Basty bet

Әбдірәсілдің күміс жүлдесі

Естеріңізде болса, жуырда Жуалы аудандық футбол мектебінің түлегі Әбдірәсіл Әбдіманапұлы футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионатында «Аят» футзал клубы құрамасының сапында ойнап, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Сондай-ақ, маусым қорытындысы бойынша турнирдің ең үздік жас ойыншысы аталымын жеңіп алып, «Golden Boy» сыйлығын иеленген болатын.

Әбдірәсіл Әбдіманапұлы маусым бойы «Аят» футзал клубының негізгі құрамында ойнап, турнирдің финалында жақсы ойын көрсетіп, 38 матчта қарсылас команданың қақпасына тоғыз гол салған.
Осыған орай, ауданымыздың мақтанышына айналған, жас спортшы Әбдірәсіл Әбдіманапұлымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Б.Момышұлы ауылының тумасы Әдірәсілдің жасы 22-де. Ол аудан орталығындағы №19 Д.А.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның түлегі.
Жамбыл политехникалық колледжін ақпараттық жүйе мамандығы бойынша тамамдаған. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Каспий қоғамдық университетінің төртінші курс студенті.
Анасы Айнагүл Ахмадбекованың айтуынша, Әбдірәсіл өте зерек, алғыр бала болып өседі. Ол оқушы кезінде еркін күрес, таэквондо сияқты спорт үйірмелеріне қатысқан. Сонымен қатар, футбол ойнауды да жақсы көрген.
– Мені алғаш ауылдағы №15 балалар және жасөспірімдер спорт кешенінің футбол ойынының жаттықтырушысы Самат Орманов жаттықтырды, – деп бастады сөзін Әбдірәсіл.
– Он жыл көлемінде футболдан аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдік. Кейіннен 9 сыныпты аяқтаған соң футзал ойынына деген қызығушылығым арта түсті. Алматы қаласындағы «Қайрат» және Талдықорғандағы «Жетісу» кіші футбол клубының құрамында болып, талай жеңісті күндерді бастан кешірдік. Бүгінде Қостанай қалалық «Аят» кіші футбол клубының құрамында ойын көрсетіп жүрмін. Бізді мықты бапкер Қанат Жұмағалиұлы есімді азамат жаттықтырады, – дейді чемпион.
Спортшының сөзіне сүйенсек, чемпионатқа шығар алдында үзбей дайындық жүргізген. Мотивациялық кітаптар оқып, футзал ойынының тактикаларын жан-жақты меңгерген. Айтса айтқандай-ақ, еңбек еш кетпей жас спортшы жеңіс тұғырынан жарқырап көрінді.
Ендігі кезекте футзалдан әлем чемпионы болуды армандайтын жас спортшы арманға жету жолында аянбай еңбек ету керектігін айтады.
Айта кету керек, таяуда Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық стадионда футзалдан Әбдірәсіл Әбдіманапұлының жүлдесі үшін жасөспірімдер арасында аудандық жарыс өтті. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған жарысқа Б.Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерден келген 60-қа жуық жас аяқдоп шеберлері қатысты.
Жарыста Әбдірәсіл Әбдіманапұлы өзінің түлеп шыққан №15 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне және жарысқа келген командаларға арнайы футбол доптарын сыйға тартты.
Ал, ауданның намысын қорғап жүрген аяқдопшыға «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының» атынан арнайы сый-сияпаттар табысталды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close