Basty bet
Көшелерге қоқыс жәшіктері орнатылса…
Кеше редакциямызға бір оқырманымыз келіп аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылының көшелерінің тазалығы туралы айтты. “Көшелер шашылып кетті. Тіпті көшелерде өлексе мысықтар да жатыр. Оған қарап жатқан адам жоқ. Өлексе сасып жатып-жатып сүйегі қурауға айналды. Оны көлікпен жүрген адамдар байқамайды. Осындай көрініске тіпті адамдардың көзі үйреніп кеткендей. Солай болуы керек сияқты. Қашанғы осылай жалғаса береді? Жауапты адамдар неге қарамайды?” деген уәжін айтты.
Жалпы, аудандық газет бұл мәселені назардан тыс қалдырған емес. Газет бетінде арнайы мақалалар жазылып, фотоайғақтар беріліп жүр. Алайда, тиісті ауыл әкімі немесе ауылдық округ әкімі бұл мәселеге мән бермегендіктен, жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағандықтан айтқан сөз айтқан жерде қалып қойып жатыр.
Газет қапталып жатқанда жақын арадағы көшелерді тағы бір шолып шықтық. Уақытымыз тығыз болғандықтан көп жерді аралай алмадық. Алайда, бір қараған жанға жағдай түсінікті. Кісі көп жүретін негізгі көшелердің өзінде қоқыстар шашылып жатыр. Орталық алаңның маңы, яғни Жамбыл көшесінің бойы “Құлантауға” қарама-қарсы жол жиегінде қоқыс жәшігі (бірінші сурет) үнемі толып, тасып, шашылып жатады. Басқа жерлерге қоқыс жәшігі қойылса, көшелер тазарар еді десек, бұл жерде бар болғанынан пайда жоқ болып тұр. Оны уақтылы босатып, тазалап тұратын адам жоқ.
Оның үстіне бұл жердегі шағын жәшік ұсақ-түйек қоқыстарды тастауға арналған. Ал бұл жерге сол маңдағы тұрғындар үйінен шыққан қоқыстарын әкеліп тастайды. Бұл не бассыздық?
Сонымен бірге Зиябек Толымбаев көшесінің сай жағы көпірдің жаны үнемі қоқыс толып жатады. Тіпті бір жолы сол маңда тұратын тұрғындар қойдың терісін тастаған.
Жұмыстан шығып ауруханаға қарай жол тарттық.Жол бойы шашылып жатыр. Саябақтың жоғарғы жағы, яғни Алатау көшесі мен Бәйтерек көшесінің ортасы, Нұрлан Тұрысов көшесінің ауруханаға барар жол бойының қиылысы, ауруханадан шығып Қуат Иманбеков көшесіне бұрылатын жол бойы, Бауыржан Момышұлы көшесінің мектепке қарай жүретін төмен жағы, Қазыбек би көшесінің бойы шашылып жатқан қоқыс, тіпті кей жерлеріне тұрғындар қоқысты әдейі қаппен, пакетпен алып келіп тастаған.
Бұл әрине, ең бірінші, тұрғындардың жауапсыздығы және ауыл әкімінің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауының салдары.
Көшелердің әр жеріне қоқыс жәшіктері орнатылса және ауыл әкімінің аппараты мен жауапты мекеме мамандары жұмысты өз деңгейінде ұйымдастырса, халықты тазалық сақтауға шақырып, тәртіпке бағынбаған тұрғындарға айыппұл салса, бұл мәселе шешімін табар еді.
Тазалық – саулық негізі, тазалық – мәдениеттілік.
“Тазалық сыпырған жерде емес, сақтаған жерде” демекші, тазалық сақтайық. Ауылымыздың көркі, балаларымыздың таза, әдемі ортада өскені бәріміз үшін маңызды. Сондықтан, баршаңызды тазалық сақтауға шақырамыз!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»