Basty bet

Онлайн өтінім уақытыңызды үнемдейді

Аудандағы екпе алушылар оған өтінімді енді онлайн түрде бере алады. Мұндай мүмкіндік тұрғындарға аудан әкімі Олжас Қаржауовтың қолдауымен Google алаңында дайындалған арнайы платформаның арқасында беріліп отыр.

Алдағы сәуір айында ауданға Ресейде өндірілген КВИ-ге қарсы «Спутник V» вакцинасының кезекті легі келеді деп жоспарланған. Бұл жолы екпенің алдыңғыға қарағанда көлемі артып, егілетін халық санаты да кеңейеді деп болжамдалып отыр. Яғни, вирусқа бірінші кезекте осал топтағылармен қатар екпені ерікті түрде салдыратын адамдарға да басымдық берілмек. Бұл аудандық орталық аурухананың екпе егу кабинетінің, жалпы мекеменің жұмысына бірқатар қиындықтар туғызатыны мәлім. Себебі, екпе алуға ниет білдіргендер бір мезгілде ағылып келсе, оларға тиісінше қызмет көрсету уақыт жағынан созылып кетуі мүмкін.
Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Айтбаева жақында мекеменің тыныс-тіршілігімен танысуға келген аудан әкімі Олжас Есалханұлына осындай жағдайды баяндағанда, ол көп ойланбастан Google алаңынан вакцинациялау үшін өтінім беруге арналған онлайн платформа ашуға қолұшын беруге уәде еткен-ді.
Міне, әкім сөзінде тұрып, көп ұзамай аудан тұрғындары үшін Google алаңынан арнайы платформа ашылды.
– «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 77-бабына сәйкес кез келген медициналық ем-шара, соның ішінде вакцина салу тек адамның келісімімен ғана жүзеге асады.
Google алаңынан вакцинациялау үшін өтінім беруге арналған онлайн платформа арқылы екпе алуға ниет білдірген аудан тұрғыны тиісті сілтемемен өтіп, ашылған беттегі сауалнаманы толтыруы қажет. Сауалнаманы толтырған кезде емделушінің мәліметтері аудандық орталық емханадағы тізімге енгізіледі. Әрі қарай оның егілетін уақыты белгіленіп, бұл туралы емделушіге күнібұрын хабарланатын болады. Емдеу мекемесі белгіленген уақытқа екпе салатын орынға келіп, екпесін салдырады.
Вакцинациялау үшін онлайн өтінім беру халықтың уақытын әрі қаражатын үнемдеп, ретсіз, жөнсіз сабылуына, кезекте сағаттап тұруына жол бермейді. Емдеу мекемесіне және тұрғындарға осындай тамаша мүмкіндікті ұсынып отырған аудан басшысына алғысымыз шексіз, – дейді Айгүл Қалдыбайқызы.

Абылайхан Сәрсен,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close