Basty bet

Тарихқа тағзым

Жылқышытөбеде археологиялық жұмыстар қызу жүруде

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен жылы Теріс ауылындағы көне қала жұртына археологтар барлау жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде орта ғасырларда өмір сүрген көне Баркуаб (Терісаққан) қаласының орнынан бірқатар құнды жәдігерлер табылып отыр. Қазба орнынан табылған жәдігерлердің арасында Қытайдан әкелінген қыш ыдыстар мен басқа бұйымдар бар. Осыған қарап-ақ Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан бұл қалада сауда-саттықтың дамығанын көруге болады.

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, тарихи мәдени нысандарда іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сауран Қалиұлы орта ғасырлық қала жұртының астында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ және І дәуірлерге тиесілі қала жұрты болуы мүмкін екенін, орта ғасырларда өмір сүрген Баркуаб қаласы сол қала жұртының орнына салынғанын жорамалдап отыр. Сондай-ақ бұл қала жұрты үлкен аумақты алып жатқанын айтқан Сауран Қалиұлы оның басқару орталығы Бақалы ауылының солтүстік жағында орналасқан Жылқышытөбе болған дейді. Тарихшылар тиісті орындардан рұқсат алып, көне қала жұртында археологиялық қазба жұмыстары басталып кетті.
Жақында аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестерінің төрағалары Естемес Аманбеков, Сейітхан Жұмашев, сонымен бірге аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары Жылқышытөбедегі археологиялық қазба жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде мұнда қала жұртының қабырғалары аршылып жатыр. Қазба жұмыстары барысында табылған тұрмыстық бұйымдар аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізілген. Қала жұртындағы қазба жұмыстарының барысы туралы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев кеңінен айтып, келушілерді қазба жұмыстарының барысымен таныстырды.
-Қазір мұнда қаланың қабырғалары аршылып жатыр. Бұл кешен екі қабатты болған деп жорамалдап отырмыз. Қазу барысында байқағанымыз, қала жұртының шатыры қазақы киіз үйдің төбесіне көбірек ұқсайды. Кейбір қабырғалары бұзылмай сол күйінде сақталған. Қалыңдығы екі метр, кей жерлерде үш метрге дейін жетеді. Біз үстіңгі қабатты аршып жатырмыз. Бас қақпа шығыс жақ бетінде деген болжам бар. Егер бас қақпаны тапсақ аршу жұмыстары да оңайлай түсетін сияқты. Қазба жұмыстарын жүргізу кезінде мұнда жерленген адамның сүйектерін де таптық. Оларды ауыл маңындағы зиратқа қайта жерлеп жатырмыз. Қазба жұмыстары басталған уақытта Алматы қаласындағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының директоры, танымал археолог Карл Байпақов осында келіп, бұл қала жұртының екі мың жылға жуық тарихы бар екенін, тарихы терең мұндай қала жұртының Қазақстанда сирек кездесетінін айтқан болатын. Биік төбеде орналасқан қала жұрты толықтай аршылып, тиісті жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылатын болса, ел тарихы тың деректермен толығады деген ойдамын. Тарих та қаланың құрылысына ұқсайды. Жаңа, тың мәліметтермен, қазба жәдігерлермен толыға түседі,- дейді қазба жұмыстарының ғылыми жетекшісі Дөкей Әбдікерімұлы.
Жылқышытөбе басында қарқынды жүріп жатқан қазба жұмыстарының барысымен танысқан аудан әкімі Нарбай Ергебеков тарихқа тағзым ету басты парыз екенін баса айтып, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.
Қазір мұнда ғылыми қызметкерлермен қосқанда он адам жұмыс істеп жатыр. Жуалы жеріне табылып отырған көне қала жұртының облыс пен республика тарихшыларын қатты қызықтырып отырған жайы бар.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close