Basty bet
Жуалылық жомарт түлектер бас қосты
Сәрсенбінің сәтті күні Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласының “Туған жерге тағзым” жобасы аясында №15 мектеп-гимназияда “Жомарт түлек – Жуалы” атты түлектер форумы өтті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен басталған “Жомарт түлек” жобасы жас ұрпақты туған жеріне, ауылына, алтын ұя мектебіне деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге тәрбиелейтін маңызды шара.
Форум модераторы аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жұлдызы биік Жуалының топырағынан қанат қаққан түлектерді ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, тағылымды шараның маңызына тоқталды.
-Бүгінгі форумға Жуалы ауданының білім ошақтарынан түлеп ұшқан, қазіргі таңда түрлі салада еңбек етіп жүрген танымал, білікті маман иелері қатысып отыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері Жуалы аудандарының мектептерін 17 мыңнан астам түлек бітірген. Бүгінгі кездесуге оффлайн және онлайн форматта 450-ге жуық түлектер қатысып отыр.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында “Қазақстандықтардың бойында Отан алдындағы перзенттік парызын түсінетін, өзінің өскен өлкесіне, ауылына, қаласына, оның тарихы мен мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарауға үндейтін шынайы патриотизмді қалыптастыру” деп атап өткені бекер емес,- дей келіп, Анар Садыққызы форумды ашу үшін сөз кезегін аудан әкімі Олжас Қаржауовқа берді.
Олжас Есалханұлы туған жер түлектерін мерейлі мерекемен құттықтай келіп, ауданның даму жолына жасалған бас жоспармен қысқаша таныстырды.
-Жоспар аясында атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде көптеген өзгерістер күтілуде. Оның маңыздысы – су тапшылығы. Біз биыл осы бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Келесі жылдан бастап ауданымызда су тапшылығы мәселесі болмайды. Одан басқа аудан орталығындағы саябақтан “Генералдар аллеясын”, “Түлектер аллеясын” жасауды жоспарлап отырмыз.
Сонымен бірге Бауыржан Момышұлы атамыздың музейін “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” халықаралық дәлізінің бойына көшіруді жоспарлаудамыз.
Жалпы саябақтың ішін жандандыруымыз керек. Спорт алаңшаларын көбейтуіміз қажет.
Одан басқа да көптеген игі істеріміз бар. Және де Сіздерге ерекше айтарым – ауылдан шыққан түлектер ауданнан бизнес ашамын, ауданның дамуына үлес қосамын деген ойларыңыз, жоспарларыңыз болса, біз әрдайым қолдау білдіреміз. Сіздер үшін әрдайым есігіміз ашық,- деді аймақ басшысы.
Модератор биылғы оқу жылында түлектердің бастамасымен жасалған игі істерге тоқталып өтті. Атап айтқанда, ауданда 10 млн. теңге көлемінде “Рәміздер бұрыштары”, “Ұлттық бұрыштар”, “Шахмат бұрыштары”, мектептерді безендіру сияқты жұмыстар атқарылған.
Келесі кезекте форумға қатысушылар “Жомарт түлек – Жуалы” атты бейнероликті тамашалады.
Шараны оффлайн форматта туған жерге ыстық сәлемін, ризашылығын жолдаған түлектер жалғастырды.
Халық қаһарманы, генерал-лейтенант, Жуалы жерінің Құрметті азаматы, №18 Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектептің түлегі Бақытжан Ертаев, туған жерге тағзым етіп, құрметтеу, жақсылық жасау – әрбір перзенттің парызы екенін тебірене жеткізе келіп, балалық шағына саяхат жасап, туған ауылына, ауылдағы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарға, жастарға алғысын білдірді. Жастарды еңбексүйгіштікке, туған елін, жерін сүюге, намысшыл, әрі рухты, білімді болуға шақырды.
Қазақстан педагогикалық ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері атанған, “Алтын жұлдыз” және “Отан” ордендерінің иегері, №3 Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектептің түлегі Аягүл Миразова да форумды ұйымдастырған аудан әкімі мен білім бөліміне үлкен ризашылығын білдіріп, туып-өскен туған ауылына, жеріне, еліне қолынан келген көмегін аямайтынын тебіреніспен жеткізді.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Түркия еліндегі елшісі, дипломат, Жуалының төл перзенті №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі Абзал Сапарбекұлы сөзін “Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас” деген халық нақылымен бастады. Ол шет мемлекетте жүрсе де үнемі жүрегінің түкпірінде туған жерін, Отанын әлдилеп жүретінін, туған елін дамыту мақсатында инвестиция тартуға үлес қосып жүргенін айтып, бүгінгі жастар еліміздегі білім алуға, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жасалып жатқан мүмкіндіктерді орынды пайдалана білуге шақырды.
Туған елін, жерін сүйе білуді өз ісімен дәлелдеп жүрген сингапурлық кәсіпкер, №29 орта мектебінің түлегі Талғат Тұрымбаев, өнер саласында абыройлы еңбек етіп жүрген, “Жастар” сыйлығының лауреаты, “Қоңыр” тобының әншісі Мархаббат Мықтыбеков те бейне құттықтауларын ұсынды. Бейне құттықтау жолдаған барлық жуалылық түлектер ұстаздарына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға деген ризашылықтарын жеткізді.
Форумды әрі қарай Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздік қызметкері, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің түлегі, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебекұлының тағылымды әңгімесі сабақтастырды.
-Тәуелсіз еліміздің қалыптасып, дамуына Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өте үлкен еңбек сіңірді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен қазіргі жағдайымызды салыстырсақ, әрине жер мен көктей.
Ауданымыздың өзін де қаншама мектептер соғылды, медициналық мекемелер бой көтерді, балабақшалар ашылды.
Биыл міне, аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бастауымен тағы да екі мектептің құрылысы басталуда.
Нұрлыкент ауылында мәдениет үйі салынды. Мұның барлығы жақсылықтың, дамудың, өркендеудің белгісі.
Менің пікірімде мектеп – ауылдың айнасы. Бүгін барлығымыз бір мақсатта жиналып отырмыз. Әр адамның есінде балалық балғын шағының ізі қалған жер – мектебі, ауылы мәңгі сақталады.
“Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген сөз бар. Біздің болашағымыз, барымыз да байлығымыз – бала. Сондықтан балаға жақсы бағыт-бағдар, тәрбие беруіміз керек.
Бала балқытылған алтын. Оны қандай қалыпқа құяды, ол – ұстаздардың қолында. Сондықтан баланы ұлттық тәрбиемізбен адамгершілігі мол, саналы етіп тәрбиелеуіміз керек. Үлкенді құрметтеу, кішіге мейірімді, қайырымды болуды бала кезден үйрету маңызды. Тәрбиеде ұсақ-түйек жоқ. Бала тәрбиесінде барлық мәселеге үлкен көңіл бөлу керек. Себебі, бала өскен ортасына қарап қалыптасады.
Адамның бағасы дүниемен, атақпен өлшенбейді. Адами қасиетпен өлшенеді.
“Адам адал болмай, арлы болмай бақ қонбайды, бақытты бола алмайды” дейді. Еңбекпен есею керек. Еңбек етіп терлемеген адамның қазаны қайнамайды.
Білім инемен құдық қазғандай, бала тәрбиесі алтыннан да қымбат.
Елімізді қорғайтын, мәртебесін көтеретін ол – білімді ұрпақ. Сондықтан Елбасы жастарға, білімге ерекше назар аударып отыр.
Жуалыдан шыққан Шерхан Мұртаза, Бақытжан Ертаевтай азаматтардың туған жерімізге көп шапағаты тиді.
Жуалы – қасиетті жер. Жерімізде абыройлы азаматтар лайым көп болсын!
“Өткенді еске алу – өсетін елдің белгісі” дейді. Сондықтан бүгінгі шараның мәні өте зор. Сондықтан осы шараны ұйымдастырған аудан әкіміне алғысым шексіз!- деді ардагер ұстаз.
Сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың хатшысы, Ауған соғысының ардагері, №8 Сүгірбай Бәйтіков атындағы орта мектептің түлегі Ерғали Тілеубеков қолға алынған игі бастамаға қолдау білдіріп, үлес қосу барлық азаматтың парызы екеніне тоқталып, жастарды тарихымызды танып-білуге, құрметтеуге, туған тілімізді сүюге шақырды. Жомарт сөзінің мән-мағынасына тоқталып, барды бағалай білуге, жақсы ниетте, тілекте болуға үндеді.
Өз кезегінде ардагер дәрігер, №6 Александр Пушкин атындағы орта мектептің түлегі Сейітхан Жұмашев медицина саласының даму жолына қысқаша тоқталып, қай істі болсын жауапкершілікпен орындау, елдің ынтымағын, ырысын арттыруға үлес қосу – әрбір азаматтың басты парызы деп ұғынатынын жеткізді.
Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы, №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі Ерұлан Мағзымбеков ұстаздарына, балалық шағына деген әдемі сағыныш сезімге бөлеген, көңілді тебіренткен кездесуді ұйымдастырушыларға алғысын білдіре келіп, тағылымды шара ауданда жүйелі түрде өткізілсе және оған түрлі салада жоғары қызметте жүрген жандарды ғана емес, тәрбиелі, өнегелі ұрпақ өсіріп отырған үлгілі әкелерді, өз мамандығын жақсы меңгерген өз ісінің шеберлерін де қамтып, жас ұрпаққа үлгі ету қажеттігін ұсынды.
Ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков сөз алып, №15 мектеп-лицейге Шерхан Мұртазаның есімін, Қызыларық ауылына Тайыр Тастандиевтің есімін берсек және ұстаздыққа ер адамдарды көбірек тартуды түсіндіріп, насихаттау жұмысын қолға алу, жаңадан жарық көрген Абайтану кітабын жас ұрпаққа насихаттау жұмысын аудандағы Абай атындағы орта мектептен бастап қолға алсақ деген ұсынысын жеткізді.
Облыстық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Керімқұл Бегалиев туған жердің қасиеті туралы айта келіп, жастарды туған жердің гүлденуі жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Тараз қаласындағы дарынды балаларға арналған “Дарын” мектебінің директоры, №35 Сәбит Мұханов атындағы бастауыш мектептің түлегі Назира Шілтаева білім саласындағы тың реформалар жайлы айтып, ауданда жаңа типтегі мектептердің қатары көбейсе деген тілегін жеткізді.
Самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, №24 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің түлегі Сәлкен Жартыбаев мектепте патриоттық рухтағы шаралар көбейсе, бұрынғыдай әскери апталықтар болса, ауыл-ауылдағы еңбегімен танылып жүрген жандармен түрлі шаралар ұйымдастырып, олардың жұмыс орнына оқушыларды алып барып, оның жұмыс барысымен таныстырса деген ұсынысымен бөлісті.
Тараз қалалық мәслихатының депутаты, дәрігер, №35 Сәбит Мұханов атындағы бастауыш мектептің түлегі Мұрат Бердалиев Қошқарата ауылында түлектердің қолға алған игі бастамалары жайлы айта келіп, Жуалы генералдар, батырлар елі ғана емес, Құрманбек Сағындықов ағамыз бастаған редакторлар елі екенін де мақтанышпен жеткізіп, алдағы уақытта осы саланы да естен шығармау қажеттігін айтып өтті.
Форумды қорытындылаған аудан әкімі Олжас Есалханұлы аудандағы №16 Жуалы колледжінің жұмысын жандандыруды, әсіресе, ауданға аса қажетті мамандықтар ашу сынды маңызды мәселелер қолға алынып жатқандығы туралы да айтып өтті.
Форум соңынан аудан әкімі Олжас Есалханұлы форумға қатысушыларды салтанатты жағдайда Алғысхатпен марапаттап, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтарын тапсырды.
Марапаттау рәсімінен кейін “Жомарт түлек” кабинетінің лентасы қиылып, заман талабына сай жабдықталған кабинетте түлектер естеліктерімен бөлісіп, “Түлектер кітабына” тілектерін жазды.
Аймақ басшысы өте әсерлі, тағылымды шараны ұйымдастырған аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызына, білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетоваға, №15 мектеп-лицейдің басшылығына және ұжымына ризашылығын білдірді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»