Basty bet

Тарихы терең білім шаңырағы

ұстаздардың және оқушылардың жарқын жетістіктерімен мақтанады

«Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Білім мен біліктілік қашанда адамзаттың өмірімен егіз дүниелер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ХХІ ғасырдың білім мен біліктің ғасыры екені баса айтылған.
«Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу.
ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген.
Тәуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл әлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мәдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тәуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілерміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.
Жаһандану заманында айдай әлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бәрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін»,- деді Президент өз мақаласында.
Еліміздегі білім беру үдерісінде, жас ұрпақтың болашағына жарқын жол ашу ісінде ауданға қарасты Нұрлыкент ауылындағы №5 Михайл Ломоносов атындағы орта мектептің де өзіндік орны бар.
Мектеп тарихына тоқталмас бұрын ел тәуелсіздігімен бірге түлеп, түрленіп келе жатқан Нұрлыкент ауылының тарихына аз-кем тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз.
Нұрлыкент ауылы – Ұлы Жібек жолының бойындағы ең көне елді мекендердің бірі саналады. 1887 жылы Теріс өзенінің бойында Бурно-Ивановка селосы құрылған. Теріс өзенінің солтүстік беткейіндегі осы шұрайлы жерді Ресей переселендері көріп, үй сала бастайды. Теріс өзенінен балық аулап, суымен егіс алқаптарын суарған. Селоның атын Иванов есімді кулактың құрметіне Бурно-Ивановка деп атады. 1917 жылы Қазан төңкерісінен кейін селоға «Бурно-Октябрьское» деген атау берілді.
Бурно-Октябрь селосы айналасы таулы алқап. Жабайы таусағызы қалың өскендіктен ХІХ ғасырдың 20 жылдары бұл өңір орыс ғалымдарының назарын көп аударған. Бурно-Октябрь ауылы маңындағы таулы алқаптарда шөлге төзімді таусағыздың мәдени түрін өсіріп, оны каучук өнеркәсібіне шикізат ретінде пайдалануға болады деп шешкен. 1928 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Жарлығымен «Бурно-Октябрь» селосында каучук өнеркәсіп шараушылығы, каучук промхозы ашылды. Соғыстан кейінгі жылдары «Каучук промхозы» орнына «Бурный» кеңшары құрылып, ол енді таусағызының орнына картоп дақылын өсірумен шұғылданды. 1950-ші жылдары бұл шаруашылық әскери ведомоство құрамына енгізіліп, Кеңес Одағы тараған соң, аудан құрамына қайтарылды. Бурно-Октябрь ауылының 2007 жылға дейін тұрғындарының көпшілігі неміс және орыс ұлтының өкілдері болды. Аталған ұлт өкілдері көпшілігі Германияға және Ресейге көшіп кетті. Ауылға көрші елдерден қандастар көшіп келіп, шоғыр-ланды.
2008 жылы Бурно-Октябрь ауылы байырғы тұрғындарының өтінішімен Нұрлыкент ауылы болып өзгертілді.
Нұрлыкент ауылының тарихы қандай тереңде жатса, тиісінше, ондағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің тарихы да соншалықты ұзақ.
1907 жылы үш бөлмеден тұратын үшжылдық мектеп (церковно-приходская школа) соғылған. Мектеп үш бөлмелі ғана болған. Себебі, оқушылар саны 20 болса, ал екі бөлмесі мұғалімдерге берілген. 1938 жылы мектепке жаңа ғимарат соғылып, мектеп жетіжылдық болған көрінеді. 1941 жылы Ворошилов атындағы орта мектептің 10-сыныбының бірінші түлектері 14 болды. 1961 жылы Ворошилов атындағы орта мектеп Михаил Ломоносов болып өзгертілді. 1973 жылы мектеп жаңа типтік үш қабатты ғимаратқа көшті. 1949-2004 жылдары аралығында бұл мектепті білікті әрі ауданға белгілі педагогтар басқарғанын айта кеткенді де жөн санадық. Мектепте 2004 жылдан Гүлсара Омарбекова директорлық қызмет атқаруда.
Мектепті бітірген белгілі адамдар туралы мақтанышпен айтуға болады. Атап айтсақ, Борис Головков мектепті 1954 жылы бітірген. Ол Антарктидаға барған экспедицияны үш рет басқарған. Ленинград қаласында қайтыс болған. Мектепті 1949 жылы бітірген Иван Колодочка есімді азамат 1970-ші жылдары Қырғызстан Республикасының құрылыс министрі қызметін атқарып, Бішкек қаласында қайтыс болған. «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған ұстаз Апуза Туғанбаева қазір зейнет демалысында.
Мектеп түлектерінің ішінде Базархан Рүстембаевтың шоқтығы биік. Ол мектепті 1977 жылы бітірген. Білім және ғылым жолын таңдаған талапты әрі дарынды жерлесіміз Базархан Ергешұлы қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Маркетинг және сервис» кафедрасының меңгерушісі. Экономика ғылымының докторы, профессор, академик. Білім мен ғылым саласының еңбек сіңірген қайраткері. Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
2010 жылдың қазан айында «Балапан» бағдарламасы аясында мектеп жанынан 50 орындық «Айгөлек» шағын орталығы ашылды. Қазіргі таңда оқу ошағында барлығы 95 педагогикалық қызметкер 813 оқушыға білім мен тәрбие беруде.
Еліміздің жарқын болашағы біліммен қаруланған жас ұрпақтың қолында десек, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім беру арқылы болашаққа бағыт-бағдар беретін ең басты тұлға ол – ұстаз екені белгілі. Ұстаз талапты болса, шәкіртте талантты болмақ. Осы ретте №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте тер төгіп жүрген мұғалімдердің де жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Жаңашылдықты игерген бірқатар жас ұстаздар халықаралық және республикалық білім бәсекелерінде бәйгенің алдын бермей келеді. Атап айтқанда, «Мұғалімдерге арналған бәсекелестік» атты Бүкілресейлік таланттар сайысының номинацияларында жас ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Әбдіжаппарова І, ІІ және ІІІ орын алды.
А.Айжанованың «Ізгіліктік тәрбие мәні және оның белгілері», Н.Жиенәлиеваның, Ш.Ержанованың «Өзін-өзі тәрбиелеу үдерісінің мәні және жүзеге асуы» атты мақаласы халықаралық «Sociosfera – CZ» басылымында жарияланды. «Problems of modern education» атты ХІ халықаралық конференцияда Г.Тукашеваның «Конфликты в школе и пути их решения» атты еңбегі жарияланды. А.Қитжанова Оксфордтың «Online Learning» халықаралық вебинарына қатысты. Сондай-ақ, халықаралық ғылым, педагогика, тіл және өнер академиясының «Шебер педагог – 2020» ІІІ халықаралық байқауының «Үздік сабақ» номинациясында Б.Жандарбеков І дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік орталығының халықаралық пән олимпиадасында Р.Бозаева, Н.Салықбаев (математика) , А.Усабекова (информатика), Т.Салықбаева (химия) І, ІІІ дәрежелі дипломдар иеленді.
Ұстаздардың республикалық дәрежеде жеткен жетістіктері де өз алдына бір төбе екенін айтқымыз келеді. «ҚИО» ұйымдастыру комитетінің ғылыми негіздегі пәндерден өткізген республикалық қашықтық олимпиадасында Г.Омарбекова ІІ, А.Ержанова (орыс тілі); Г.Ілгербаева І (физика), Байұзақ Ақерке (ағылшын тілінен) ІІІ орын алды.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Педстарт» қашықтық олимпиадасынан өз пәні бойынша Г.Ториева жүлделі орындар иеленді.
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының және «Дарын онлайн» білім беру платформасының «Qaztest.kz» республикалық Ұлттық Интернет Олимпиада сайты ғылыми негіздегі пәндерден ұйымдастырған олимпиадаларда, сонымен бірге, «Ustaz tilegi» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының «Үздік педагог», «Шебер педагог» олимпиадаларында, тағы басқа сайыстарда мектеп ұстаздары олжа салып жүр.
Халықаралық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының халықаралық «Әл-Фараби» олимпиадасында жаратылыстану-математикалық циклы пәндері бойынша Айсанем Баймұратова ІІ орын, «Ustaz tilegi» ғылыми-әдістемелік орталығының халықаралық пән олимпиадасында Мақпал Тұрғынбек (математика) І дәрежелі диплом иеленді. Одан бөлек, қашықтан өткен олимпиадаларда А.Рахымжанұлы (дене шынықтыру) пәнінен үздік орындарды иеленуде.
Республикалық, облыстық, аудандық түрлі білім мен білік сынға түскен конкурстарда, сонымен қатар, онлайн олимпиадаларда топ жарып жүрген оқушылар бар. Әрине, олардың есімі мен жеткен жетістіктерін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Оқушыларды бөліп-жармай, олардың жарқын жетістіктерін бір сөйлеммен атап өткенді жөн көрдік.
Тәуелсіздіктің тұғырын бекітуге атсалысып, талай талантты шәкірттерді түлеткен іргелі білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігі міне осындай.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close