Basty bet
Нұротандықтар өз таңдауларын жасады
«Nur Otan» партиясының Төрағасы-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партия жұмысын жүйелі жаңғыртудың «Сенім.Диалог.Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты бағдарламасын ұсынған болатын. Аталған бағдарламада партия Төрағасы партияның жанына белсенді азаматтарды топтастыру, яғни партияның ядролық электоратын қалыптастыру қажеттігін тапсырды.
Партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын іске асыру мақсатында ауданымызда іріктеу жобасы бастау алған. Яғни, іріктеудің мақсаты – партиялық электоратты қалыптастыру.
Ережеге сай ядролық электорат – қоғамдық пікір көшбасшыларының жаңа ортақтастығы, халық пен партия мүдделерін қорғай алатын, жаңаша көзқарасы бар азаматтар, елдің дамуы мен халық мәселесіне бей-жай қарай алмайтын ел жанашырлары болуы тиіс.
Жуалы ауданы бойынша партияның кадрлық резервіне түрлі саланың өкілдерінен 44 үміткер тіркелген болатын.
Аймақтық партиялық кадрлық резервке ену үшін үміткерлер үш сатылы іріктеу жүйесінен және олардың әрқайсысы кәсіби, партиялық және жеке сипаттары бойынша кешенді тексеруден өтті.
Жалпы аудан бойынша 30 бастауыш партия ұйымында 4497 партия мүшесі бар. Оның 282-і жасотандықтар.
Нұротандықтар асыға күткен күн де келіп жетті. Яғни, іріктеу 16 қараша күні ауданымызда 9 дауыс беру орнында болды.
Іріктеу таңғы сағат 8.00-де басталды. 9 дауыс беру орны да мерекедегідей безендіріліп, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Орталықтағы екі дауыс беру орнында Тараз қаласынан келген мүмкіндігі шектеулі жандардың қолынан шыққан қолөнер туындыларының жәрмеңкесі болып жатты.
Нұротандықтар іріктеуге ерекше белсенділікпен атсалысты.
Мәселен, №4 дауыс беру орында жеті бастауыш партия ұйымының мүшелері өз таңдауларын жасады.
Аталған дауыс беру орнында 1117 партия мүшесі бар. Оның 95-і жасотандықтар. Іріктеуді дауыс беру орнының төрайымы Гауһар Махамбетова ашып, іріктеудің сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Бірінші болып «Шақпақата» бастауыш партия ұйымының мүшелері белсенділік танытты.
Аудан орталығындағы 1593 партия мүшесі бар №5 дауыс беру орнында да дауыс беру өте қызу жүріп жатты. Әсіресе, сағат 10 мен 12-нің арасында таңдау жасаушылардың қарасы өте көп болды. Тіпті таңдаушылар ұзыннан-ұзақ кезекте тұрып қалып жатты.
Бұл дауыс беру орында үш бастауыш партия ұйымының мүшелері дауыс берді. «Б.Момышұлы» бастауыш партия ұйымының мүшелері аудан әкімі Нарбай Ергебеков бастаған аудан әкімінің аппараты, тағы да басқа бірнеше мекеме қызметкерлері өз таңдауларын жасап, партиялық резервке іріктеуден үлкен нәтиже күтетіндерін жеткізді.
Жалпы, іріктеуге 16 партия мүшесі ғана белгілі себептермен қатыспады. Қысқасы, 96,4 пайыз нұротандық өз таңдауын жасады.
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»