Basty bet

САРҒАЙҒАН СОЛДАТ ХАТТАРЫ

Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл. Бұл соғыстың қасіреті туралы аз айтылған жоқ. Кітап болып жазылды, кино болып түсірілді, тарих болып хатталды. Елге аман-есен келген жауынгердің сыр сұхбаты болып та баяндалды. Кейінгі буын «ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» ұстанымын атадан балаға өсиет етіп насихаттап та келеді.
Дейтұрғанмен, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңін кең панорамада көрсетуге септігін тигізетін эпистолярлық жазбалар, яғни, ұрыс даласы мен бейбіт өмірді жалғаған жауынгер хаттары әлі де болса ғылыми тұрғыда арнайы зерттеу нысанына айналған жоқ. Жауынгер хаттары солдаттың елге деген сағынышы ғана емес, майдан өмірі, окоп шындығы. Дала почтасынан жолданған бұл хаттардың көбі бүгінгі күнге жеткен жоқ. Алайда, елім деп еңіреген ерлердің үшбұрышты үшбу сәлем хаттарын еміренген елі, асыл аналар көздің қарашығындай сақтап, ұрпағына рухани мұра қылып жеткізе алған екен.
Кеңес Одағының Батыры Мәншүк (Мәнсия) Жиенғалиқызы Мәметованың Орал қаласындағы музейінде қаһарман қазақ қызының алты хаты сақтаулы. Оның біреуі 1938 жылы латын графикасында жазылған хат болса, бесеуі орыс тілінде майдан даласынан жазылған хаттар. Музей қорындағы әріптері көмескіленіп, тозығы жеткен Мәншүк хаттары бізге дейін түпнұсқалық текстологиясы толықтай қалпына келтіріліп оқылған да, жарияланған да емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алғаш рет Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Мәншүктің майдан даласынан жазылған бес хатын 2015 жылы тоғызыншы мамыр күні «Приуралье» газетінде жариялап, Ақжайық жұртын көзайым еттік. Бұл істе материалдармен танысуға мүмкіндік жасаған музей қызметкері Әлия Жантөреқызына ризашылығымызды білдіреміз.
Мәншүк Мәметованың хаттарына да адресатпен амандық сұрасу, ақпарат бөлісу, бірінші жақтан баяндалатын көңіл-күй реңіктері сынды эпистолярлық стиль ерекшеліктері тән. Ал хат мәтініндегі жеке сөйлемдер жазушының дүниетанымы мен заман шындығын көрсетеді. «Дорогая апа» деп басталатын бірінші хатында анасын бірінші мамыр мерекесімен құттықтап, Қызыл әскер қатарында Отанын жаудан қорғауда алғы шепте жүргендігін мақтан ететін тұстан кейінгі: «Выполняя приказ Сталина, не отступать ни на шаг назад. И я лично оправдаю доверие партии, храня в груди кандидатскую карточку» деген екі сөйлем назар аудартады.
Екінші дүниежүзілік соғыста адам шығыны жағынан кеңес елі бұрын-соңды соғыс тарихында болмаған көрсеткіш көрсетті. Мұның барлығы «қарыс қадам шегінуге болмайды» деген Сталиннің бұйрығының салдары екендігін соғыс зардабын зерттеуші ғалымдар дәлелдеді. Шегіне ұрысып адам шығынын мейлінше аз болуын қарастырудан гөрі, қауқарсыз қарумен қарыс қадам шегінбеу стратегиясы адам өлімін еселей түсті. Адам шығынының көп болуына және бір себеп Мәншүктің хатынан алынған үзіндідегі екінші сөйлемде жатыр. Комунистік партия қатарындағы және оған кандидат жауынгерлер кеңестік идеология жүргізген саясаттың салқынымен «я лично оправдаю доверие партии» деп қарыс қадам шегінбей және өзгені де осыған үгіттеді. Бұл соғыс өрті шарпып тұрған ұрыс даласында басын бәйгеге тігіп, жауына қасқайып қарсы тұрған қазақ қызының қапылыста жазылған бас-аяғы жүз сөзге жетпейтін хат мәтініндегі заман шындығы.
Мәншүктің 20.05.1943 ж. хаты көңіл күй реңкіне толы. Елге деген сағынышы, елден келген хаттың жанына шуақ құятыны: «Апатай, я очень соскучилась о Вас… Когда получаю от Вас письмо, оно мне дает больше энергии в дальнейшей моей жизни…» деген тебіренісінен анық сезіледі. Осы хаттағы: «Я всегда буду жива, здорова и меня никакая немецкая пуля не возьмет, только лишь Вы пишите письма почаще» сөйлемі бір Мәншүктің аузымен айтылғанымен елден келген үшбу хат жауымен бетпе-бет келіп алысып жатқан мыңдаған жауынгерге қаншалықты қуат беретінін боямасыз көрсетіп беруімен де құнды.
Мәншүктің 7.08.1943 ж. жазылған үшінші хаты деректердің нақтылығымен, қоршаған орта суретінің дәлдігімен, ахуалдың ашық айтылуымен құнды. Дерек нақтылығын: «Наша сотая бригада, которая формировалась в Алма-Ата сейчас находится в Калининской области, недалеко от Великих – Лук. Пока ст. от передовой находится 10-12 километров» сөйлемдері аңғартса, соғыс жылдарындағы қоршаған орта суретінің дәлдігі: «…а если есть деревня, то разрушена, населения не живут. Живем рытой из земли в землянке» жолдарында жатыр. Ал: «Сейчас в нашей бригаде казахов мало, так как были в двух боях… Но моя судьба в боях шаткое, иначе говоря, трудно сказать, что буду цела. Абкетай, конечно я Вам пишу откровенно, только не огорчайтесь и не думайте ни о чем. Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» сөйлемдерінде ахуал бүкпесіз баяндалады.
Соңғы сөйлемдегі «…за отца и за Вас» сөз саптауы кім үшін және не үшін қолына қару алғанынан сыр аңғартады. Мәншүк майданға шақырылып емес, сұранып барғандар қатарынан. Себеп, кеңес үкіметі ел ішінен жау іздеп, өз халқын өзі жазықсыз қырған тұста Мәншүктің де әкесі ызғарлы жылдардың құрбаны болып кете барды. Отағасын опат еткен үкімет өздерін халық жауының отбасы деп қарады. Соғыс басталған сындарлы сәтте «халық жауының отбасы» Отан алдындағы кінәларын қолына қару алып, майдан даласындағы ұрысқа қатысу арқылы өтей алады деген жымысқы үндеу таратты. Сондай-ақ, халық жауы болып ұсталғандардың үштіктің қаулысымен атылып кеткендігін жасырып, ел арасына ұрпақтары соғысқа қатысса, тұтқындалғандарды ақтайды деген де сыбыс шығарды. Қаршадай қазақ қызының: «Если погибну то за Родину, за отца и за Вас» деуі міне осыдан.
Мәншүктің төртінші хаты адресаттың ортасы, оның жан дүниесіне әсер еткен детальдардың нақты әрі мерзім дәлдігі көрсетілуімен құнды. Мұны Мәншүктің: «Дорогая мамочка! Долгожданное письмо и посылку получила в тот же день и в тот же час, когда мы тронулись на передовую. Это было 10.ІХ.1943 г. В этот день в 7 часов должны были двинуться вперед, а мне сказали только в 6 часов, что приехал этот капитан, но я все – таки сумела дойти к нему и взять, но поговорить не пришлось, что я до сих пор жалею. Была очень рада, хотя только мне досталось одно яблоко, так как наши бойцы и командиры встретили меня также, как и я, ожидали маленький подарок. Мамочка уже второй год, как мы не видим фруктов и вообще что-нибудь домашнее» дейтін хатынан оқи аламыз.
Бұл да Мәншүктің хаты арқылы жеткен сұрапыл соғыстың жазылмаған шындығы. Сыз топырақ окопта түнеп жүрген жауынгерге бейбіт өмірдегідей тәбетін шапқаннан дәм татуға майдан мұрша берген бе. Сондай-ақ, хаттағы «мне досталось одно яблоко» үзіндісі елден жеткен сәлемдемені қаруластарымен теңдей бөлісіп, қолында жалғыз түйір алма ұстап тұрған Мәншүк қыздың мырза бейнесін мәңгілікке қалдырған авторлық жолдар емес пе.
Осы хаттағы Мәншүктің көрген түсі баяндалатын: «Дорогая Абкетай, сегодня днем легла отдохнуть, целую ночь не пришлось спать, парочку уснула, сразу мне приснился такой сон. Приехал папа, но с ним не разговариваю, он как будто служит в армии и вдруг слышу, приехала делегация из Алма-Ата и открываю дверь, слышу Ваш голос, подхожу к Вам и обнимаю, целую и говорю, неужели я вас вижу. Что-то никогда не думала встретить вас и будто целую и потом как будто это в настоящем. Начинаю рассказывать, как мы живем, рассказала встречу с отцом, потом спросила, как пришел сюда, а вы отвечаете, что вам посчастливилось попасть с этой делегацией и вдруг будят меня на обед и вся эта сладкая минута оказался сном» деген үзінді жазушының (хат иесі) жан дүниесінің хабаршысы сынды. Мәншүктің ерекше алабұртқан көңіл күйін көрсететін «…мне приснился такой сон. Приехал папа…» сөздері өңінде жоғалтқан әкесін түсінде тапқан Мәншүк қыздың көңіл шуағының қоңырауы десе болғандай. Түсінде әкесінің әскери адам болып көрінуі, елден әскери делегация келуі хат иесі сана-сезімінің соғыс жағдайындағы жаңғырығының көрінісі деп қабылдаған дұрыс.
Болашақта Мәншүк Мәметованың өмір жолын зерттеймін деушілер табылып жатса 22.ІХ.1943 жылы жазылған хатына ерекше көңіл бөлуге кеңес береміз. Мұнда көзін тауып сөйлете білген адамға Мәншүктің әлемін тануға септігін тигізер детальдар жетерлік.
Мәншүктің бесінші хаты қысқа, бас-аяғы жеті-сегіз сөйлем. Хат мәтінінен батырлар жырындағы «аспанды бұлт торлайды» психологиялық параллелизм көңіл күйін аңғаруға болады. Шабынған ажалды көзімен көріп, көңілмен қорытқан Мәншүк анасына: «Дорогая мама! … а сейчас я нахожусь в передовой, сумею ли еще раз написать письмо не знаю… Теперь ждите письмо после боя. Хош, крепко целую Вас, дочка Манчук» деп хатын аяқтаған екен. Бұл Мәншүктің 11.10.1943 ж. елге жазған соңғы хаты болатын.
Соғыс жылдары жазылған хаттар зерделеп қараған жанға есен-амандық қана емес, өмір шындығын бүкпесіз көрсететін тарихи құжат. Бір ғана Мәншүктің хаттары мезгілсіз қиылған миллион тағдырдың арманы мен аманатын, ызғарлы жылдардың саясаты мен салқынын тануға септігін тигізетіндей. Бұдан бес жыл бұрын Мәншүктің хаттарын жариялаудан кейін Жайық жұртынан жиналған жауынгер хаттарының негізінде «Сарғайған солдат хаттары» атты кітапты шығаруды жоспарлап отырмыз. Кітаптың ерекшелігі сол жауынгерлердің өз қолымен жазған хаттары сол күйінде сканерленіп берілді. Бұл оқырманға көне жәдігерді көзбен көруге мүмкіндік туғызуымен қатар, түпнұсқаның редакцияланбай теріліп басылғанына көзін жеткізеді. Сондай-ақ, кітапта эпистолярлық жанр табиғаты мен заман шындығын таныту мақсатында хат мәтініне ғылыми талдау жасалды. Мұны мақтан үшін емес, елден жиналатын жауынгер хаттарымен жұмыс осы бағытта жалғасын табатындығын айту үшін жазып отырмыз.
Ардақты ағайын, сарғайған солдат хаттары біржола тозығы жетіп жойылып кетпей тұрған кезде жинақталып, көп томдық кітап болып жарық көруі тиіс. Бірліктің күші мен бейбіт өмірдің қадірі жауынгер хаттарында. Бүгінгі таңда БҚО Орал қаласындағы Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті жанындағы «Академик Қажым Жұмалиев атындағы ғылыми зерттеу орталығы» бұл жұмысты кезең-кезеңмен жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осы сауапты іске атсалысайық, Алаш баласы!
Жауынгер хаттарын осы күнге дейін сақтап жеткізген әулет адамдары мен хаттарды жинақтап бізге жеткізуші архив, музей, кітапхана т.б. қызметкерлер есімі жарияланымда міндетті түрде көрсетілетін болады. Хаттарды сканерлеп, байланыс телефонымен мына электронды почтаға mamyrov.69@mail.ru, сонымен бірге 8777-704-59-57 нөміріне жолдасаңыз, қазақ руханиятына өз үлесіңізді қосқан болар едіңіз.

Азамат Мамыров,
Батыс Қазақстан
инновациялық-технологиялық
университетінің доценті, филология
ғылымдарының кандидаты

Таңдаулы материалдар

Close