Basty bet
Төл теңгеміз өмірге қалай келді?
Мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, халықаралық қаржы нарығында орнын анықтауда валютаның маңызы зор. Еліміз тәуелсіздігін алған соң араға екі жыл салып ұлттық валютасын айналымға қосты. Сөйтіп ғасырлар бойы аңсап жеткізген азаттық өзіміздің төл теңгемізбен сауда жасап, дербес алтын валюта қорымызды қалыптастырып, ұлттық банкімізді құруға ықпал етті.
Қазақстанның тәуелсіздігі шын мәнінде ұлттық валютамыз енгізілгеннен кейін ғана басталды деуге болады. Өйткені өз ақшасы болмай ешқандай ел өзіндік саясатын жүргізе алмайды.
Оқырманға, оның ішінде әсіресе, жастарға түсінікті болу үшін тәуелсіз еліміздің тарихына шолу жасасақ. Ол үшін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының “Тәуелсіздік шежіресі”, “Ғасырлар тоғысында” атты еңбектеріне жүгіндік.
Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін тәуелсіздігімізге қуанып үлгермей жатып екі аптадан кейін 1992 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей бағаны ырықтандыруды бастап кеп жіберді. Ортақ рубль аймағында тұрып жатқаннан кейін бізде басқа амал болмады. Сөйтіп біздің елде де бағаға еркіндік берілді. Сонымен Қазақстанда да леберализация басталды.
Елбасы 1992 жылы 14 қаңтарда Қазақстан халқына жариялаған Үндеуінде былай дейді: “Бағаның ырықтандырылуына небәрі бірнеше күн өтті, бірақ ол қазірдің өзінде көптеген адамдарды аса ауыр жағдайға душар етіп отыр. Ресей және басқа республикалардан кейін біздің де осындай шара қабылдауға мәжбүр болғанымызды сіздер жақсы білесіздер. Әйтпесе, біздің өнімдерімізді бұрынғы КСР Одағының басқа аймақтарының халқы жаппай сатып әкетер еді де, сөйтіп Қазақстан экономикасы орны толмас шығынға ұшырар еді”.
…Талайлар “Қазақстан қайда кетеді, кердеңдеп біраз жүреді де өз бетінше өмір сүре алмайтын болған соң алдымызға келіп өзі жығылады” дегені сөзсіз. Осындай пиғылды көргеннен кейін біз мемлекеттің өз ақшасы болмайынша, шын мәнінде тәуелсіздік келмейтініне әбден көз жеткіздік. Сөйтіп Ресей рубль аймағынан бізді теуіп шығармай тұрғанда оқиғаның алдын орап, өзіміз кетуге тырыстық. Содан ұлттық валютаны дайындау жөнінде жұмыс тобы құрылып, топ 40 күнде казармалық жағдайда құпия түрде жұмыс істеді.
Егемендіктің елең-алаң шағында, тәуелсіз Қазақстанның қанаты жаңа-жаңа қатайып, қаз басқан қиын кезеңінде Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ұлттық банктің төрағасы қызметтерін атқарған белгілі экономист-ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дәулет Хамит Сембаев 2001 жылы “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатында былай дейді: “Нұрсұлтан Әбішұлы бір топ адамды өзіне шақырып алып, құпия тапсырма берді.
Президент теңгенің енгізілетінін біраз адамға айтты. Әрқайсымыз кабинеттен шықаннан кейін мемлекеттік құпияны жария етпеу жөнінде қолхат бергеніміз бар. Шындығында Нұрсұлтан Әбішұлы ол құпия Жарлыққа Ресейде баға босатылғаннан біраз уақыт өткеннен кейін-ақ қол қойған болатын.
Болашақ ақшамыздың дизайндық жағы Тимур Сүлейменов басқаратын суретші жігіттерге тапсырылды. Олар да біз сияқты тауда жатып алып жұмыс істегені есімде.
Жұрттың көбі біздің шаруамыз теңгені дүниеге әкелуге ғана келіп тірелгендей көрінетін сияқты. Олай емес. Теңгені жасату, суретшілердің идеяларын банкнот бетіне шығару, оны бастырып әкелу, әрине, ол да қиын шаруа. Бірақ негізгі мәселе – ұлттық валютамыздың орнықтылығы, өміршеңдігі, ең бастысы, айырбасқа жарайтындай болуы еді. Әсіресе, валюта рыногын қалыптастыруға бас қатырыдық
Әуелі жігіттер банкноттарға Президенттің өзінің суретін салып әкелгендері бар…Елбасы ол жобаларды бірден-ақ қабылдамай тастады. Теңгелерге салынатын бабалар суретіне байланысты неше түрлі қызық жайлар болған…. Жалпы, әлемде ұлттық валюталарына хайуанаттар әлеміндегі қасиетті жануарларды, елдегі аса құнды тарихи ескерткіштерді салған мемлекеттер де аз емес. Біз ұлтымыздың ұлы тұлғаларын бейнелеген жөн деп шештік.
Теңгенің қалай жасалғанына оралсақ. Біздің валюта Англияда дайындалды. Президент тапсырма берген соң Төрт “ИЛ-76″ ұшағын ақшаның негізгі бөлігін тасып алдық. Дизайнер жігіттеріміздің сол ұшақтардың ішінде, тау-тау болып үйілген ақшаның арасында елге жеткізілгені де бір қызық хикая…
…Қазір сонау 1992 жылы Мәскеуге ай сайын барып, қанша ақша керек екенін дәлелдеп жататын кез есіме түседі” дейді.
Бұл жөнінде Елбасы кітабында быйлай дейді: “Төрт ұшақ аптасына Лондон-Орал, одан облыстарға дейін әрлі-берлі 18 рейс жасап тұрды. 12 қарашаны мен ақшаны енгізу күні деп жарияладым. Жиырма күнге жетер жетпес уақыт қалды. ҰҚК басшыларының бәрін операцияны өткізуге жұмылдырдым. Ең қиыны – ақшаны барлық аудандарға, барлық банктерге жеткізу. Ол сегіз күннің ішінде атқарылып шықты. Бәлкім, дүние жүзінде жаңа ақшаны енгізу тап осындай тез әрі табысты жүзеге асырылған жоқ шығар”.
Иә, осынау тарихи қадам біздің дербес экономикалық бастамаларымызға, өзіндік қаржы саясатын жүргізуімізге жол ашты. Ең бастысы, елімізге толыққанды тәуелсіздік сыйлады. Жоғарыда айтып өткендей, теңге дизайнын жасау үшін Тимур Сүлейменовтың басшылық етуімен, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов секілді білікті суретшілер жиылып, авторлық ұжым құрылды. Теңге дизайны өте қысқа мерзім – бір жыл ішінде жасалғанына қарамастан, ерекше дизайн мен сапаға ие болды. Авторлардың алдына қойылған талап та тым биік еді. Алғашқы банкноттарға қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғалар Әбілқайыр хан, Абылай хан, Әл-Фараби, Абай, Жамбыл, Сүйінбай, Шоқан бейнелері салынды. Осылайша Қазақстан қаншама жыл бодандық құрсауында болғанына қарамастан, өзінің түпкі тарихын ұмытпағанын, оны әр кез қадірлеп, қастер тұтатынын және бай тарихымен мақтана алтынын да әлем алдында дәлелді.
Қазір ақшамыз Алматыдағы банкнот фабрикасында шығарылса, монеталар Өскемендегі теңге сарайында соғылады. Теңге талай өткелектен аман өтіп, қаншама халықаралық экономикалық сынақтарға төтеп беріп келеді. Мемлекет саясатының орнықты жүргізілуі арқылы теңгенің тамырына қан жүгіртетін басты қор – отандық алтын валюта қоры үлкен күшке ие болып, бұл азаматтар мен қаржы секторына зор сенім сыйлап келеді.
Осының бәрі сөзсіз Президентіміздің экономиканы, оның ішкі заңдылықтарын жетік білетіндігінің, кеңінен ойлап, батыл шешім қабылдай білетін саясаткерлігінің арқасы.
Қысқасы, әрбір қазақ баласының теңгенің өмірге қалай келгенін білгені ләзім.