Basty bet

Жедел жәрдем көлігі берілді

Денсаулық – зор байлық. Өткен аптада аудандық орталық аурухананың қызметкерлері Қарабастау ауылдық амбулаториясына су жаңа «Жедел жәрдем» көлігін салтанатты түрде тапсырды. Осыдан бірер уақыт бұрын аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батихан Алпысбай ауыл тұрғындарымен кездесіп: «Ескі жедел жәрдем көлігінің орнына жаңа көлік береміз» деп уәде берген болатын. Осы орайда уәдесін іспен дәлелдеген ауданның бас дәрігеріне ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдіремін.

Жедел жәрдем көлігін тапсыру жиынын Билікөл ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Нұрзулла Лұқманов ашты. Ол сөзді аудандық аурухананың кадр бөлімінің басшысы Хамза Омановқа берді. «Жуалы ауданының әкімі Нарбай Әбілқасымұлының назарында тұрған мәселенің бірі – шалғай ауылдарды жедел көліктермен қамтамасыз ету. Сондай істің орайы келіп, тұрғындардың игілігіне жаңа көліктің кілтін өздеріңізге тапсырғалы отырмын. Бұл – ауыл тұрғындарының талап-тілегі еді» деді ол. Солай дей келіп жаңа көліктің сиренасын қосып көрсетті. Ауылдың әжелері шашу шашты. Жедел жәрдем көлігінің кілті, мемлекеттік нөмірі ауылдық амбулаторияның аға дәрігері Жансұлу Көлбаеваға тапсырылды. Ол өз кезегінде ауданның денсаулық сақтау саласының басшылығына алғысын білдірді.
– Қазіргі таңда қоғам тарапынан аздаған түсінбеушіліктер орын алып жүргенде бізге берілген жедел жәрдем көлігі үлкен сый болды деп есептеймін. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жұмыс сапарымен Жамбыл облысын аралағанда көп мәселені назарынан тыс қалдырған жоқ. Оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде қызмет етіп жатқан біз сияқты жас дәрігерлер үшін Үкімет тарапынан көрсетілген үлкен көмек деп білемін»,- деп ағынан жарылды.
«- Басты байлық – денсаулық. Қоғамға, әлемге осылай жар салып жатқан заманда біз де тұрғындардың, қалың көпшіліктің көңілінен шыққымыз келеді. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалған әлеуметтік қолдауларға адал еңбегімізбен жауап береміз»,- деген тілекті амбулатория қызметкерлері де қосты.

Мәдіхан Рахманқұлов,
Билікөл ауылдық округі жергілікті
қоғамдастығының төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close