Basty bet

Қазақ тілін жетік меңгерген жас маман

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артуда. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алып отыр. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілінің көп көмегі тиюде.

Қазақ тілін өз тіліндей меңгерген өзге ұлт өкілдерінің бірі, яғни ұлты түрік Арман Мамедов. Ол қазіргі таңда аудандық орталық ауруханада хирург болып жұмыс істейді. Жас маман хирургия бөліміндегі білікті дәрігер Қалды Байрамовтан мамандығының қыр-сырын үйреніп, тұрғындарға медициналық көмек көрсетуде.
Арманның туған жері – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы. Ал, балалық шағы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында өткен. Ауылдағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте қазақ сыныбында оқыған. Қазақы ортада өсіп, қазақ тілін жетік меңгерген ол бүгінде мемлекеттік тілде емін-еркін сөйлеп, тұрғындармен де жақсы қарым-қатынас орнатқан.
-Менің ортам қазақ балалары. Біз қазақ балаларымен бірге өстік. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәтте қазақ сыныбына қабылданған болатынбыз. Өйткені, бізге осындай қазақ сыныбында оқып-білім алу қолайлы болды. Ата-анамыз да біздің бойымызда ана тілімізбен қоса, қазақ тіліне деген құрметімізді қалыптастырды.
Міне, сондықтан болар, маған тілді үйрену, еркін сөйлеу, ойымды жеткізу қиындық туғызбайды. Себебі, біздің туған жеріміз Қазақстан. Тіліміз басқа болса да, жүрегіміз, тілегіміз бір. Ол, еліміздің тыныштығы мен жұртымыздың амандығы, – дейді жас маман.
Ол мектепті тамамдаған соң, болашағын дәрігер мамандығымен байланыстыруды жоспарлайды. Арман қуып, Түркістан қаласындағы Қожа-Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне оқуға түседі. Мұнда бес жыл білім алып, екі жыл Алматы қаласында интернатураны тамамдайды. Қазіргі танда аудандық орталық емханада дертіне шипа іздеп келген науқастарға медициналық көмек көрсетіп, хирургия бөлімінде ота жасайды.
Арманның алға қойған арманы мен жоспары айқын. Ол өз мамандығының білікті, білімді иесі болып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет көрсетуді көздейді.
-Қазақ тілін жақсы білгенім маған кез келген ортада пайдасын тигізіп келеді. Достарымның арасында да емін-еркін сөйлесіп, ойымызды жеткізе аламын. Ал, жұмыс барысында келген науқастарға қызмет көрсетуде тілдің пайдасы көп. Өйткені, оларға қазақ тілінде дертінің шипасын түсіндіріп, бағыт-бағдар берген жеңіл әрі оңай. Науқастарда ойларындағы сұрақтарын қысылмай қойып, еркін сөйлесе алады.
Жалпы дәрігер деген мамандықты таңдаған сәтімде ең бірінші науқастармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды ойладым. Өйткені, сенің жақсы маман болуың ол жақсы қызмет көрсетуіңмен де сипатталады. Әр адамның жүрегіне жол тауып, біліктілігің мен біліміңді ұштастыра алуың қажет.
Әр ұлттың өз ана тілі бар. Біз қазақ жерінде туып-өссек те, ана тілімізді ұмытпаймыз. Ал, қазақ тілін өз ана тілімізді құрметтегендей құрметтеп, үйренуіміз керек. Мен тек мемлекеттік тілде ғана емес, бірнеше тілді меңгердім. Мәселен, орыс, өзбек тағы басқа да тілдерді жақсы білемін. Бұл тілдерде сөйлеу маған қиындық туғзыбайды, -дейді Арман Хамбалаұлы.
Қазақ тілін жетік білген Арман “Әр мәдениетті азамат үшін өз Отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін білу парыз” дейді. Ол халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, рухани байлығын білу – адамда халыққа деген құрмет сезімін оятады деген пікірде. “Еліміз көп ұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату елміз. Ал, тіл – халықтың жан-дүниесі, рухани негізі мен ел еркіндігін, ұлттың ұлылығын танытатын басты күш, ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырушы, біріктіруші. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі ” дейді.
Тілге деген құрмет әр азаматтың бойында болуы тиіс. Арманның қазақ тіліне деген шексіз құрметі отбасында қалыптасқан. Сол арқылы тілді еркін үйреніп, бүгінде өз қызметінде мол септігін тигізуде. Мұны оның тұрғындарға қызмет көрсету барысында аңғаруға болады. Ендеше, татулықтың тірегі саналатын қазақ тілін өзге ұлт өкілі ғана емес, әр қазақ азаматы жетік білсе, нұр үстіне нұр.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close