Basty bet

Еңбек – елдің мұраты

Аудан әкімдігі аппаратының кіші мәжіліс залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Еңбек – елдің мұраты» аталатын арнайы жоба аясында «Еңбек адамы» атты салтанатты жиын өтті.

Жиынға аудан әкімі Олжас Қаржауов, аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және ұзақ жыл бір салада еңбек еткен аудан, ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды.
– Қоғам дамуының да, адамзат өркениетінің де өзегі өнімді еңбек екені белгілі. Әлемнің әміршісі – еңбек. Ал жеке адамның өмірінің алтын арқауы да осы маңдай тер, табанақы, адал еңбекпен өрілетіні анық. Құрылысшы болмаса, құрылыстың да бітпей қалатыны белгілі. Демек, бұл адамдар мен түрлі салалардың бір-бірімен ұштасатынының айғағы. Ал, ауданның, елді мекеннің дамуына елеулі үлес қосып, өрелі істер атқарып, қызметін абыройлы атқарып жүрген азаматтардың еткен еңбегі мен төккен терін бағалау баршаның міндеті, – деді Анар Садыққызы.
Жиында 41 жыл жолаушылар көлігінің тасымалдаушысы болып жұмыс істеген Алиакпар Тоқтаев, 22 жыл ХХII Партсъезд колхозында шопан болған Баймен Әбіқадыров, 30 жыл шопан, малшы болған Айсұлу Әтеева, Өтеген Оразалиев, 33 жыл «Бурное сүт компаниясында» сүт өндірісінің бас шебері Елена Карлюга, 21-22 және 30 жыл қарауыл болған Ғабит Байдәулетов, Уәлихан Балтабаев, Нұржігіт Таубалдиев, Байжігіт Жұмағұлов, 30-31-36 және 23 жыл еден тазалаушы болған Сәрсекүл Бикетова, Баршагүл Әмірқұлова, Қанымкүл Досова, Галина Шинкарева, Бақыткүл Малдыбекова, Әсия Оразбаева, 23 жыл вахретшы болған Бибісара Мәуленқызы марпатталды. Сонымен қатар, 23 жыл ұстаздық еткен Валентина Чистякова, аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының Нұрлыкент ауылдық округіндегі ассистенті болып жұмыс істеген Роза Қартбаева, 23-38 жыл көлік жүргізуші болып жұмысын мінсіз атқарған Бегдана Заурбеков, Байрам Аллахвердиев, 28 жыл есепші болған Есенхан Құрмашев, 17 жыл орманшылықпен айналысқан Қалымхан Қолақанов және 40 жылын етік тігуге арнаған Сергей Греков марапатталды.
Еңбек адамдарының барлығына гүл шоқтары және сыйлықтар табысталды.
Шараны аудан әкімі Олжас Қаржауов ізгі тілекпен қорытындылады.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close