Basty bet

Арықтың басында отырғандар су ішеді …

бақшалықтарда ағын су зәрулікке айналып отыр

Жаз мезгілінің келуімен, тұрғындар тарапынан бақша суына сұраныс көбейе түсетіні анық. Өйткені, әркім өз бау-бақшасына еккен дақылдарынан қал-қадерінше өнім жинап алып, бала-шағасының қыстық ырзық-несібесін қамдап алғысы келеді. Базардағы баға анау, жылдан-жылға аспандап бара жатқаны.
Біз осы ретте, аудан орталығы мен іргелес елді мекендердегі ағын судың жай-күйін зерделеп көрген едік.

«Етектегі ауылдарда ағын су мол»
Бүгінде Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылындағы 12 көшеде 320 аула, Диқан ауылында төрт көше бар. Қайрат ауылында алты мұрап сайланған. Ауылдағылар арық суының жартысын «Қайрат» арнасынан, қалғанын бастау-бұлақ көздерінен алып отыр. Беделбаев көшесіндегі 60-70 шақты үй Ақсай су шаруашылығы жүйесі арқылы су алуға қаражат жинап, шарт жасауда.
– Ұйымдастыру жұмыстарымен мекеме бастығының орынбасары Мұхамеджан Әсемов айналысуда. Тәукебаев көшесі бақша суын Мәтенбұлақ бастауынан алады. Судың тәуліктік көлемі тұрғындарға жеткілікті. Бақшаларда картоп, құлпынай, таңқурай, жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, қара өрік және т.б. бапталуда, – дейді ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Рақымжан Ембергенов.

«Менің кеңсемнің үстіндегілер бақша суынан тарықпайды»
Мыңбұлақ ауылдық округінде өткен жиында тұрғындар ағын су мәселесін жиі көтереді. Алайда, округ елді мекендеріндегі бақша суының бүгінгі жай-күйін білмек болып, сұрағанымызда, ауыл әкімі Ғабит Үмбетәлиев осылай деп жауап берді.
– Көлбастау ауылындағы Әбден Рысбекұлы көшесіндегі арық жүйесінің ұзындығы 900 метрді құрайды. Көше бақша суымен толық қамтылған. Байтоқов көшесінің диірменге дейінгі төменгі бөлігі су алмайды. Ақсақалдармен кеңесіп, бұрынғы арық жүйелерін қалпына келтіру туралы пікірлестік. Әкімдік тарапынан бұл жұмыстарға ЖСҚ әзірленіп, қаражат қаралуда. Байтоқов, Қонаев, Бауыржан Момышұлы көшелерінің бас жағы Ақсай өзенінен келетін арнамен су ішуде. Бес мұрап судың уақтылы кестемен берілуін қамтамасыз етуде. Менің кеңсемнің үстінде тұрған сегіз көшедегі үйлер Абай көшесіне дейін су алады» дейді Ғабит Үмбетәлиев.

«Ендігі үмітіміз – Ақсай суында»
Аудан орталығындағы Абылай хан көшесіне бақша суы келмегеніне 5-6 жылдың жүзі болды. Бүгінде тұрғындар судан күдерін үзе бастаған. Көше тұрғыны, еңбек ардагері Қуантай Исаевтың айтуынша, көше кезінде орталықтанған арық жүйесінен су ішетін. Алайда, ол істен шығып, арықтары бұзылғаннан кейін көпшілік асарлатып, сайдағы бұлақ көздерінен жиылатын өзеннің арнасын бөгеп, арық тартқан. Сай жағалап, жоғарыға көтерілетін осы жүлгенің суы 10 жылдан астам кәдеге жарап келген. Алайда, соңғы кезде бастаудағы су тартылып кетті. Соның салдарынан арыққа келетін ылғал да тыйылған.
– Су келіп қалады деген үмітпен және бақшалар мүлдем қурап, қурай басып кетпеуі үшін жерімізді жылда аударып, өңдейміз. Қолдан келгенше, ұсақ-түйек дақылдар егеміз. Там-тұмдап жеміс ағаштарымыз да бар. Біреулер қолдан колонка ұрғызайын деп еді, су 50-60 метр тереңдіктен шығады екен. Содан ескі құдығы барлар, бақшалығын құдықтан сорғы арқылы суғарады, болмаса аздап ауызсу құбырынан пайдаланады.
Біздің ендігі үмітіміз – Ақсай өзенінен қосымша салынып жатқан арықта. Құрылысты жүргізіп жатқан «Жуалы су» мекемесінің бастығы Қуанышбек Болысбаев суды осы айдың аяғына дейін Қайрат ауылының үстіне жеткізіп береміз деп уәде беріп отыр. Әрі қарай су үш тармақпен іргелес Қайрат, Көлбастау, Бауыржан Момышұлы ауылдарына таралуы тиіс, – дейді Қуантай ақсақал.

«Бұлақ суы
кәдемізге жарауда»
Абылай хан көшесіне қарама-қарсы сайдың шығыс жақ бетіндегі Ақсай, Қайрат Рысқұлбеков, Желтоқсан, Амангелді Иманов көшелері де суды бірнеше жылдан бері сол сайдағы бастаулардан ішіп келеді. Тек бұл жаққа шығатын өзек олардыкінен сәл төменде. Бастапқыда көше тұрғындары Ақсай өзенінен келетін суға мойын созатын. Кейінгі кездері бұл арнаның суы шіліңгір шілдеде үзік-созық келіп, одан әрі мүлдем тыйылатын болды. Осылайша, арнаның су жолшыбай етектегі көк-сөк еккен шаруалардан артылмайтын болды.
Көпшілік ойласа келе, сайдың бергі қабағындағы бұлақ көздерін аршып, Көлбастау ауылының Қарасай батыр көшесінің тұсынан сайдың табанын бекітіп, суды ескі жүлгемен жоғарыға жіберген.
Қайрат Рысқұлбеков көшесінде тұратын Әлихан Исақов бірнеше жылдан бері жаз мезгілінде осы жүлгеде сушы болып істеп жүр. Мұрап болу қиындығы мол жұмыс.
– Осы жүлгенің суын бүгінде бес көшенің тұрғындары бақша суғаруға пайдаланып жүр. Дегенмен, судың көлемі алғашқы кездегідей емес, тартылып бара жатыр. Биыл да күн ыси бастағалы сайдың жағасындағы төрт бастаудың екеуі суалып қалды. Жұмысым құлқынсәріден басталады. Суды таңғы сағат төрттен түн қараңғылығына дейін беремін. Су көзін молайту үшін бастауларды тазартып, жолшыбай тұрып қалған кедергілерді алып тастаймын.
Арықтың бойын қуалап, күніне бірнеше мәрте барып келемін. Бас жағындағы сайдың қабағына әлдекімдер құрылыс қоқыстарын төгіп кеткен. Қабырғадан шыққан ірі-ірі кесектерді балалар ойнап, арыққа құлатып тастайды. Кейде адамдар өз шарбағынан өтіп жатқан арықтың суын ескертпей жығып алады, – дейді мұрап.
Бұлақ суын кәдеге жаратып отырғандар арасында аурухана аймағындағы Достық және Нұрлан Тұрысов көшелерінің тұрғындары да бар. Аталған көшелерге арық суы терең сайдың қарсы екі қабағынан тартылған. Бастаудан толып ағып жатқан су сол маңдағы бақшалықтардың қажетін қанағаттандырып отыр. Алайда, сайдың батыс жақ бетін табанына дейін қоршап алған әлдебіреу «бұл менің жекеменшік жерім, шарбағымнан су өткізбеймін» деп арық жағалауында отырған үйлерге су бермейтін рай танытып отыр. Тұрғындар оның әрекетінің қаншалықты заңды екенін білмекке ауыл әкімдігіне жүгінген. Ондағылар арнайы комиссия шығарып, мәселені шешіп беруге уәде берген.
-Біз көп жылдан бері бау-бақша суғарып жүрген сайдың суын өткен екі аптадан бері ала алмай отырмыз. Себебі, Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғыны Жанар есімді азаматша бақшамызға ағын су келетін сайдағы арықты белгісіз себептермен жауып тастап отыр. Ол өз үйінің тұсындағы сайды атына заңдастырып алғанын айтады. Ең біріншіден, осы мәселенің анық-қанығын біліп, заңдылығын анықтау қажет.
Достық-1 және Достық көшесінде 50-60 жылдан бері тұратын ақсақалдардың айтуы бойынша, тұрғындар сайдан келетін бұл арықтан суды 50 жылдан бері алып келеді екен. Бұл арық жыл сайын көше тұрғындарының күшімен тазаланады. Ал Қ.Түрікбаев көшесінің тұрғыны Жанардың айтып отырған уәжіне біз келіспейміз. Ағын судың жүруіне ыңғайлы болу үшін сайдағы арыққа бетон науа немесе құбыр орнату қажет сияқты. Сонда ғана бұл түйінді мәселе шешіледі.
Көше тұрғындарының ендігі тілегі, ағын судың келуін қаматамасыз ету. Себебі, шарбағымызға еккен көкөністеріміз бен бау-бақша дақылдары судың жоқтығынан қурап барады. Қазіргідей қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған уақытта бұл ауыл тұрғындары үшін өте маңызды. Ауыл әкімі тез арада шешім қабылдап, тұрғындардың маңызды мәселесін оң шешіп береді деп сенеміз,- дейді Достық көшесінің тұрғыны Жанболат Ешенқұлов.
Дегенмен, бақша суын пайдалануда осындай келеңсіз жайттар да болып жатады.
Жалпы, Бауыржан Момышұлы ауылында 83 көшеде 3 029 тұрғын үй бар, оның 27-сі екі қабатты үйлер. 2800 аула бақшалық су алуы тиіс. Ауылдағы суландыру жүйесінің ұзындығы 8 500 метрді құрайды. Ауыл әкімі Көбейсін Хайралапов тұрғындармен көшелердегі арық жүйелерін тазалау, Ақсай өзенінен келетін суға дайындау туралы жүйелі жиналыстар өткізіліп жатқанын айтады. «Адамдар қазір бұған өз қызығушылығын білдіруде. Бәйтерек көшесінен Бауыржан Момышұлы көшесіне қарай су құбырын тартып беру туралы «Жуалы су» мекемесімен келісімге қол жеткіздік» дейді ауыл әкімі.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close