Basty bet
“Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз – азат”
Жақында ғана “Nur Otan” партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Елдіктің жеті тұғыры” атты қағидаттар жиынтығын ұсынып, жастарға бағыт-бағдар беріп, ел Тәуелсіздігін бағалауға шақырған болатын. Міне, осындай тәрбиелік маңызы зор қағидаттардан соң тарихтан кеңінен сыр шертетін “Тәуелсіздік тағылымы” атты мақаласы жарияланып отыр.
“Көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз. Осыдан отыз жыл біз саналы түрде, өз дүниетанымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу” деген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мақалада мұндай жетістікке тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрттың қол жеткізе алатынын атап өтті.
Елбасы қазақ халқының бастан өткерген қиындықтықтары мен тәуелсіздікке барар қиын жолдардағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістер, қасіретті жылдар жайында тебірене сөз қозғады. Тәуелсіздікке оңайшылықпен қол жеткізбегенімізді, оның жолында кездескен қиындықтар, бала күнінен ата-анасының талай қиындықтарды бастан өткеріп, ол ауыр күндерді тек еңбекпен жеңгендері жайында кеңінен тоқталды.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты ұстанғаны бүгінде өз жемісін беріп отыр. Көпұлтты мемлекет ретінде ұлттар достығы ел дамуына өз үлесін қосуда. Елбасы халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білгенімізге назар аудартты.
Сонымен қатар, өткенімізді бағамдап, ел дамуы жолында жаңашылдыққа бет бұру қажеттігін баса айтты. Техника мен технологияның дамыған заманында ел жастары бұл көштен қалмауы керек. Бұл жолы да Елбасы жастарға сенім артып, Отанына қызмет етіп, ел сенімін ақтайтынына сенім білдірді.
Елбасы Н.Назарбаев “Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық. Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін” деді.
Ендеше, мақаламен танысқан кез келген азамат басты құндылығымыз Тәуелсіздіктің бізге оңайшылықпен келмегеніне көз жеткізеді. Мен де мақаланы оқи отырып, еліміздің Тәуелсіздігі жолында жүріп өткен жолына көз жүгіртіп, бірлігіміз бекем, еңбекқор, жаңашылдыққа бет бұрған қоғам болуымыз керектігін ұғындым.
Руслан Сайлаубаев,
Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры,
аудандық мәслихаттың депутаты