Basty bet

Қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету – міндетіміз

Биыл Төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осының негізінде 19 қазан – Құтқарушы күні болып белгіленді.

Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ербол Әміров төменде газет тілшісімен сұхбатта азаматтық қорғау қызметінің қыр-сырын, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жасалып жатқан жұмыстарды әңгімелейді.
– Ербол Шалқарұлы, кәсіби мереке – Құтқарушы күні құтты болсын! Төтенше жағдай қызметінде еңбек етіп жүрген өрт сөндіруші мен құтқарушының күнделікті өмірі ерлік іспен көмкеріліп, батырлықпен өріледі. Олар – от пен судан, айтып келмес апаттан зардап шегушіні құтқаратын жандар.
– Ия, дұрыс айтасыз. Құтқарушы мамандығы – өте қиын және қауіпті. Сонымен қатар құтқарушылар ерекше адамдар, себебі, күнделікті дабыл бойынша отпен күресіп, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алып, оларды жою шараларын атқарады. Бұл күресте құтқарушы жұмысының қауіптілігі сонша, әрбір басқан қадамы соңғы болуы мүмкін. Олар үшін құтқару, сақтау, көмектесу, қорғау – ең алғашқы міндеттер болып табылады.
Апат айтып келмейді. Құтқарушының басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Тосыннан болған апат кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек.
Құтқарушылар азаматтық қорғаныстың негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс істеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құрылымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқын біледі.
– Бөлімде және бөлімге қарасты мекемелерде қанша қызметкер жұмыс істейді?
– Еліміздің әр өңіріндегі департаменттерде төтенше жағдайлар бөлімдері, жедел құтқару жасақтары, өрт сөндіру бөлімдері, өрт сөндіру бекеттері, апаттық медицина және судан құтқару қызметі секілді құрылымдары бар. Соның ішінде – Жуалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі.
Бөлімде төрт қызметкер қызмет атқарады. Төтенше жағдайлар бөлімінің жедел қарамағына №7 Өрт сөндіру бөлімі және №14 Өрт сөндіру бекеті құрылымы кіреді. Ал, оларда барлығы 37 құтқарушы еңбек етуде.
– Айтып келмейтін апатқа төтеп беру үшін қандай алдын алу шаралары жүргізілуде?
– Аудандағы жағдайды қадағалау, бақылау, ТЖ пайда болуына әкеп соғуы мүмкін аварияны, зілзала мен апатты болжау және олардың қаупі туралы хабарлау жұмыстары және төтенше жағдай саласындағы білімді насихаттау, халықты және мамандарды оқытып-үйрету, қорғану шаралары жүргізілуде.
– Биыл қыс айларында қардың көп түсуі халықты көп әуреге салды. Төтеншеліктер қар құрсауынан құтқару жұмыстарына белсене араласқанынан ел-жұрт хабардар. Алдағы қыстың қытымыр мінезіне дайынбыз ба?
– Иә, дайынбыз. Себебі, біздің қызметкерлер бірінші жыл жұмыс істеп отырған жоқ. Олардың артында жүздеген қар құрсауынан құтқару жұмыстарына шығулар және мыңнан астам құтқарылған өмір бар. Олардың кәсіби шыдамдылығы, керемет физикалық формасы және моральдық дайындықтары бар.
Сонымен қатар, құтқару жұмыстарына дайындық бойынша жүйелі түрде арнайты тактикалық оқу- жаттығулар өткізіліп, құтқарушылардың біліктілігі шыңдалып тұрады.
– Жалпы өрттен құтқару қызметінде жұмыс істеу үшін өрт сөндіруші-құтқарушының бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?
– Өрт сөндіруші мамандығында кездейсоқ адамдарды табу өте қиын. Бұл – жай ғана жұмыс емес. Бұл – нағыз «Өрт сөндіру достығы», сондай-ақ үлкен жанұя. Құтқарушылар – нағыз қаһармандар, кез келген жағдайда адам өмірін құтқаруға дайын жандар. Олардың қызметі оңай емес, сондықтан құтқарушының бойында батылдық, өжеттілік сияқты қасиеттерді қажет етеді. Бұл мамандық – өзгенің өмірін ажалдан арашалау үшін кейде өзінің өмірін де құрбан ететін мамандық.
Бүгінде Қазақстан ТЖМ қызметкерінің беделі жоғары екеніне дау жоқ. Осы жұмыстың нәтижесі – мыңдаған құтқарылған өмірлер.
– Сұхбат бергеніңізге рақмет. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close