Basty bet

Жолаушыларды тасымалдап, алғысқа бөленуде

Бұрындары алыс жолдан жолаушылап келген кісілермен ең алдымен: «Ат-көлік аман-есен келдіңіздер ме?» деп амандық-саулық сұрасатын. Сол замандағы көлік қатынас құралы саналатын ат пен түйенің орнын қазіргі таңда заманның талабына сай темір тұлпарлар басып отыр. Жолаушылар барар жеріне автокөліктермен, пойызбен, ұшақтармен қатынайды. Техниканың әбден қарыштап дамыған заманында көлік құралдарының да көптеген түрлері пайда болып, әлі де жетілдірілу үстінде.
Кеңестік кезеңде жолаушылар тасымалы бойынша мемлекет арнайы жүйемен жұмыс жасағанынан хабардармыз. Онда арнайы автобустар белгіленген тәртіппен өз бағыттары бойынша қатынайтын. Жолақысын да мемлекет белгілеп беретін. Ал қазіргі нарықтық қоғамның талабы басқаша. Кеңес Одағы ыдыраған соң жолаушылар тасымалдайтын бұрынғы автобус жүргізушілері де жұмыссыз қалды. Бұрынғы автобазаларда жұмыс істеп, отбасын асырап отырған азаматтардың кейбірі өз алдына жеке көлік сатып алып жолаушылар тасымалдауға бел буды, ал кейбірі басқа салаларға кетіп жатты.
Тоқсаныншы жылдардың басында-ақ аудан орталығы мен облыс орталығының арасында жолаушылар тасымалы болатын. Қазіргі таңда да бұл жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. «Б.Момышұлы-Тараз» бағыты бойынша жолаушылар тасымалын «Жуалы-жолаушы көлік» ЖШС 10 жылға арналған тендерді ұтып алып, жұмыс істеу үстінде. Аталған серіктестікті тәжірибелі жүргізуші, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Өмірзақ Әлімбетов басқарып отыр. Көлік қызметкерлері күніне орай жолаушылар тасымалымен айналысатын серіктестіктің басшысымен әңгімелескен болатынбыз.
-Жолаушылар тасымалы бойынша біздің серіктестік 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Біздің алдымызда басқа серіктестік болған. «Жуалы-жолаушы көлік» ЖШС тасымал бойынша тендерді 10 жылға ұтып алып отыр. Заңдылық тұрғысынан жұмыс жасаймыз. Арнайы көлікжайымыз бар. Серіктестікте заңгер, дәрігер, механик, жолаушыларды көлікке отырғызып, жолақы жинайтын екі адам жұмыс істейді. Жолға шығар алдында жүргізушілер дәрігерлік тексеруден өткізіледі.
Негізінен біздің серіктестікте жеке көлік иелері жолаушыларды тасымалдайды. Олар бізге келісім бойынша белгілі бір сомада қаражат төлеп отырады. Бәрі заңды. Біздің негізгі жұмысымыз аудан орталығы мен облыс орталығының аралығында адам таситын болғандықтан, әр күнгі жұмысымыз таңғы сағат алтыда басталады. Жүргізушілер мен көліктер тексеруден өткізіледі. Мұнда барлығы 15 көлік жолаушылар тасымалдап отыр. Жолаушылар тасуға арналған көліктердің дені «ГАЗель», «Mercedes-Benz Sprinter» маркалы жаңа автомашиналар. Жүргізушілер де тәжірибелі азаматтар саналады. Олардың ішінен Жолан Дүйсембаев, Болат Қожагелдиев, Бақдәулет Аманбеков, Мамыр Байдалиев, Сайлау Боранбай есімді жүргізушілердің көпжылдық еңбегін атап өтуге болады. Жолаушылардан жолақы жинайтын Халима Баянова мен Айсұлу Қожагелдиеваның да жолаушыларға көрсетіп отырған қызметін айтпай кетуге болмайды.
Жолаушылар тасымалдау, оларды тиісті жерлеріне аман-есен жеткізу – біздің басты парызымыз. Құдайға шүкір! Жұмысымыз жақсы, ұжымымыз да өте ұйымшыл, тату. Аудандағы сауапты істерден де шет қалып жатқан жоқпыз. Біздің серіктестікте жұмыс істейтін кейбір иманды жүргізуші азаматтар жыл сайын Құрбан айт және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекелерінде жолаушыларды аудан мен Тараз қаласының аралығында тегін тасымалдайды. Мұндай иігілікті істер көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Жолаушылардың, тұрғындардың алғысын алу үшін, отбасымызды асырау үшін алдағы уақытта да ұйымшылдықпен жұмыс істей береміз,- дейді серіктестік басшысы Өмірзақ Иманұлы.
Мамандықтың жаманы немесе жақсысы болмайды. Алайда, қандай да бір мамандықтың қыр-сырын терең меңгерген сапалы қызметкердің ел ішіндегі абыройы да биік болатыны белгілі. Осы тұрғыда жолаушылар тасымалымен айналысып, тұрғындардың алғысына бөленген көлік қызметкерлерінің елге сіңіріп жүрген еңбектері ерен.

Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close