатында қаншама іс-шаралар атқарылды. Бұл – рухани және білім беруді дамыту салаларындағы негізгі құжат, яғни стратегиялық ұлттық маңызы бар жоба.
2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы тарихи құндылықтарымызға айрықша мән беріліп, төл тарихымызға қатысты құжаттарға жүйелі зерттеулер жүргізіліп, жинақталған еді. Бұл да рухани жаңғырудың басы болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.
ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептеуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деп атап өтті аталған мақалада.
Ұлттық код дегеніміз не? Қазақы қалып, ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және ұлттық болмыс. Ұлттық дәстүрдің де озығын алып, тозығын қалдыру. «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды». Адаспау үшін қазаққа қажетті табиғи болмысты сақтай білу. Өркениет көшінен де қалуға болмайды. Көшке ілесе отырып, қанымызда бар қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Ұлттық кодымыз қайда? Ұлттық код – ең алдымен тілде, сосын дәстүріміз бен салтымызда, мінезімізді айқындайтын ділде, ұлттық мәдениетімізде екенін ұмытпайық.
Назира Құлманова,
Жамбыл ауданаралық Әділет
басқармасының басшысы.
Қазақстан заңгерлер
одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close