Basty bet
Жаңалықтың, жақсылықтың жаршысы бола бер!
Баспасөз – бүкіл жаңалықты, өзгерісті қолыңа ұстатып, зердеңе құйып беретін құбылыс.
«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік», – деген ақиқат бар. Себебі, қай заманда да кезең тарихын сол газеттен іздеп табасың.
Жуалы ауданының тарихы да өз газеті «Жаңа өмірдің» беттерінде қалып жатқаны бекер емес.
1932 жылдары Жуалыда «Таусағыз» және «Адал еңбек үшін» атты екі бірдей газет шыққаны архив деректерінен белгілі. Орысша-қазақша аралас шыққан бұл басылымның қазақша нұсқасының редакторы көрнекті жорналшы-публицист, қоғам қайраткері Құрманбек Сағындықов болыпты.
Жуалыда алғашқы газет 1932 жылы «Таусағыз»-«Каучук» деген атпен шыққанын, оның қазақша нұсқасын Құрманбек-аға өзі, орысшасын Мәскеуден келген жорналшы Валя Бондарева есімді әйел кісі редакциялаған екен. Ол кісінің айтуынша, Жуалы мен Түлкібас аудандары біріккенде «Таусағыз» – «Каучук» газеттері жабылып қалғанға ұқсайды. Ауданда шыққан бұл екі газет те «Таусағыз» бен «Адал еңбек үшін» коллективтендіру, оқу ағарту, сауатсыздықты жою және ауыл өмірі сияқты сол кезеңнің саясат- мақсатын жазып отырған.
Отан соғысы кезінде де ел өмірінен тыс қалмай, аш-жалаңаш жүріп егін өсірген, мал баққан, пішен шапқан, тракторына ие болған ауыл азаматтарының жанқияр еңбегін елге өнеге етіп ұсынған, әлі де талмай еңбектеніп келе жатқан «Жаңа өмір» басылымының 85 жылдық мерейтойын қуана қарсы алып, құттықтағым келеді.
Туған жер топырағына тер төгіп, гүлдендіріп жүрген өздеріңізге бас ием. Біздікі, туған жеріміз «Жер жәннаты – Жуалы», – деп ылғи да сағынышта жүру.
Аман, абыройлы болыңыздар.
Біз сіздерге сенеміз!
Ұлжан Пармашқызы,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы.
Халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты.
Телерадио байқауының «Алтын Жұлдыз» иегері