Basty bet
Мақсат – билікті халыққа жақындату
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Жуалы ауданында болды. Өңір басшысы аймақтағы өндірістік әлеуметтік нысандарды аралап көріп, ондағы қалыптасып отырған өзекті мәселелерді шешу жайына баса назар аударды. Облыс әкімінің ауданға сапары ең алдымен Нұрлыкент ауылдық округіндегі «Гамбург» ЖШС-ның жұмысымен танысудан басталды. Онда облыс басшысына серіктестікке қарасты алқап басында күздік қара бидайды және жүгеріні минералды тыңайтқыштармен үстемелеп қоректендіру және тырмалау жұмыстары көрсетілді. Негізінен мал шаруашылығын барынша дамытып және сол арқылы сүт кластерінің өркендеуіне де өзіндік үлес қосып отырған серіктестіктің 4816 гектар жері бар. Оның 2700 гектары егістік жер болса, тиісінше, 1253 гектарына жаңбырлатып суғару қондырғысы орнатылған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовке мұндағы жұмыстарды «Гамбург» ЖШС директоры Егор Кох кеңінен айтып берді. Ол мал шаруашылығын дамытуға қолбайлау болып отырған бірқатар өзекті проблемаларды сөз етті. Оның ішінде шетелден сатып әкелінетін ірі қара малдарымен бірге елімізге мал аурулары да қоса енуде. Серіктестік басшысы бүгінде шаруалар сол мал ауруларымен күресіп жатқанын баса айтты.
Келесі кезекте өңір басшысы Нұрлыкент ауылдық кітапханасында орын тепкен ақпараттық орталықтың жұмысымен де танысты. Онда облыс әкіміне орталықтың жұмысы кеңінен айтылды. Орталық қызметкері Айнұр Бегалиева мұндағы атқарылып отырған кейбір істерді атап өтті.
– Мұнда келген ауыл тұрғындары тек анықтама алумен ғана шектелмеуі керек. Біздің мұндай ақпараттық орталықтарды ашудағы басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының өзге де қажетті мәліметтерді осы жерден алуын қамтамасыз ету. Ақпараттық орталықтың жұмысын одан әрі кеңейтуді тапсырамын. Орталықта көрсетілетін қызметтерді ауыл тұрғындары, әсіресе, егін және мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар білуі қажет,– деді Асқар Исабекұлы.
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға тиісті көмектер көрсетілуде. Соның бірі – аз қамтылған отбасыларды және жетім балаларды баспанамен қамту. Осы орайда Ақбастау ауылында №16 Жуалы колледжіне қарасты екі жатақхана қаңырап бос тұр. Аудан басшылығының ұсынысымен 80 пәтерді құрайтын жатақхананы күрделі жөндеуден өткізіп, мұқтаж отбасыларға тапсыру көзделген. Осы ретте ескі жатақхана ғимаратын аралап көрген өңір басшысы Асқар Исабекұлы аудан әкімі Нарбай Ергебековке оны жөндеуге тиісті жобалық сметалық құжаттарды тездетіп жасау керектігін тапсырды.
Облыс әкімі А.Мырзахметовке келесі кезекте аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы және аудандық жұмыспен қамту орталығының жұмыстары таныстырылды. Облыс әкімі жұмыспен қамту орталығында болып бірқатар көпбалалы аналардың мәселелерін тыңдады. Онда Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, «Күміс алқа» алқасының иегері Гүлзақира Әлімбаева қазіргі таңда атаулы әлеуметтік көмек алудағы бірқатар қиындықтарды сөз етті. Бұл сұраққа облыс басшысы талдай отырып жауап беріп, сонымен бірге облыста көпбалалы аналарға жасалып отырған қамқорлықтан да хабардар етті. Облыс басшысы А.Мырзахметов келесі кезекте аудандық орталық аурухананың аумағында жас мамандарға салынатын қызметтік тұрғын үйлердің жобасымен және 80 орындық Диқан орта мектебінің жұмысымен танысты. Диқан ауылындағы Диқан орта мектебінде 227 оқушы білім алады. Сәйкесінше, мұнда спорт зал және кітапхана жоқ. Оқушыларға орын тапшылығы айқын сезіліп отыр. Ауыл халқының тілегі, бұл ауылда 180 орындық типтік үлгідегі жаңа мектеп салынса дейді. Бұл туралы облыс әкімі Асқар Исабекұлы аталған мәселенің таяу жылдарда өз шешімін табатынын айтты.
Аудан орталығындағы №1мектеп-гимназияда аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестерінің мүшелерімен, зиялы қауым өкілдері және көпбалалы аналармен кездесу өткізілді. Аталған жиында облыс әкімі А.Мырзахметов аудан тұрғындарының облыс басшылығына деген өтініш-тілектерін тыңдады. Жиын барысында Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов округке табиғи газ тарту мәселесін көтерсе, ауданның Құрметті азаматы, медиатор Аманжол Дүрәліұлы даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай батыр туып-өскен Момышбұлағының маңын абаттандыру және сол киелі орынға апаратын бір жарым шақырымдық жолды асфальттау қажеттігін айтты. Одан бөлек, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімін №15 мектеп-лицейіне беру, сонымен бірге жазушының өзі туып-өскен Талапты ауылындағы екіқабатты үйін музейге айналдыру жөнінде ұсыныс білдірді. Сондай-ақ жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Шақпақ темір жол станциясының бастығы Серік Қоңқабаев, еңбек ардагері Әсия Сағындықова ұсыныс-тілектерін білдірді. Кездесу барысында қойылған әрбір сұрақты мұқият тыңдаған облыс басшысы Асқар Исабекұлы барлығына нақты әрі тиянақты жауап берді.
Ауданға сапары барысында облыс әкіміне аумағы 648 шаршы метрді құрайтын бос тұрған жекеменшік ғимарат көрсетілді. Бұл ғимарат аудандық мұрағатқа сатып алынуға ұсынылып отыр. Өңір басшысы А.Мырзахметов «Атамекен» ҰКП-ның аудандық филиалында бизнес өкілдерімен де кездесті. Оған кәсіпкерлермен қатар ауылдық округ әкімдері, жауапты басқармалар мен бөлімдердің басшылары шақырылды. Өңір басшысы кездесу аясында кәсіпкерлердің қойған сұрақтарына және олардың жұмыс барысында кездесіп отырған түйінді мәселелеріне жауап берді. Атап айтқанда, «Зылиха», «Закир», «Жаңаталап», «Ержан» ШҚ басшылары К.Бегалиев, З.Сұлтанмұратов, Ж.Тәжіханов, Б.Серкебаев тұқым шаруашылығы, мал басын асылдандыру, егістіктердің дренаждарын тазалау және ағын судың төңірегінде туындап отырған түйінді проблемаларды жеткізді.
– Ауылдарда, әсіресе шаруа қожалықтарда проблема жоқ емес. Мұның бәрі қайдан туындап отыр? Мәселенің шешімі бар ма? Бұл ретте ауыл әкімдерінің жұмысына көп нәрсе байланысты болып отыр. Ең алдымен, елді мекеннің әлеуметтік және экономикалық төлқұжаттары жасалуы керек. Округке қатысты барлық мәліметтер жиналып, дерекқорға енгізілсе, ауылдарда туындап отырған проблемалардың алдын алар едік. Өкінішке орай, бұл жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынбай келеді. Ауылдардағы көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша облыс әкімі бекіткен алгоритм бар. Ауыл әкімдері осы алгоритмді терең түсініп, жұмыс істесе шешілмейтін түйін болмайды деп ойлаймын. Біздің басты мақсатымыз – билікті халыққа жақындату. Қазір еліміздің басым өңірлерінде мал жайылымы мәселесі де өткір күйінде тұр. Бірінші кезекте кезінде жеке қолға өтіп кеткен жайылымдарды қайта қайтару жұмыстары қолға алынуы керек. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын да қайта жандандырғанымыз жөн, – деді облыс әкімі Асқар Исабекұлы.
Мұнан әрі облыс әкімінің сапары Шақпақ ауылдық округінің Алатау жақ бетінде орналасқан «Қаралма» тау-шаңғы базасы кешені құрылысының басында жалғасты. Мұнда қазіргі таңда коттедж, мейрамхана және қонақүйлердің құрылысы қарқынды жүруде. Құрылыс барысымен танысқан облыс басшысы мердігер компания өкілдеріне жұмысты сапалы аяқтауды тапсырды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың ауданға сапары аталған ауылдық округтегі битум зауытында қорытындыланды. Қазіргі таңда өндіріс орнында «ШақпақДорСервис» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ағымдағы жылдың маусым айында іске қосылғалы отырған зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 17,5 мың тонна битумды құрайды. Өндірілген өнім тиісінше, өз облысымызға және көршілес Түркістан облысына өткерілу көзделуде. Мұндағы туындап отырған мәселе – кәсіпорынға газ тарту, темір жол тұйығын қалпына келтіру және қосымша қаржы көздерін қарастыру.
Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ауданға жасаған жұмыс сапарының қорытындысында туындап отырған кейбір мәселелердің шешілуін жауапты тұлғаларға тапсырды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
суреттер автордікі.
«Жаңа өмір»