Basty bet

«Стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бастамалар»

Ауданға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Т.Мамаев арнайы іссапармен келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда жариялаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жаңа Жолдауы бойынша еліміздің барлық аймақтарында ақпараттық-түсіндіру топтары құрылған болатын. Топ мүшелерінің мақсаты – елді мекендерді аралап, халықпен кездесіп, Жолдаудан туындаған міндеттердің жүзеге асуы мен алдағы атқарылуы тиіс міндеттерді түсіндіріп, халықтың пікірін, мәселелерін тыңдап, билікке жеткізу. Осы мақсатта ауданымызға облыстық ақпараттық- түсіндіру топтарының мүшелері келіп, халықпен кездесуде.

Сәрсенбі күні ауданымызға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Талғат Мамаев арнайы іссапармен келді. Талғат Шариұлы жұмысын алдымен аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмыс барысымен танысудан бастады.
Орталық директорының орынбасары Мақсат Зиябеков халыққа қызмет көрсету сапасы мен алдағы жұмыс жоспарларын баяндады.
-Орталықтың мақсаты – «Электронды үкімет» порталы арқылы көрсетілетін қызметтерді халыққа барынша тиімді көрсету.
Біздегі бір мәселе – аудандық ХҚКО-нан «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығын» ашу. Себебі, Жуалы таулы, қысы қатал аудан. Аудан тұрғындары, әсіресе Қошқарата бағытындағы таулы аймақтағы ауыл тұрғындары үшін қалаға қатынау қиын. Сондықтан біз орталықтың барлық құжаттарын дайындап, өткізіп, енді рұқсатын күтіп отырмыз,- деді Мақсат Зиябеков. Талғат Шариұлы мәселенің дұрыс қойылғанын айтып, әрі қарай да атсалысып, мәселені шешуге болатынын жеткізді.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары аудан әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының тыныс-тіршілігімен танысты.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында 183 адамға қайтарымсыз грант беру жоспарланғанын, оның ішінде 131-і NЕЕТ жастарға, қалғанын мүмкіндігі шектеулі және аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға беру жоспарланғанын, сонымен бірге 630 адам қоғамдық жұмыспен қамтылатынын айтты.
Талғат Шариұлы аудан тұрғындары тарапынан Ұлттық жобаның қандай бағыты бойынша сұраныс жоғары екенін сұрады. Анар Садыққызы қоғамдық жұмысшылар жұмыс мерзімін алты айдан 12 айға ұзартуды сұранып отырғанын жеткізді. Орталықтың директоры Зиядхан Бүрлібаев өткен жылдың жұмыс қорытындысына арналған стендтегі мәліметтермен таныстырды.
Облыс әкімінің орынбасары бұдан соң Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге аудандағы зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды. Асхат Базарбайұлы ауданда құрылған ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы, Жолдауға – қолдау мақсатында аудандық басылымда жарық көрген мақалалар жайлы баяндады.
Алғашқы сөз кезегі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашевқа берілді. Ардагер қоғамды дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы туралы айта келіп, Жолдаудағы өзіне ерекше ой салған, ұнаған бағыттарға тоқталды. Яғни, бірінші Президенттің өкілеттігі туралы және сегізінші – Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру бағыты бойынша пікірімен бөлісіп, жуалылықтарды жаңару мен жаңғыруды әркім өзінен, өз отбасынан бастауға шақырды.
Келесі сөз кезегін алған аудандық мәслихаттың депутаты Эльмира Әбішева жас ұрпақты еңбекке баулу, отбасын, алтын ұя мектебін сүюге, жауапкершілікке тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселе екенін айтты.
-Бала тәрбиесі – өте нәзік, әрі күрделі мәселе. Біз бала кезімізде мектебіміздің тазалығына, ауласын көріктендіруге, таза ұстауға араластық. Бұл – адам өміріне аса қажет құндылықтар. Себебі, еңбексүйгіштік адамды мұратына жеткізеді. Ал, қазір мектепте баланы еңбекке тартса, кейбір ата-аналар қарсы болады. Салдарынан баланы өзі де, өзге де жұмсай алмайды. Бала айналасына немқұрайды қарайды, жауапкершілігін түсінбейді. Сондықтан еңбекке баулуды мықтап қолға алуымыз керек. Ата-ананың міндеті – баланы бағу ғана емесе, тәрбиелеу, баулу.
Кешегі қаңтар оқиғасында ата-ана да, ұстаздар да, жалпы үлкендер қауымы балаларға ие бола алмай қалдық. Бұл көрініс – тәрбиені тым босатып алғанымыздың куәсі,- деді Эльмира Әбілқызы.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Талғат Шариұлы Жолдаудың ерекшелігіне тоқталды.
-Президентіміз Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру үшін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алатынын айтты.
Мемлекет басшысы осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынды. Ең бастысы, Президентіміз саяси реформаны өзінен бастап отыр.
Еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік-аумақтық құрылымын едәуір өзгертетін ауқымды бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін тағы 20-дан астам заң қыбылдау керектігін баса айтты,- дей келіп, Талғат Шариұлы Жолдаудың негізгі бағыттарына тоқталды.
Сонымен бірге, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Талғат Мамаев «Nurai Plaza» бизнес орталығы мен аудандық кәсіпкерлер палатасының жұмысымен, алдағы жоспарларымен танысты. Кәсіпкерлер палатасы Жуалы аудандық филиалының директоры Руслан Айтбаев ауылдық жерде кепілге қоятын жылжымайтын мүліктер тым арзан бағаланатынын, мал асырау бағытына берілетін несие бойынша кейбір құжаттарды дайындауда және сүт өндірушілерге берілетін субсидияда да келеңсіздіктер барын айтып, олардың оң шешілуіне ықпал етуін сұрады. Облыс әкімінің орынбасары аталған мәселелерді қағазға ашық, анық түсіріп өзіне жолдауын тапсырды.
Талғат Мамаевтың іссапары «Ақсай» өндірістік кооперативінің жұмысы барысымен танысумен аяқталды.
Кооператив басшысы Дидар Кенжебеков кооперативтің алған несие сомасы, оған алынған техникалар, алдағы жоспарлар, жұмысшы саны, олардың жалақысы және орын алып отырған мәселелер туралы баяндады.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close