Basty bet
Ережеп айының артықшылығы
«Ережеп» сөзі «Тәжриб» түбірінен шығып құрмет және ілтипат мағынасына келеді. Осы айда тәубеге келіп және ғибадат еткендерге Алла Тағаладан мейірім шапағат жауып нұр жауатыны ақиқат. Сондықтан адам баласы бұл айда күнә атаулыдан аулақ болып, құлшылықты көбейткен жөн.
Деректерге қарасақ, Ережеп суы сүттен ақ, балдан тәтті және мұздан салқын бір жұмақ өзенінің аты екендігін көреміз. Бұл мөлдір бұлақтан тек қана Ережеп оразасын ұстағандар ғана ішеді екен.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп бұйырады:
«Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, жайбарақат жүретін Алланың айы болып табылады. Сеніп және шын пейілімен маңыз беріп Ережеп айында бір күн ораза ұстағандар Ұлы Алланың ризасына бөленеді».
Ұлы Алла Тағала Зилқағда, Зилхижжа, Мухаррам және Ережеп айларын өзге айлардың көркі етіп жаратыпты. Сондықтан да Алла Тағала Құранның Тәубә сүресінде: «Айлардың саны Алланың назарында және кітабында он екі» деп баяндайды. Бұл айлардың төртеуінде адамның адамға қастандық жасамайтын ай болып табылады. Бұдан басқа айларда күнә істей беруге болады екен деген ұғым болмауы тиіс. Мен мұсылманмын деген пенде әрдайым Алланың назарында екендігін ұмытпай, түрлі күнә атаулыдан аулақ болуы тиіс. Аталған бұл айлардың үшеуі кезегімен келіп, тек қана біреуі жеке келеді. Ол да Ережеп айы.
Кейбір мәліметтерде Ережеп айының алғашқы жұма түнінің үштен екісінен кейін таңға дейін барлық періштелер жеке-жеке Ережеп айында ораза ұстаған пенделерге дұға етеді екен. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Кімде-кім қасиетті айларда (Зилқағда, Зилхижжа, Мұхаррам және Ережеп) айлардан үш-үш күннен ораза ұстаса, амал дәптеріне тоғыз жүз жылдық ғибадат сауабы жазылады». Хадисті жеткізген Әнәс бин Мәлик (Алла одан разы болсын) бұл хадис жайлы: «Егер осы хадисті пайғамбарымыздың аузынан өз құлағыммен естімеген болсам, құлағым керең болсын» – депті.
Таңқаларлық жорамал: Қасиетті айлар төртеу. Ең үлкен періштелер төртеу, Алла тағала тарапынан келген басты кітаптар да төртеу. Дәрет алу ағзалары де төртеу, Алланы ұлықтау сөздерінің ең жақсысы да төртеу, олар: «Субханаллаһ, Әлхамдулиллаһ, Лә илаһа илла Аллаһ, Аллаһу әкбар», сандардың негізі де төртеу: «бірлік, ондық, жүздік, мыңдық», уақыттар да төртеу: «сағат, күн, ай және жыл», мезгілдер де төртеу: «көктем, жаз, күз, қыс» болып табылады және т.б.
Дәйләмидің риуаятында Әзіреті Айша (Алла одан разы болсын) Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла Тағала мына төрт түнде мейірімін жаудырады: Құрбан мейрамының түні, Рамазан мейрамының алғашқы түні, Шағбан айының он бесінші түні және Ережеп айының алғашқы түні», – дегенін есіттім деп баяндайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп бұйырады:
«Сондай-ақ бес түн бар, Алла Тағала осы аталған түндерде Өзі үшін мінәжат етілген дұғаларды шәк-шүбәсіз қабыл етеді. Ережептің алғашқы түні, Шағбанның 15-ші түні, Жұма түні, Рамазан және Құрбан мейрамының түні.
Ережеп айы келгенде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрдайым былай дұға еткен: «Аллаһым! Ережеп пен Шағбан айларын біздерге берекелі етіп, рамазан айына аман жеткізе гөр».
Құрметті мұсылман қауым! Кіріп келген қасиетті айлар құтты әрі берекелі болсын. Алла Тағала халқымызға амандық, елімізге тыныштық, әрбір мұсылманның шаңырағына құт-береке берсін.
Асхат Ақмамбетов,
ауданның бас имамы