Basty bet
Халық қалаулысы маңызды мәселелерге назар аударды
Қазіргі таңда халық қалаулылары ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстар, оң өзгерістермен қатар, ұзақ жылдан бері қордаланып, шешімін таппай келе жатқан проблемаларға назар аудару үстінде.
Осы орайда алдыңғы аптада Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары барысында Жуалы ауданына да арнайы атбасын бұрғаны белгілі. Міне, өткен аптаның жұма күні Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген облысқа жасаған сапарының аясында біздің ауданға да арнайы келіп, шаруалармен кездесу өткізіп, бірқатар ауызсу құбыры тартылып жатқан ауылдарға барды.
Халық қалаулысы ең алғаш ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінің Жаңаталап ауылына аялдап, «Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысымен және ондағы сүт өңдеу цехының құрылысымен танысты.
«Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында құрылған аталған кооперативке ауылдық округтен 209 адам мүше боп кірген. Округтегі 494 ауланың 444-і жобаға белсенді қатысу үстінде. Оның ішінде 191-і несиелендірілген. Қалғандары үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеруде. Жалпы жобаның аясында Ақтөбе ауылдық округі 580 миллион теңге жеңілдетілген несие алып отырғанын айта кетуіміз керек. Одан бөлек, жалпы құны 94 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникалары алынып отыр.
«Атамекен Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің атқарушы директоры Зайырбек Сұлтанмұратов ұжымның жұмысымен қатар, ондағы туындап отырған проблемаларды да айтып өтті.
Оның айтуынша, кооперативке ауыл шаруашылығы дақылдарын егу үшін 300-400 гектар көлемінде егістік жердің қажеттілігі туындауда екен. Тағы бір айта кетерлігі, биыл өнім жылдағыдан төмен. Егістіктерге элиталық арпа, бидайдың тұқымдары егілгеніне қарамастан өнімнің шығымы жақсы емес. Жоба аясында мал алған азаматтарға да бұл жағдай қиын тиіп отырғанға ұқсайды. Осыған байланысты кооператив мүшелері несие төлемдерін белгілі бір уақыт аралығында шегере тұруды сұрап отыр.
Кооператив мүшелерін мұқият тыңдаған халық қалаулысы Мейрамбек Төлепберген, жалпы елдегі ауыл шаруашылығындағы жаңалықтармен бөлісіп, Үкімет тарапынан асыраушы саланы дамытуға бағытталған ұлттық бағдарламаның қабылданғалы жатқанын, сонымен қатар, Парламент қабырғасында жер қатынастарын реттеуге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, көтерілген мәселелерді назарға алып, оның кейбірін жазып алды.
***
Парламент Мәжілісінің депутаты М.Төлепберген келесі кезекте Қызыларық ауылдық округінің Алатау ауылында тартылған ауызсу құбырының жұмысымен танысты. Жалпы бұл ауылда 82 үй бар. Ауылдың бас жағындағы сусорғы станциясының басында жұмыстар қызу жүруде. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, бұрғыланған су қорының төмен түсіп кетуіне байланысты құбырларды да төмен түсіру жұмыстары атқарылуда.
Сонымен қатар, Мейрамбек Мылтықбайұлы Теріс-Ащыбұлақ ауылында да тартылып жатқан су құбырының құрылысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Аталған ауылда 54 аулада 200-ден астам тұрғын тұрады. Алатау және Теріс-Ащыбұлақ ауылында болған кездесулерге 30 ауыл тұрғыны қатысып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
***
М.Төлепберген Жуалы ауданына жасаған жұмыс сапары барысында Нұрлыкент ауылдық округінің Түктібай ауылында шаруалармен кездесіп, ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларындағы проблемаларды бірге талқылады.
-Жаңа заманмен бірге өмір сүрудің дағдылары да өзгеру үстінде. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы саласында бірқатар өзгерістер орын алуда. Жер қатынастары туралы тиісті заңнамаға да бірқатар өзгерістер еніп отырғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде ауылдағы ағайынға, шаруашылықтарға қатысты айтатын болсам, ең біріншіден жайылым жерлерді тиімді пайдалану мәселесі. Осы күнге дейін даулы болып келген мәселе осы заңнамананың аясында шешіледі. Жер – өте даулы мәселе. Осы ретте бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та база назар аударып отыр,- деді Мейрамбек Мылтықбайұлы.
Халық қалаулысы өз сөзінде, тәуелсіздіктің арқасында елімізде халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын қолдау, тағы басқа салаларда маңызды шаруалардың атқарылып жатқанын айтып, ел ішіндегі проблемалардың бірте-бірте шешілетінін тілге тиек етті.
-Халыққа ең бірінші кезекте таза ауызсу, көгілдір отын, жайлы жол, одан соң, медициналық көмектің қолжетімділігі қажет. Міне, бұл айтылғандардың дені ауылдық жерлерде бар. Кейбір шалғай ауылдарға ауызсу құбырларының тартылып жатқанын Жуалы ауданынан да көруге болады. Мемлекеттің мүмкіндігіне қарай әлеуметтік мәселелер
осылай бірте-бірте шешімін таба беретін болады. Ең бастысы, ел ішінде береке, бірлік болуы қажет. Халқымыз ұлттық дәстүр мен тілімізді сақтап, оны келер ұрпаққа аманат етулері керек. Сонда ғана асқаралы асуларды бағындыра аламыз,- деді халық қалаулысы.
Кездесу барысында аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы асыраушы саланың әлеуеті мен ондағы проблемаларды атап өтсе, аймақтағы шаруашылық басшылары да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.
Атап айтқанда, Қызыларық ауылдық округіндегі «Ахмет» ШҚ басшысы Сұлтан Ахметов, 600 бас сауын сиырға арналған сүт-тауарлы фермасының құрылысын қолға алып жатқанын айтып, осыған байланысты қаржы ұйымдарынан берілетін несиенің пайызы әлі де болса шаруалар үшін қымбат әрі тиімсіз екенін жеткізді.
-Қаржы институттарынан 6 процентпен берілетін несиенің өзі шаруалар үшін өте ауыр. Қазір сүт арзан. Оның үстіне сүттің әр литріне берілетін демеуқаржы да (субсидия) белгісіз себептермен берілмеуде. Үкімет тарапынан шаруаларға ең төмен пайызбен несие берілсе, дұрыс болар еді. Оның үстіне, биыл жемшөптен де проблемалар туындап отыр. Осындай қиын сәтте шаруаларға нақты көмек-қолдаулар қажет,- деді ол.
Сонымен қатар, Түктібай ауылындағы «Төлеген» шаруа қожалығының басшысы Мейірбек Төлегенов өз сөзінде, ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғылардың өте қымбат екенін айтады. Ол: «Үкімет тарапынан қолдау жасалмаса, шаруалардың күні қараң» дегенді алға тартты. Сондай-ақ, кездесуге келген ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басшылары да Үкіметтен қолдау күтетіндерін жеткізді.
Халық қалаулысы “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға арналған “Жол картасы” аясындағы жұмыстарды зерделегендіктен, оның жанында “Nur Otan” партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нарбай Ергебеков жол бастап жүрді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»