Basty bet
Тельман Еркінбекұлының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды
Уикипедия жобасынан алынған мәлімет
Сауранбеков Тельман Еркінбекұлы (6.06.1941 жылы туған, Жуалы ауданы, Қошқарата ауылы) – қоғам қайраткері. Қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген (1962 ж.). Еңбек жолындағы қадамын аудандық Пионерлер үйінің әдіскері, пионер лагерінің тәрбиешісі болып бастады. 1962-65 жылдары Алматы қаласы Совет ауданы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1969-72 жылдары Алматы қаласы комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1972-76 жылдары БЛКЖО Орталық комитетінің жауапты ұйымдастырушысы, 1976-84 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің хатшысы, 1984-86 жылдары Алматы қаласы партия комитетінің хатшысы, 1986-90 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нің шетелдермен байланыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі, КСРО Министрлер кеңесінің Қазақ КСР-і бойынша дін істері жөніндегі өкілетті өкілі, 1990-95 жылдары ҚР Президент аппараты мен Министрлер Кабинетінің хат және азаматтарды қабылдау бөлімінің меңгерушісі, 1995-97 жылдары ҚР Үкімет жанындағы дін істері жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары, 1997 жылдан ҚР Парламентінің Сенат Аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің (11 – шақырылған) депутаты болып сайланды. « Құрмет Белгісі » орденімен екі рет марапатталды.
Жуалы жері өзінің атақты перзенттерімен, даңқты тұлғаларымен аты алысқа танылған киелі өлке. Бауыржан Момышұлы бастаған батырлары мен генералдарын айтпағанның өзінде, Жуалыда еліне адал қызмет еткен қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, білім-ғылым, әдебиет, мәдениет және өнер тарландарының өсіп шыққаны белгілі. Алайда олардың көбін бүгінгі ұрпақ біле бермейді. Сондықтан Жуалыдан шыққан осындай танымал тұлғаларын жас ұрпаққа таныстыру, насихаттау мақсатында газетімізде өткен жылы жерлестеріміз, ақын, жазушы, журналист ағаларымыз Мырзахан Ахметов, Доқтырхан Тұрлыбеков, Талғат Айтбайұлы, Қасым Әзімхановтың бастамасымен «Туған жер түлектері» деген жаңа айдар ашылған болатын. Айдардың ең алғашқы қарлығашы ретінде Жуалының Қошқарата ауылынан түлеп ұшқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Тельман Еркінбекұлы Сауранбеков туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Мырзахан Ахметовтың «…Жылдар үдерісінде бұлақ болып басталып, дарияға айналған Тельман Сауранбеков» атты мақала жарияланған болатын.
Мақала арқылы оқырман қауым жерлесіміз Тельман Сауранбековтың өмір жолы, еңбек жолы, іскерлігі мен биік адами қасиеттері жайлы оқып білді.
Тельман Еркінбекұлы 1941 жылы 6 шілде күні Жуалы өңірінің қасиетті топырағында дүниеге келіпті. Ес біле бастағаннан отбасы әкелерінің қызмет бабы бойынша Бурный селосына қоныс аударып, төрт жасынан бастап балабақшаға барып, 1 сыныпты орыс мектебінде оқиды.
Зеректігі мен ұқыптылығы бала кезден байқалған Тельман ауылдағы орыс орта мектебін 1957 жылы тамамдаған соң аудандық Пионерлер үйіне әдіскер болып жұмысқа орналасады. Бұдан кейін араға біраз уақыт салып Алматы қаласының Совет ауданына қарасты пионерлер лагеріне тәрбиеші, №6 мектеп-интернатына пионервожатый, тәрбиеші қызметтерін атқарған. Бал қылықты балдырғанмен бұлайша жұмыс жүргізу жас жігіттің жан жүрегінде өзіндік ізгілікті ізін қалдырғаны айқын еді.
Тельман Сауранбеков сол кездегі ең жоғары оқу орны Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқиды. Одан кейінгі өмір жолы көп ретте Алматы облыстық, қалалық, соның ішінде Совет аудандық комсомол комитетімен байланысты болған. Ең бастысы, қай қызметте болса да біліктілігімен, үлкен ұйымдастырушылық қабілетімен танылған. Оның бастамасымен ұйымдастырылған мәдени-көпшілік, тәрбиелік бағыттағы іс-шаралар қашанда өзінің мазмұндылығымен, тартымдылығымен ерекшеленген.
Жалынды жастар жетекшісінің бұл орайдағы құлшынысы мен оның бойындағы жақсы қасиеттердің, ұйымдастырушылық қабілетінің басшылар назарынан қағыс қалмайтыны белгілі еді. Бұл жолы да солай болып, Тельман Сауранбеков сол кездегі орталық Мәскеуге, Бүкілодақтық комсомолдың аппаратына қызметке шақырылады.
Жерлесіміз Мәскеуде үш жыл қызмет етеді. Одан кейінгі жерде Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің, Алматы қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметі, ҚР Президенті аппараты мен Министрлер Кабинетінде, ҚР Парламенті Сенатының аппаратында жұмыс істейді. Тельман Еркінбекұлы қандай биік лауазымда қызмет етсе де кейбіреулер сияқты астамшылықтан аулақ болып, қай кезде де өзінің кішіпейіл, ізетті, достыққа, жолдастыққа адал қалпынан айнымаған. Оның өз ортасына, жалпы көпшілік арасында сыйлы, беделді болуы да осы бір асыл қасиеттеріне қатысты екені даусыз.
Соғыстан кейінгі кезеңде Москвада лауазымды қызмет істеген қазақтың мықты үш азаматы болған екен. Олар – Қаратай Тұрысов, Кәкімбек Салықов және Тельман Сауранбеков. Бұл азаматтардың онда қандай лауазымдық қызмет атқарғанын көзі қарақты азаматтар жақсы біледі. Тоталитарлық кезеңде идеологияның шектеу әрекеттері көп болғанына қарамастан, Тельман Еркінбекұлы қызмет барысында қазақ елінің мүддесін жоғары дәрежеде қорғай білді.
Халқымыз «Жақсыдан – шарапат» дейді. Тельман ағаның есімін жерлестері әркез құрметпен және ризашылықпен еске алады.
Өткен ғасырдың 60-90 жылдарында сол кездегі еліміздің астанасы – Алматыда Жуалының көп жастары жоғары оқу орындарында оқыды және лауазымды қызмет атқарды. Тельман аға көптеген жерлестеріне мамандық таңдауына, тұрмыстық мәселелерін шешуде тікелей мұрындық болған.
Қайраткердің жан-жақты, сан қырлы тұлғасы жайлы әңгімелегенде оның тәлімгер ұстаздары мен жан аяспас достары жайлы айтпай кете алмаймыз. Ұстаздары дегенде ойымызға ең алдымен ұлтымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы оралады.
Ел есінде осынау үш жуалылық аптал азаматтардың – Бауыржан Момышұлы, Құрманбек Сағындықов және Еркінбек Сауранбековтың ажырамас достығы балалары Бақытжан, Кеңес, Тельмандардың жалғастырғаны сүйіндірмей қоймайды. Мұны әкелері де қаласа керек, содан кейін де олардың балалары үш досты бөліп-жармай әке қатарына санапты. Бұл мысалдан Тельман ағамыздың өз әкесінен ғана емес, атақты Баукеңнің өзінен, белгілі журналист, шебер аудармашы Құрманбек Сағындықовтан да тәлім, өнеге алып, өскендігін, қайраткер болып қалыптасқандығын көреміз.
Көпжылғы ерен еңбегі үшін Тельман Еркінбекұлы екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, БЛКЖО Орталық комитетінің «Комсомолдағы белсенді қызметі үшін» төсбелгісі және Құрмет грамоталарымен, Қазақстандағы ЛКЖО Орталық комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған болатын. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты, Қазақстан комсомолы Қазақстан Компартиясының бірнеше съездерінің делегаты болып, алқалы жиындардың төрінде абыройы асқақтап отырды. Ердің жасы елуден асқан шағында өзі туып-өскен өңірдің – «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атанды.
Есімі ел есінде қалған абзал азамат, Димаш Ахметұлы мен Асанбай Асқаров, Өзбекәлі Жәнібеков сияқты бірегей тұлғалармен тығыз байланыста қызмет атқарып, тәлім-тәрбиесін көріп, өнегесін алған Тельман Сауранбеков сексеннің сеңгіріне аяқ басқан шағында, 2020 жылдың қазан айында өмірден өтті.
Өткен жұмада, яғни 1 қазан күні Алматы қаласында Тельман Еркінбекұлын еске алуға арналған жиын өтті. Жиынға жуалылықтардың атынан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, ауданымыздың Құрметті азаматы Әбуғали Ералиев пен ардагер Сауытбек Махамбетов барып қайтты.
Алдымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің екі дүркін иегері Тельман Еркінбекұлы Сауранбековтың құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Рәсімнің өту барысы жайлы аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызы әңгімелеп берді.
-Жерлесіміз Тельман Еркінбекұлының құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі ол кісінің тұрған үйі, яғни Алматы қаласындағы Д.Қонаев көшесі мен Құрманғазы көшесінің қиылысындағы үйдің ауласыында өтті.
Рәсімге Алматы қалалық мәдениет басқармасының өкілдері, отбасы мен ағайын-туыстары, өзімен үзеңгілес замандастары және жуалылықтар қатысты.
Алғашқы сөз кезегі Алматы қалалық әкімдігінің мәдениет басқармасының басшысы мен Алматы қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бейжановқа берілді.
Одан соң Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғаникен Бибатырова, Тельман Еркінбекұлының туыстары Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Рәтбек Сауқымбекұлы мен Мусын Қожақов, тағы да басқа жолдастары сөйледі. Сөз сөйлеушілер Тельман Еркінбекұлының өмір жолы мен еңбек жолы жайлы естеліктер, ол кісінің бойындағы жас ұрпаққа үлгі боларлық игі қасиеттер жайлы айтты.
Жиын әрі қарай жалғасты. Онда біз, Тельман ағаның туған жерінен барған жерлестері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың отбасына деген сәлемін, яғни ризашылық хатын тапсырдық. Сонымен бірге исламтанушы, діни қайраткер Серікбай қажы Ораз Тельман Еркінбекұлының әруағына бағыштап құран оқып, қайраткер көзі тірісінде жасаған қайырымдылық істерінің жалғасы ретінде отбасының әкелерінің жылдығына орай ұйымдастырған сауап іс, яғни мешіттер мен балалар үйіне жасалған қайырымдылық шаралар туралы айтты.
Жалпы мұндай мемориалдық тақта кез келген үйге орнатыла бермейді. Ел мен жерге еңбегі сіңіп, қайраткерлігімен жұрт жадында қалған азаматтар ғана мұндай құрметке лайық. Тельман Сауранбеков сондай ерен құрметке лайық бірегей тұлғалардың бірі.
Бұл тақта арқылы жас ұрпақ «Біз қайраткер атамыздың көзін көргенбіз, өзін көргенбіз, біз сол көшеде тұрамыз» деп мақтан тұтып, сондай азамат болуға тырысады. Жалпы бұл шараның жас ұрпаққа берер тағылымы мол деп есептейміз.
Шарада жерлестеріміз Мырзахан Ахметов, Ержанбек Нұрбеков, Талғат Айтбайұлы да бірге болды. Ол кісілер бізді ыстық ықыласпен қарсы алды.
Жалпы, іс-шараның бойынан көп тәлім-тәрбие алдық. Шара барысында қонақтарға «Тельман» атты кітап сыйға таратылды. Бұл мақалалар мен естеліктер кітабын редакциялаған және алғашқы тарауын жазған жерлесіміз Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мырзахан Рахманбердіұлы Ахметов екен.
Кітап киелі Жуалы жерінің табиғаты ерекшелігі, Тельман ағаның балалақ шағы мен жастық шағы жайлы мақаламен басталады. Бұл тарау «Көргені жақсы көш бастар» деп аталады. Бұл тарауда Тельман ағаның жары Мейіржан Мұқажанқызы, жалпы отбасы жайлы және Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Тәңіртаудың түлегі» атты естелігі берілген. Кітапта сонымен бірге замандастары мен әріптестері, аға-інілерінің аға жайлы естеліктері жазылған»,- дейді Анар Садыққызы.
Иә, елім, жерім деген адал азаматтарымыз лайым көбейе берсін!