Basty bet
БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ – ЕҢБЕКТЕ
Қазіргі таңда жұмыс істеп, тұрмысымды түзеймін деген жандарға елімізде кәсіптің түрлері жетіп артылады. Іздеген адамдарға жұмыс пен кәсіп қалалық жерден де, ауылдық жерлерден де табылады. Соңғы жылдары ауылдарда шағын кәсіптің бәсі артып келеді. Осындай кәсіпті таңдап, жұмысты жаңаша ойлайтын қолөнер шебері, тігінші Гүлмира Байжанова жайында әңгіме қозғамақпыз. Ол – Қарасаз ауылының тұрғыны. Өзі тұратын елді мекенде шағын сәндік үй ателье ашқан.
Шын мәнінде, тіршіліктің қазаны қайнаған ауылда тұрғындардың тұрмысқа қажетті дүниелері бір жерден табылатынын осында жасаған іссапарымыз барысында аңғардық. Себебі, газетіміздің алдыңғы сандарында бұл ауылдық округтегі кәсіпкерліктің дамуы барысы және тұрғындардың тыныс-тіршілігі туралы бірқатар сүйекті мақалалар жарияланған болатын. Сондай-ақ, бұл елді мекеннің тұрғындары жұмыстың көзін тауып, шағын кәсіпкерліктің дамуына да сүбелі үлестерін қосып отырғандарын да айта кеткен жөн. Ауылдық округтің осындай игі істерінен, тіршілігінен басқа да ауыл-аймақ үлгі алса нұр үстіне нұр.
«Бақыттың кілті – еңбекте» демекші, бүгінгі қоғамда да адал еңбектің ырыс-несібесі мол. Күні бойы бір орыннан тапжылмай, он саусағы майысқан ісмерлердің қолынан шыққан келісті киімдерді, түрлі қолөнер бұйымдарын бағаламауға болмайды. Түрлі сәнді маталардан ою ойып, мата пішіп, тігін тігуде асқан шыдамдылық пен шеберлік қажет.
Қолөнер шеберлері ісмерлік өнерге, өзінің ісіне аса жауапкершілікпен қарайды. Бүгінгі күні түрлі маталардан киім пішіп тігетін жандардың да талғамы өте жоғары. Осы орайда, сәндік үйіне келген әр тұтынушының сұранысын Гүлмира Құралқызы қанағаттандырып, олардың үдесінен шығып отырған жайы бар.
Ол ісмерлікке тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бет бұрған. Алғашында ауылдағы тігін цехында тігінші болып жұмыс істеген. 1996 жылы тігін цехы өз жұмысын тоқтатқаннан кейін, үйде отырып тапсырыстарды қабылдаған. Жылдан-жылға шеберлігін дамытып, 2017 жылы осы ауылдағы Бірлік көшесіндегі ғимаратты жалға алып, шағын ателье ашады. Оның бір бөлігінде жұмыс істеуге арналған екі тігін машинасы бар. Ал, екінші бөлігіне сатылымға күнделікті киетін киім-кешектерді қойған. Тігінге қажетті ине, жіп, маталарды, тауарларды Шымкент қаласынан сатып әкеледі.
«Тігіншіні инесі асырайды» дейді халық даналығы. Ісмер өзіне тапсырыс берушіге киімнің сән үлгісін дұрыс таңдауға да ақыл-кеңесін береді. Тігінші қазақи оюы келіскен түрлі көрпелерді, перделерді, кешкі көйлектерді және басқа да тұрмысқа қажетті дүниелерді тігеді. Сонымен қатар, киімдерге қайта жөндеу, кеңейту, қысқарту жұмыстарын да жүргізіп, тігіншілікпен қатар тігін машиналарына жөндеу жұмыстарын да жасайды.
-Тігіншілікті қызығушылығымның, адал еңбектің, үнемі ізденістің арқасында үйрендім. Бала күнімізде ата-анамыз мал шаруашылығымен айналысқан. Көбінесе тауда болатын. Ал, біз киімімізді өзіміз тігіп киетінбіз. Ата-анамыз бала күнімізден еңбекке баулып өсірді. Менің бойымда ісмерлік қасиет басым болып, осы тігіншілікке бет бұрдым. Әрине, әр істің өз қиыншылығы мен ауыртпашылығы бар. Алдыңа келген кез келген адамның сұранысына сай дүние жасап беруің керек. Қандай зат тіксем де ең бірінші оның сапасына көп мән беремін. Себебі, қолымнан шыққан дүниелердің сапалы болғаны маған абырой. Ал, абырой адал еңбекке жетелейді, – дейді қолөнер иесі өз сөзінде.
Шебердің қолынан шыққан әр дүние тұтынушы тарапынан жақсы бағаланса, олардың еңбектерінің еш кетпегенін білдіреді. Ауыл тұрғындары Гүлмира Құралқызының тіккен келісті киімдерін аса тиянақтылықпен, ұқыптылықпен жасалатынын айтады. Оған тапсырыс берушілер жан-жақтан келеді. Тапсырыс көбінесе мерекелерде, жаңа оқу жылы қарсаңында, округте ауқымды іс-шаралар өткізілген уақыттарда көп болады. Қолда бардың үдесінен шығып, кәсібін өрге қарай сүйреп отырған оның алдағы жоспары да ауқымды. Оған ауылдық әкімшілік тарапынан көмек-қолдаулар болып жатса, тігін цехын кеңейту ойы да бар. Осы ретте облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша Гүлмира Құралқызына шағын кәсібін кеңейтуге мүмкіндік туып отыр. Ол үшін тиісті жобасын жасап, жергілікті әкімшілікке өткізуі тиіс.
Ісмер қарасаздық азамат Ерғабыл Жамбосынов екеуі отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»