Basty bet
АЙДАЛАДА АҚ ОТАУ…
Мемлекеттің ұлттық сипатын танытатын мемлекеттік тіл саясаты қазіргі таңда үлкен саяси-идеологиялық маңызға ие.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі аудандағы ауылдық округтердегі ономастикалық және көрнекі ақпарат құралдарының ахуалына зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Ономастикалық жұмыстардың бүгінгі қағидасы – тәуелсіз мемлекетіміздің сипатын беретін, ұлттық тарихымызды айқындайтын атаулар арқылы ұлттық ономастикалық кеңістік қалыптастыру. Жуалы ауданы басқа аудандарға қарағанда барлық ауылдық округ атулары мен елді мекен атауларын толығымен қазақшалаған аудан.
14 ауылдық округтің 13-і топонимикалық жер-су атауларымен аталса, аудан орталығының аты Кеңестер одағының батыры Бауыржан Момышұлының құрметіне еліміздің қаһарман перзенті, халық қаһарманы, Баукеңнің есімімен аталады.
Аудандағы 14 ауылдық округте 49 елді мекен орналасқан: 45-ауыл, үш станса (Шақпақ, Күркіреусу, Сұрым) стансалары (Қазбастау) разъезды.
Аудандағы елді мекендердің 34-і жер-су аттарымен аталса, 8-і жаңа атаумен аталған, ал 7-не адамдардың есімдері берілген.
Елді мекеннің 22-сі аркада, 31-і тақтайша түрінде, 11 – елді мекен стелла түрінде орналастырылған, ал төрт ауыл тіпті атаусыз. Олар Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат, Қызыларық ауылдық округінің орталығы Қызыларық, Шақпақ ауылдық округінің – Амансай және Жетітөбе ауылдық округінің Майбұлақ ауылдарының атаулары бүгінгі күнге дейін орнатылмаған. Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауыл атауы және Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауыл атауы жазылған анықтағыш тақтайшаларының сыры көшкен, жаңартылмаған.
Аудандағы 49 елді мекенде 273 көше орналасқан: 177 көше кісі есімімен, 36 көше топонимикалық атаулармен, ал 60 көше жаңа атаумен аталады.
Аудандағы көшелерді республикалық ономастика комиссиясы бекіткен жаңа үлгідегі аншлагтармен біріздендіру жұмысы аудан бойынша 98 %-ды құрап отыр. Жетітөбе ауылдық округінде жалпы 14 көшенің 4 көшесіне жаңа үлгідегі аншлагтар әлі орнатылмағандығы анықталды.
Аншлагтармен толықтай біріздендірілген Ақсай, Қызыларық, Күреңбел, Көкбастау, Б.Момышұлы, Мыңбұлақ, Шақпақ, Билікөл ауылдық округтерінде ескі үлгідегі аншлагтар алынбаған, жаңасы мен ескісі қатар ілінген. Диқан ауылындағы Ыбырай Байділдә, Қарабастау ауылындағы Медет Таржанов көшелерінің аншлагтарында тіл заңдылығы сақталмаған, кісі есімдері қысқартылып жазылса, Көктөбе ауылындағы Бектеміс Беркімбайұлы көшесінің аншлагтарында Беркімбайұлы Бектеміс деп тегі бірінші жазылған.
Әрбір мекеменің сауаттылығы оның атауы жазылған маңдайшадан бастау алары анық. Зерделеу барысында денсаулық сақтау мекемесіне қарасты Қызыларық ауылдық медициналық пунктінің маңдайшалары Қазақстан Республикасының №1371 қаулы талаптарына сай орнатылмағандығы, маңдайшалардың орындары ауыстырылып орнатылғандығы анықталды. Білім бөліміне қарасты Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің орыс тіліндегі ауа райы салдарынан оңып, ескіріп кеткен маңдайшасы жаңартылмаған, С.Мұқанов атындағы негізгі мектептің маңдайшасы мүлдем орнатылмағандығы анықталды. Аудандағы барлық ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттердің тек мемлекеттік тіліндегі маңдайшасы ғана орнатылғандығы және ресми орыс тіліндегісіне тапсырыс берілмеген.
Білім мекемелеріндегі көрнекі ақпарат құралдарына жүргізілген зерделеу барысында Алатау ауылындағы Алатау орта мектебінің қабырғасына орнатылған Н.Назарбаевтың «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген сөзінде пунктуациялық қате орын алған. Осы мектептің математика кабинетіндегі «Математика – ғылымдар патшасы, Арифметика – математика патшасы», – деген ақпарат «Арифметика – математика патшасы. Математика – ғылымдар патшасы,» – деп орындары ауыстырылып орнатылған.
Қарасаз ауылдық округіндегі шағын сауда-саттық орталықтарының жарнама ақпараттарында ҚР «Тіл туралы» Заң талаптары сақталмай қателермен жазылған
Шағын және орта бизнес өкілдерінің жарнамалық сыртқы көрнекі ақпарат құралдарын зерделеу барысында 25 сауда-саттық орталығының көрнекіліктері Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заң талаптарына бойынша орнатылмағандығы анықталып отыр. Нақтылап айтқанда, Б.Момышұлы ауылындағы Жамбыл көшесінің бойындағы «Ассорти» кафесінің атауы тек ресми орыс тілінде жазылған, жазулары ескірген, жаңартылмаған. Орталық сауда базарындағы «Айдана» сауда орталығының жарнамалары орыс тілінде орнатылған. Ал орыс тілінен қазақ тіліне аударып орнатылған көрнекіліктерінің аудармалары дұрыс емес, пунктуациялық, орфографиялық, грамматикалық қателермен жазылған, әріптері түсіп қалған.
Шағын және орта бизнес өкілдерінің жарнамалық сыртқы көрнекі құралдарын бір салаға келтіру мақсатында, әр жыл сайын «Сауатты жарнама» акциясы өткізіледі. Акция барысында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» және «Жарнама туралы» Заң талаптары түсіндіріліп, әдістемелік көмек көрсетіледі, буклеттер таратылады.
Салтанат БІЛӘНҚЫЗЫ,
аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы