Basty bet
Құт-береке бастауы!
Құрметті жуалылықтар!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – бабаларымыздың бағзы заманнан бері тойлап, бізге қалдырған аманаты, береке-бірліктің, ізгіліктің жолы болсын деген тілеуі, жақсылық пен келісімнің, жаңа күннің символы. Наурызда күн ұзарып, жарық сәулесі жерге түсіп, бұл ай көктемнің басы болып саналады. Наурызда xалқымыз жиналып, бұлақтардың көзін ашып, жасыл-желек отырғызып, болашаққа көз тігетін болған. Осынау шақта ел-жұрттың көңілінде жаңа үміт пайда болып, ертеңгі күнге деген сенім нығаяды. Сол себептен xалқымыз Наурызды «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.
Қазіргі уақытта Наурыз мерекесі жаңа сипатқа ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен Наурыз мейрамы 2011 жылдан бері халықаралық ауқымда тойлануда. Ұлты мен дініне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Наурыз ұлттар мен ұлыстардың арасындағы достықты бекіте түсуге, бауырластықты нығайтуға, әр ұлттың салт-дәстүрін қайта жаңғыртуға үлкен үлесін қосып отыр.
Наурыз – қазақ халқының Жаңа жылы. Мыңжылдықтардан бері өзгермей келе жатқан осы заңдылық, биыл да сол дәстүрінен жаңылған жоқ. Бұл мереке ұлт пен дінді талғамайды. Бұл біздің мызғымас бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды көрсетеді.
Басқа өңірлер сияқты Наурыз мерекесін қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс етіп отырған ағайын, ондағы ұлттар мен ұлыстар да атап өтіп келеді. Былтырдан бері бұл халықтық мереке дүние жүзі елдеріне таралып жатқан қауіпті індетке байланысты көпшілікпен атап өтілмейді. Бұл әрине, түсінікті жағдай. Сонда да әрбір шаңырақта Наурыз мерекесіне байланысты жөн-жоралғылар жасалып, наурызкөже пісіріліп, отбасымен атап өтілетініне сенімдімін. Әрине, пандемия уақытша нәрсе. Алда жақсы күндер көп. Халқымыз ауызбіршілікте болып, тәртіпке бойұсынса, барлығы жақсы болады деп ойлаймын.
Қымбатты жерлестер!
Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Ұлтты ұйыстырған дәстүрлі мерекеміз баршаның үмітін ақтап, жаңа белестерді бағындыру үшін күш-қуат пен қажымас қайрат әкелсін. Осынау шуақты мейрамда әрбір шаңырақ шаттық пен игілікке толсын.
Баршаңызға ырыс-ынтымақ, денсаулық пен бақ-береке тілеймін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Олжас Қаржауов,
Жуалы ауданының әкімі