Basty bet

Тәуелсіздікті жақындатуға үлес қосқандар

1986 жылғы желтоқсанда Алматыда орталық алаңда қазақтың саналы, батыл жастарының қылышынан қан тамған қызыл империяның құрсауына қарсы тұрып, еркін бой көрсеткен, ел тарихының одан әрі дамуына жаңаша серпін берген Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздікке жол ашқан айтулы оқиға болды. Уақыт көші алға жылжыған сайын осы оқиғаның тарихи мәні мен маңызы тереңдеп, оған берілетін баға да артып келеді.

Желтоқсанның аязды, ызғарлы күні осы қанды қырғынды көзімен көріп, өзегінен өткізген ондаған жуалылықтар бар. Бүгінде салиқалы жасқа жеткен олардың әрқайсысының айтар өз естеліктер мен салмақты ой-пікірлері бар.
Оқушы және жұмысшы жастардың наразылық шеруін бастап шыққан Алдабек Нұрлыбаев та жазалаушы органдардың құқайывн аз көрмепті. Алдабек ол кезде Алматы энергетикалық институтының соңғы курсында оқып жүрген екен. Топ старостасы болып жүрген жігіт студент жастардың наразылық шеруін бастап, Коммунистік даңғылдың бойымен төмен жылжып келе жатқанда, оларға жұмысшы жастар қосылады.
Орталық әмбебап дүкенінің тұсына жеткенде, шерушілер дүкеннің ішіне кіріп, барлық қабаттарын аралап шығады. Алайда, олар ешқандай басбұзарлық әрекетке бармаған. Сол жерде мұздай қаруланған жасақ килігіп, шеруді күшпен таратуға әрекет жасайды. Топ басындағы Алдан Нұрлыбаев ұсталып, қамаққа жабылады. Үстінен қылмыстық іс қозғалып, оқудан шығарылады. Кейіннен де жұмысқа тұратын кезде көптеген кедергілерге тап болып, жұмысқа орналаса алмайды.
Тек бертінде, жасы ұлғайған шағында ғана ақталып, құқықтары қалпына келтірілген.
Көкбастау ауылдық округі Көктөбе ауылының тұрғыны болған Алдабек Нұрлыбаев бүгінде зейнет жасынан асып, денсаулығына байланысты Алматы қаласына қоныс аударған.
Аудандық орталық емхананың бала дәрігері болған Ләззат Әшірбекова оқиға болған тұста Алматы мемлекеттік медициналық институтының педиатрия факультетінде 4 курста оқып жүрген-ді.
– Желтоқсан көтерілісінің екінші күні еді, – деп еске алады Ләззат Әшірбекова. – Студенттер түнде алаңда болған жайды естіп, ашу-ызамен қайтадан алаңға жиналыпты. Біз де бардық. Күндіз пәлендей ештеңе бола қоймады.
Кешқұрым аяз күшейді. Бір кезде айқай-шу басталды да кетті. Кенеттен қатты соққан екпіннен құлап түстім де, бір сұмдықтың болғанын сезе қойдым. Орнымнан тұрып алып, шетке қарай ығыса бердім. Шетке жете бергенім сол еді, арқамнан біреудің сарт еткізіп екі рет ұрған ауыр жұдырығы ма, әлде сойылы ма, қиралаңдап құлап түстім. Олардың мені енді аямайтынын сезіп, қаша жөнелдім.
Бойымды билеген сол қорқыныштан Абай даңғылының шетіне қарай қалай іліккенімді байқамай қалыппын. Артыма қарайлай жүріп, қарсы бетіне әрең өттім-ау, әйтеуір. Сол шетте, талдардың арасында су ағып жатқан арықта тығылып тұрғанымда, екі жігіттің менен әріректе 30-40 метр жерден қаша жөнелгенін байқадым. Артынша екі жігітті милиционерлер мен ерікті жасақшылар соңына түсіп, қуып өтті. Бір жігіт әупірімдеп қашып құтылды-ау деймін, екіншісін ұстап алып, шыңғыртып алып кетті.
Мен қорқыныштан орнымнан тұра алмай қалдым. Әрең есімді жинап, тұрғын үйлердің арасына кіріп кеттім. Ет қызуымен бе, әлде бойымды билеген үрейден бе, жобамен осы тұста ғой деп, бір қараңғы көше шетімен жүріп отырдым. Біраздан кейін етігімнің іші шылқыған су екенін сездім.
Алысырақ кеткеніме көзім жетіп, бір жерге жүрелеп отырып, етігімді шешіп, ішіндегі суды төктім. Қайтадан әлім келгенше, етігімді киіп, әрі қарай жылжыдым. Қанша жүргенімді білмеймін, біраз уақыттан кейін алдымнан таныс көшелер шығып, жатақханаға жеттім …
Ләззат Әшірбекова бүгінде отбасымен бірге Алматы облысының Талғар қаласына жақын маңда тұрады.
Жеке кәсіпкер Нұрбек Сарбаевтың да естеліктері де жүрек толғандыратын тебіреніске толы. Ол биылғы жылдың тамыз айында әлеуметтік қорғау жөніндегі уәкілетті органнан Желтоқсан құрбандарын ақтау туралы куәлік алған.
– Желтоқсан көтерілісі болған тұста мен Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының «инженер-механика» факультетінде төртінші курста оқып жүргем. Оқу орнының жатақханасы Брежнев атындағы орталық алаңның дәл іргесінде орналасқандықтан алаңда болған жастар толқуын алғаш болып біз көрдік. Біздің студенттер үш күн бойы қалың нөпірдің ортасында жүрді. Барлығының талабы республиканың бірінші басшысын жергілікті өлт өкілінен тағайындау еді.
Нағыз қарсыластық оқиғаның екінші күні басталды. Мұздай қаруланған әскери жасақ бас-көзге қаратпай өткір сапер күрегімен алаң толы шерушілерді тықсырып, жатақханаға әкеп тықты. Милиционерлер мен жасақшылар кіреберіс есікке кептеліп, сыймай жатқан қыз-жігіттерді күрекпен аяусыз ұрып-соқты. Сонда топ старостасы болған, жерлесім, Меркі ауданынан келген Жортылы Толымбеков деген жігіттің басына сермелген күрек тайып, қолын кесіп кетіп, қан саулап ағып, жарақатын тіктірді.
Алаңға барған студент жастарды қудалау басталды. Алдыңғы қатарда суретке түсіп қалғандарды бет-жүзінен танып, жауапқа тартып жатты. Нұрбек те шеруге қатысқандардың алдыңғы қатарында суретке түсіп қалған. Алайда, басынан жарақат алуына байланысты емханада басқа себеп айтып емделген ол тергеушілердің назарына ілікпеген.
Нұрбек Сарбаевтың пікірінше, көтеріліске әлі толыққанды баға берілген жоқ. Тарихта оқиға тек екі күн, 17-18 желтоқсан күндері ғана болған деп жазылған. Алайда, ол бір күн бұрын, яғни, Қазақстан Компартиясының елді ширек ғасырдан астам басқарған Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алған съезінен кейінгі іле-шала 16 желтоқсан күні басталған. «Белгілі себептермен бір күн есептен жасырылып қалып отыр» дейді жеке кәсіпкер.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close