Basty bet
2022 жылғы 1 сәуірден әлеуметтік төлемдердердің мөлшері ұлғаяды
Азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында мемлекеттік бюджеттен жүзеге асырылатын әлеуметтік төлемдердің мөлшерін белгілеу үшін Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі – ЕТКД) және айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) қолданылады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш мөлшері инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын белгіленеді. Осылайша, Үкімет, халықтың өмір сүру деңгейінің төмендеуін болдырмау үшін тұрақты шаралар қабылдауда.
Бүгінде барлық әлеуметтік төлемдер (зейнетақылар мен жәрдемақылар) инфляцияның болжамды деңгейін ескере отырып, жыл сайын индекстеледі.
Бұған дейін инфляция дәлізінің болжамы 4-6 %-ды құраған болса, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап инфляция дәлізі 8-10 %-ға дейін қайта қаралды.
Мәселен, а. ж. 1 қаңтардан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің немесе айлық есептік көрсеткіштің шамасынан есептелетін жәрдемақылар мен базалық зейнетақының мөлшері 5 %-ға (инфляцияның орташа болжамының деңгейі) арттырылды.
Осыған сәйкес, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері инфляцияның болжамды деңгейінен 2 %-ға оза отырып, индекстеліп, оның мөлшері жыл басынан бері 7 %-ға арттырылған еді.
Енді, үстіміздегі жылғы 1 сәуірден бастап инфляция дәлізін қайта қарауды ескере отырып, тағайындалған зейнетақылар мен жәрдемақылардың мөлшерін тағы да 4 %-ға индекстеу жоспарлануда, бұл жиынтығында базалық зейнетақы мен жәрдемақылардың 9 %-ға, ал жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақылардың 2021 жылмен салыстырғанда 11 %-ға өсуін қамтамасыз етеді.
Бүгінгі күні ҚР Парламентінің Сенатында қаралып жатқан «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына сәйкес 2022 жылғы 1 сәуірден бастап, айлық есептік көрсеткіш 3 180 теңгені, ең төменгі күнкөріс деңгейі 37 389 теңгені құрайтын болады .
2022 жылдың 1 сәуірден бастап барлық зейнетақы алушыларға жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 4% – ға арттырылады, бұл ретте зейнетақының ең төменгі мөлшері 48 032 теңгені құрайды;
ЕТКД-нің ұлғаюына байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері 20191 теңгені, ең жоғары мөлшері – 37 389 теңгені құрайды.
Жаңадан тағайындалатын зейнетақы мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 146 280 теңгені (46 АЕК) құрайтын болады.
Мемлекеттік бюджеттен төленетін барлық жәрдемақылар түрі АЕК-нің және ЕТКД-нің ұлғаюымен, 2022 жылғы 1 сәуірден бастап өсетін болады.
Осылайша, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жоғары мөлшерде төлеу «2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы күшіне енгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл ретте 1 сәуірден бастап Заңға қол қойылған айға дейінгі өткен төлемдер қайта есептеледі, ал тиісті қосымша төлемдер кезекті зейнетақы немесе жәрдемақы төлеумен жүргізілетін болады
Ә.Балабекова,
№1 Зейнетақы және әлеуметтік
қамсыздандыру бөлімінің
бас маманы