Basty bet
АУЫЛДАРЫМЫЗ БІР ЖАСАНЫП ҚАЛДЫ
Өткен сенбіде «Бірге – таза Қазақстан!» атты жалпыреспубликалық экологиялық сенбілік қайта жалғасын тауып, аудандағы мекемелер мен ұйымдардың еңбек ұжымдары ауыл тұрғындарымен бірлесіп, өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда тазалық шараларын жүргізді.Экологиялық сенбіліктің барысын аудан әкімі Нарбай Ергебеков, салалық орынбасары Асхат Жабағы тікелей қадағалап отырды. Аудандағы мекемелер мен ұйымдар өкілдерінен жасақталған тазалықшылар десанты бұл жолы да аудандағы ірі су қоймаларының бірі – Теріс өзеніндегі «Теріс-Ащыбұлақ» бөгені жағалауында, Билікөл өңіріндегі «Әулиебастау» бұлағының маңайында тазалық шараларымен шұғылданды. Жиналған қоқыстар «Жасыл Ел Жуалы» мекемесінің арнайы техникасының көмегімен шығарылды.
Жалпыреспубликалық экологиялық сенбілік аясында Ақсай ауылдық округінің Диқан ауылына кіреберіс арка жөнделіп, сырланды. Оған ауылдық округ әкімдігі қызметкерлері, қоғамдық ақылы жұмыскерлер және «Жасыл Ел Жуалы» мекемесінің көтергіш техникасы тартылды. Қайрат ауылында Ақсай ауылдық әкімдігі ғимаратының төңірегіндегі қурайлар мен қураған шөптер шабылып, гүлзарлардың арамшөптері жұлынып, саябақтар қоқыстан тазартылып, маңайы абаттандырылды. Тазалық науқанынан ауыл тұрғындары да тыс қалмады, олар аулаларын, үйлерінің тұсындағы арық-атыздарды тазалап, қоқыстан тазартты.
Аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылында да сенбілік тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Мұнда ауыл әкімі аппаратының мамандары, спорт және денешынықтыру бөліміне қарасты спорт ісі нұсқаушылары мен қоғамдық ақылы жұмыскерлер әкімдік ғимаратының төңірегіндегі қураған шөптесіндерді шауып, жолдардың жиектастарын әктеді. Одан кейін олар ауылдағы Тәуелсіздік және Ынтымақ көшелерінің қиылысындағы темір жол өткелінің маңында қураған шөптерді шапты, сол тұстан басталатын сайды бойлап, жоғары қарай жүріп өтті. Жолай сайдың табаны мен қос қапталындағы кездейсоқ қоқыстарды жинады.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен барлық ауылдық округтерде, елді мекендерде ұйымшылдықпен өткен тазалық шаралары барысында ауыл-аймақтарымыздың өңі кіріп, бір жасанып қалды.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»