Basty bet

Үш округтің шаруаларымен кездесті

Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының жаңа драйвері, бұрыннан қалыптасқан асыраушы сала екені белгілі. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында кеңінен атап көрсеткені мәлім. Онда: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды» делінген. Сонымен бірге Елбасы Жолдауында ауыл шаруашылығын қарқынды дамытумен қатар саланы цифрландыру мәселелері бойынша да нақты бағыт-бағдарлар белгіленіп отыр.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Осы орайда ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың №70 өкімімен жергілікті атқарушы орган басшыларының жұмыс алгоритмі бекітілді. Осынау жұмыс алгоритміне сәйкес аудан, ауылдық округтердің әкімдері тұрғындармен жиі-жиі кездесулер өткізіп жатқанынан хабардармыз. Жақында аудан әкімі аудан орталығында Б.Момышұлы ауылы және Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтерінің шаруаларымен кездесу өткізді.
Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Алғаш болып ауыл шаруашылығы саласы бойынша үш округтегі жартыжылдықтың қорытындысы туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев баяндады.
-Индикаторлық көрсеткіштерді орындау барысында 2019 жылдың өнімі үшін егілетін масақты дәнді және майлы дақылдардың жоспары барлық ауылдық округте толығымен орындалды. Қант қызылшасын егу бойынша Ақсай мен Мыңбұлақ ауылдық округтеріне берілген 25 гектар жоспар орындалып отыр.
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Ақсай ауылдық округінде 15,2 тонна күздік бидайдың, төрт тонна жаздық арпаның супер элита тұқымдары егілді. Аталған ауылдық округте «Асылхан» және «Қуаныш» шаруа қожалықтары жыл сайын элиталы тұқымдар егіп, шаруаларды жоғары репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз етіп отыр. Ал Б.Момышұлы ауылы және Мыңбұлақ ауылдық округінде жаңа тұқымдар алынған жоқ.
Егістік алқаптарын игеруде жаңа техникалардың да атқарар рөлі зор. Осы ретте Б.Момышұлы ауылының шаруалары ағымдағы жылдың алты айында барлығы төрт дана «МТЗ-952» тракторын және екі дана ауыл шаруашылығы тіркемелерін алып жұмыс істеуде. Мыңбұлақта бір дана «МТЗ-952» тракторы тіркемесімен алынды. Ал ақсайлық шаруалар бірде-бір жаңа техника алған жоқ.
Мал басы санын арттыру және ет, сүт өнімдері бойынша межеленген көрсеткіштер толықтай өз деңгейінде орындалмай отыр. Бұл жағдайға бірқатар факторлар кері әсерін тигізуде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша аталған ауылдық округтерде жоспар біршама орындалмады. 2019 жылы ет комбинаттарына өткізілетін қозы еті және шет мемлекеттердің нарығына өткізілетін мүйізді ірі қара малдары бойынша ауылдық окрутерге қолда бар малға есептеліп, тапсырмалар берілген болатын. Екінші тоқсанға белгіленген 80 тонна қозы етін өткізу жоспары орындалмай отырғанын да айтуымыз керек. Оның ішінде Ақсайға жеті тонна, Мыңбұлаққа сегіз тонна, Б.Момышұлы ауылына алты тоннаға берілген жоспар орындалмады. Сиыр еті экспорты бойынша түзілген жоспарлар да дәл осындай.
Қазіргі таңда жерді пайдалану мәселесі мемлекет деңгейінде қолға алынып отырғанын жақсы білесіздер. Осы орайда «МинАгро» бағдарламасы бойынша шаруалардың егістік жерлерін электронды базаға енгізуі аталған үш округте 90 пайыздан асып отыр. Бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады,- деді Сәбит Әмірханұлы.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде Б.Момышұлы ауылынан жеке кәсіпкер Нұргелді Темірбеков т.б. шаруалар сөйлеп, жайылым мәселесін, жалпы аудан орталығында мал ұстап, өнім өндіру барысында кездесетін бірқатар қиындықтар мен кедергілерді кеңінен айтты. Бұл сұрақтар бойынша аудан әкімі Нарбай Ергебеков жауап берді.
-Жалпы жайылым мәселесі біздің ауданда ғана емес республика көлемінде өзекті болып отырғаны белгілі. Оған кері әсер етіп отырған бірқатар факторлар бар. Аудан көлемінде соңғы бір жылдың өзінде мал басының едәуір артқаны байқалады. Дәлірек айтқанда, қолдағы малға тағы да төрт мыңға жуық мал басы қосылып отыр. Бұл жағдай да жайылым мәселесіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Мысалы, қолдағы сауын сиырды алыстағы жайылымға айдағанша қолда ұстап баққан әлдеқайда тиімді. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, сауын сиырға жем-шөбін уақтылы беріп, қарайтын болсаңыз тиісінше, сүтті де көп аласыз. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыған шет мемлекеттерде дәл осындай тәжірибе бар. Қай шаруаның да тиімді және пайдалы жағына ұмтылуымыз керек. Сонда ғана сапалы мол өнімге қол жеткіземіз.
Өте өзекті болып отырған жайылым мәселесі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да жан-жақты зерделеніп жатқанынан хабардармыз. Таяу болашақта бұл мәселенің де оң шешімін табатынына сенгіміз келеді,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Қорыта айтқанда, облыс әкімінің өкімімен бекітілген жұмыс алгоритмі негізінде ауылдарда өткізіліп отырған кездесулер тұрғындарды алаңдатып отырған бірқатар түйінді проблемалардың шешімін табуға септігін тигізіп келеді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close