Жаңа жыл – жарқын мереке. Әрбіріміз жаңа жылдан көп үміт күтетініміз анық. Жаңы жылды жақсылықпен қарсы алсаңыз, сол жыл жақсылыққа толы болады халықтық сенім-нанымымыз тағы бар. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейік.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биыл ауданымызда Жаңа жылды қарсы алу рәсімі жылдағыдан сәл өзгеше ұйымдастырылып отыр. Өзгешелігі сол, өткізілетін іс-шаралардың форматына өзгерістер енгізіліп отыр. Іс-шаралардың ішінде қайырымдылыққа көбірек маңыз берілуде. Биыл аудан тұрғындарына Жаңа жыл мерекесінің мәнін сезіндіру үшін ауылдарда аудан көркемөнерпаздары мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынуда. Бұл іс-шара өз кезегінде тұрғындарға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлайтыны анық.
Ерекше атап өтерлігі, биыл «Б.Момышұлы мейірімділік қоры» арқылы, мекеме басшылары, депутаттар және кәсіпкерлердің күшімен бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі 150 балаға мерекелік сый-сияпаттар жасалды. Одан бөлек, «Мейірімділік жүректен» ұранымен 19 бүлдіршінге аудан әкімінің атынан жаңа жылдық сыйлық табысталды. Бұл сыйлықтарды Жаңа жылдың негізгі сәні Аяз ата мен Ақшақар арнайы көліктермен барып табыстап қайтқан болатын.
Айта кету керек, қайырымдылық қоры және демеушілерді тарту арқылы желтоқсан айында ауданымызда барлығы 500-ге жуық балаға осындай қайырымдылық жасалып отыр.
Сәрсенбінің сәтті күні Жаңа жылдық сыйлықтарды балаларға табыстау үшін және оларды жарқын мерекемен құттықтап, қуанту үшін Аяз ата мен Ақшақарлар және мереке кейіпкерлері аудан орталығынан салтанатты түрде ауылдарға аттанды. Осы күні аудандық «Достық» мәдениет үйінің ауласында шағын жиын ұйымдастырылып, онда аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, «Б.Момышұлы атындағы мейірімділік қорының» президенті, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің мән-маңызына тоқталды.
-Әне-міне дегенше, Сиыр жылы да тарих қойнауына аттанып барады. Бұл жыл әрине, біздің Қазақ елі үшін үлкен тарихи оқиғаларымен есте қалғаны анық. Жыл ішінде ел болып атап өткен айтулы мерекелер мен атаулы даталардың ішінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойының шоқтығы биік. Тәуелсіздік – біздің тәу етер қасиетті құндылығымыз. Жылымыз одан басқа да айтулы оқиғаларға толы болды. Жыл басында ел Парламенті және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы табысты өтті. Мұның бәрі әрине, ел өміріне үлкен өзгерістер әкелгені анық.
Жаңа жыл құтты болсын, отбасыларыңызға бақ-береке алып келсін,- деді аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Өтемісұлы.
Келесі кезекте сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асхат Базарбайұлы өз сөзінде, Жаңа жыл мерекесі – адамдарды біріктіру мен ынтымақтастыру мейрамы екенін, Жұлдызы биік Жуалы ауданының халқы да ежелден ынтымақшыл, бірлік пен берекені ту етіп ұстайтынын, биыл да аудан өмірінде көптеген игі тірліктер атқарылғанын қуанышпен жеткізді. Ең бастысы, барлық салада өсімге қол жеткізілгенін тілге тиек еткен А.Жабағы келер жылдың да табысты болатынына сенім білдірді.
Мерекелік тілектерден соң Аяз ата мен Ақшақарлар және Жаңа жыл кейіпкерлерінің киімін киген аудан өнерпаздары балаларды қуантуға ауылдарға аттанып кетті.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»