Basty bet

Өңірдегі діни ахуал тұрақты

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Шараға кеңес мүшелерімен қатар, ауылдық округтер әкімдері, мекемелер мен ұйымдар басшылары мен аудандағы діни бірлестіктер жетекшілері қатысты.

Кеңес жұмысын кеңес төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев ашып, отырыстың күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. Күн тәртібінің алғашқы үш мәселесі бойынша Күреңбел, Мыңбұлақ ауылдық округтерінің әкімдері Ғани Жұбаев, Ғабит Үмбеталиев, Нұрлыкент ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Назар өз аймақтарында мемлекеттік дін саласындағы заңдылықтардың орындалу барысы туралы баяндама жасады.
Баяндамшылар дін саласындағы мемлекеттік саясатты ширата түсу керектігін, ауыл имамдарымен бірлесіп, тұрғындар арасында түсіндіру шаралары жүйелі жүргізілетінін, республикалық «Біз біргеміз!» акциясы аясында қайырымдылық шаралары жасалып, жалғызілікті қарттарға көмек көрсетілгенін атап көрсетті.
Ернұр Маратұлы Күреңбел ауылдық округінің әкімі Ғани Жұбаевтан округ елдімекендерінде қанша мешіт жұмыс істейтінін, Қаратас ауылы тұрғындары тарапынан түскен намазхана ашу мәселесінің қалай шешіліп жатқанын сұрады. Округ әкімі бүгінгі таңда намазхана орналасатын жердің таңдалғанын, намазхананың құрылысы көпшіліктің күш біріктіруімен салынатынын айтты.
Нұрлыкент ауылдық округінде мемлекеттің дін саласындағы заңдылықтардың орындалуын баяндаған округ әкімінің м.а. Бақытжан Назар округ аумағында екі мешіттің бар екенін айта келе, жалпы діни ахуалдың тұрақты екенін жеткізді. Ернұр Маратұлы ауылдық округте өзге діни ағымның жетегінде жүрген бір азаматтың бар екенін сұрады. Бақытжан Назар ол азаматты білмейтін болып шықты. Осы ретте аудан әкімінің орынбасары ол азаматты анықтап,онымен жұмыс жүргізуді тапсырды.
Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың есебінше, Мыңбұлақ ауылдық округінде аумағында да өзге діни ағымды ұстанатын төрт азамат бар, осы ретте округ әкімі Ғабит Үмбетәлиевтен олармен оңалту шараларының тиісті деңгейде жүргізілуін талап етті. Округ әкімі оңалту жұмыстары жүргізіліп жатқанын, олардың атаулы әлеуметтік көмекке тартылғанын айтты. Ернұр Маратұлы теріс пиғылды ағымдар жетегіндегілерді райынан қайтарып, дәстүрлі бағытқа түсіру жағына көңіл бөлуге шақырды. «Өйткені, бір күн болған жанжал ел дамуын бір жылға кері кетіреді. Оны көрші елдерден көріп жүрміз» деді кеңес төрағасы.
Шымкент және Тараз епархиясының Бауыржан Момышұлы ауылындағы Әулие Серафим Саровский атындағы храм приходының настоятелі Александр Ильченко ғибадатхананың атқаратын жұмысы туралы айтып берді. Дін қызметкерінің міндеті адамдардың рухани қажеттігін өтеу болып табылатынын еске салған приход настоятелі карантин талаптарына байланысты келушілермен санитариялық талаптарды қатаң сақтай отырып, қашықтан жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Отырыс соңында хаттамалық тапсырмаларға сай ауылдық округтердің кіреберістері мен шығаберістеріне бейнебақылау камераларын орнату, дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, шетелдегі теологиялық оқу орындарында білім алуға ниеттенген азаматтар туралы жедел хабарлау, діни ғибадат үйлерін жылыту, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру сынды міндеттер тиісті жауапты мамандар мен ауыл әкімдеріне жүктелді.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close